Жас ақын Балтабек Нұрғалиев Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаеваға арнап өлең жазды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бүгін Сара Алпысқызының туған күні. Осыған орай ақын жырдан шашу шашып, фейсбук парақшасына жариялаған.
Бүгінгі туған күн иесі ардақты Назарбаева Сара Алпысқызы Апатайыма арнадым!!!
Керемет пайымыңыз – дара пайым,
Керемет пайымыңыз – дана пайым.
Туған күн құтты болсын деймін Сізге,
Анасы бар қазақтың – Сара Апайым!
Басқарып берекелі «Бөбек Қорын»,
Создыңыз көп жетімге көмек қолын.
Панасыз балаларға пана болып,
Қамқорлап, қолдадыңыз, демеп көбін.
Айтамын Атыңызды айбын қылып,
Дедіңіз: «Адамшылық – бай құндылық».
Ұрпаққа сіңірдіңіз ұлағатты,
Бар елге жасадыңыз қайырымдылық!
Бердіңіз болашаққа тәлім мәнді,
Апатай, әуелейді әнің мәңгі.
Заң бабы жетімдерді қорғау жайлы,
Бір Сіздің арқаңызда қабылданды.
Ата-Ана алақанын армандап кең,
Зар-мұңын жеткізе алмас жалғанға, әттең.
Жетімдер – тең екен ғой – ұққан жанға –
Қараусыз, қамқорлықсыз қалған бақпен.
Қалмады Ана деген арман болып,
Қуанды көп жетімдер, алдан көріп.
Нұр шашып мейірімнен сіз келдіңіз,
Баптаусыз қалған баққа бағбан болып!!!
Жетімдер – Жаратқанның тылсым бағы,
Ғажайып – талшыбықтай құлшынғаны.
Айналмай тасжүрекке, тасбауырға,
Барлығы мейірімнен сусындады.
Айтуға борыштымыз айғақты біз,
Бақшадай балаларды жайнаттыңыз.
Барлығын гүлдендіріп мейіріммен,
Бақыттың бұлбұл құсын сайраттыңыз.
Тәңірдің тылсым бағы – тастандылар,
Дейді ғой: «Қатты болар тастан бұлар».
Жердегі жетімдермен бірге жылар,
Жылатып періштелер аспанды бар.
Апатай, жүзіңізде – иманыңыз,
Көбіне кемел өмір сыйладыңыз.
Жазылсын сауап болып мәңгілікке,
Көз жасын жетімдердің тыйғаныңыз.
Өскені, өркен жайып, арман-шыбық,
Еңбектің жанданғаны алдан шығып.
Мен білсем, Ана болу деген ұғым –
Киелі, қасиетті бағбаншылық!
Қайда да ізгіліктен іздеп үнді,
Дедіңіз: «Үміт дейтін үзбе гүлді!».
Бар қазақ бақ қарайтын бағбандықта,
Алса ғой әрқашанда Сізден үлгі!
Болмайды ешкімнің де бір таласы,
Шынайы шабытымның шырқамасы.
Ардақты, асыл тұлға – Сара апайым
Өзіңіз - ел анасы, ұлт анасы.
Жүректен тілеп жүрсіз ел есенін,
Жүректен тілеп жүрсіз жер есенін.
«Өзіңді өзің таны» дедіңіз ғой,
Ұрпақтың ойлаған соң келешегін!
Бақыттың бау-бақшасы бүрлеу үшін,
Шаттықтың жемістері гүлдеу үшін.
Салдыңыз «Үміт үйлер» жетімдерге,
Үмітке болашақты үндеу үшін.
Қалғанда жарымжандар талып-сынып,
Тартқанда бау-бақшалар ғаріпшілік.
Барлығын нұрлы сөзбен жұбаттыңыз,
Түнекті жарық күндей жарып шығып!
Жаратқан жанды бұлай кең ете ме?
Баршаны бастадыңыз берекеге.
Пейліңіз – пейліндей ғой періштенің,
Өмірді бөледіңіз мерекеге.
Ой ойлап «Бір Жаратқан қолдасын!» деп,
Ой ойлап «Тек Жақсылық орнасын!» деп.
Сенесіз келешекке – керім күнге,
Келесіз «Үміт гүлі солмасын!» деп.
Назарын күллі ғалам түрсін деймін,
Бақшалар бал-бұл жайнап, күлсін деймін.
Әлемді анасындай әлдилеген,
Мейірім падишасын білсін деймін!
Ұғынып Әлжан Әже өсиетін,
Ұғынып Әбіш Баба өсиетін.
Келін боп, көргенділік көрсеттіңіз,
Сіңіріп Тектіліктің қасиетін!!!
Болмады Жаратқанның бағы мұңды,
Болмады Болашақтың таңы мұңды.
Тектілік таныттыңыз сіз де лайым,
Алған соң тектілердің тағылымды.
Болдыңыз мейірімді бұлақ тұнық,
Қайырым, қамқорлықты қуат қылып.
Шыбықтай тербетілген жетімдердің,
Басынан сипадыңыз, жылап тұрып.
Бастарын мейірімге иді қазақ,
Астарын бау-бақшаның түйді қазақ.
Жобалар – «Бөбек Қоры», «Үміт Үйі»,
Шуағын жүрегіме құйды ғажап!
Мейірім – Алла берген ғаламатым,
Болдыңыз мейірімді балаға тым.
Құрметтеп Әбіш Баба өнегесін,
Құрметтеп Әлжан Әже аманатын!
Жөн болмас, біле тұра, үндемеуім,
Жөн болмас, көре тұра, үндемеуім.
Куә боп, көрді барша қазақ халқы,
Бүр жарып, талай бақтың гүлдегенін.
Апатай, сіздің сауап – Сара сауап,
Бүгінде еңбегіңіз – тамаша бақ.
Түзу қып өсірдіңіз көп жетімді,
Жолынан қисықтықтың арашалап!
Жаралы өскіндерді түлеттіңіз,
Тас емес, барлығын да гүл еттіңіз.
Сауабы жұлдыздан көп Сара апайым,
Өзіңіз – гүлдей көркем жүректіміз!
Бір Сізге бар жақсыны тілек етем,
Бақшалар жайқалып тұр, міне, бекем.
Тасты да жарып шығар мейіріммен,
Гүл жүрек гүлдің сырын біледі екен.
Керемет пайымыңыз – дара пайым,
Керемет пайымыңыз – дана пайым.
Туған күн құтты болсын деймін Сізге,
Анасы бар қазақтың – Сара Апайым!
Балтабек Нұрғалиев бұған дейін «Үрімі үзбесінші үстемдігін», (Назарбаевтар әулетіне арнау), «Әніндей Әбік әке әділеттің», «Немересі әженің Әлжандайын», «Дана қызы қазақтың-Дариғасы» атты туындыларын жариялаған. Сонымен қатар, ол Қазақстан монархиялық басқару формасына көшу керек деген ұстанымымен әлеуметтік желіде танылған.
Пікір қалдыру