«Қазақ хандығына - 550 жыл» шығармашылық бәйгесіне
Қыдырдың қамшысы өткелі ызғары қайтпаған көктем Құралайдың салқынына ұласты. Мамырда қар аралас жаңбыр жауды. Терісінен соққан жел сай-саланы тіміскілеп өтіп жатыр. Аспан аласарып кеткендей... Алтай тауларына шөккен бұлттар сейілмей, қонақтап айлап жатып алды. Көктем келісімен дүр ететін Алтайдың орман-тоғайының да сәні кіре алмай тұр. Қанас көліне құстар кеш келді. Қар қалың болғандықтан ба, Буыршын өзені буырқанып арнасына сыймай жатыр. Алағай да бұлағай дүние деген осы...
*** ...Қашып келеді. Бүгін үшінші күн. Екі күн, екі түн қашты. Артынан қуған із кесушілерді адастырмақ боп сайға да, ойға да түсті, тау асты, орман кезді, істемеген айласы жоқ. Әккі немелер екен, адасатын түрлері байқалмайды. Мұздай қаруланған үш қуғыншы қарусыз, өмір онсыз да әбден мүжіп, қажап біткен бір кейуананы нысанаға алғанына, міне, үшінші күн. Қарт қалжырады. «Неден басталды өзі?». Қашып келе жатқан жауырыншы Жәміш өзімен-өзі күбірлесіп сөйлесіп кетті. Жәміш бес ұлдың ішіндегі Темір бидің жалғыз қызы. Ерке өсті. Ерке өстім деп шолжаңдамады, қылжаңдамады. Табиғаты бөлек еді. Он жасында мұсылманша тіл сындырып, қара таныды. Он үш жасында жауырынға қарап бал ашты. Жауырынмен сөйлеуді бұл әжесінен үйренді. Әжесі Зейнеп аты шыққан жауырыншы болатын. Бірақ, ол кісі сирек сөйлейтін, сирек сөйлесе де көзбен көргендей, қолмен ұстағандай нақты айтушы еді, жарықтық! Тұқым қуалады ма, әлде Жаратқанның сыйы ма, мүшелінде ақ таяқты, ақ киімді Қыдыр ата аян беріп, содан бері «Жауырыншы Жәміш» атанды. Он бесінде көркімен де, ісімен де, мінезімен де аты шықты. Содан бері ширек ғасырдан асыпты, бірде–бір рет айтқан сөзі желге ұшқан емес, үнемі нысанаға дөп тиіп отырды. Бірде қызық болды. Мұны іздеп бірнеше орыс, қытай, дүңген, ұйғыр, бірнеше ұлттың адамдары келіпті. Қастарында тілмаштары бар. Әлгілер шетінен әскери киімді, солдаттар болса керек. «Жаңа өкіметтің адамдары», - деген тілмәш. Түстері суық, жүрістері суыт. «Ел, бәлшебніктер, қызылдар» дескен. Қош!.. Сонымен не керек, жауырынға қарап бал ашуды өтінді, өтінген жоқ, бұйырды! Тәкаппар көріпкел бұларды жаратпай қалса да, жауырынын қолына алған. Сөйтіп, қараған. Қараған да ондағы қантөгіс пен әділетсіздіктен шошып басы айналған. Өңі қашып кеткен жауырыншыдан келушілер сескеніп қалған. Есін тез жинаған мұртты сары «Не көріпті, айтсын!», - деген тілмашқа. «Жауырынға не түсті, айтыңыз», - деген дызылдаған тілмаш. Жауырыншы қысқа қайырған: - Бұл жолда жазықсыз қан көп төгіледі; - Адамдар Аллаға емес, адамға табынады; - Көсемдерің жиі ауысады, - деп мұртты сарыға қараған тесіліп. Кейуананың өткір көзінен ол көзін ала қашқанда, сөзге шіңкілдеген қытай араласқан. - Біз туралы, ұлы жуңго мемлекеті жайлы не дейсіз? - Сенің көсемің ұзақ жасайды, елің үрейлі, халқың кедей, құмырсқадай көп боласыңдар. ... Есін жиған мұртты сұрақ қойған: - Біз құрған мемлекет мәңгілік болады, әлемді біз билейміз, жауырынға бұл туралы түсе ме? - Әлемге дүрбелең саласыңдар, бірақ мемлекеттерің жарты ғасырдан кейін күйрейді, - деген жауырыншы. Мұрттының түсі бұзылып, теріс айналып кеткен... Осы кезде сөзге дызылдақ тілмаш қазақ араласқан. - Біздің қазақ елі жайлы да айтсаңыз, мен бұларға айтпай-ақ қоям. Жауырынға көз салған жауырыншының жүзі жылып сала берді... - Е, балам, торғайдай тоз-тозымыз шығып тұр... Бірақ, артында қайыр бар! Шығыстан шұғыла шашқан күннің нұр шапағын көріп тұрмын. Болашақта күллі қазақтың басы қосылып, дербес ел болады. Керей мен Жәнібек құрған елдің шаңырағын ұрпақтары әлемге танытады. Елі мен жерінің қасиетін білетін шекесі торсықтай ұл туады. Қазаққа күн туады. «Әумин!» деп бетін сыйпаған. Жолаушылар суыт аттанып кеткен. Ертеңінде жылқышылар тілмаштың өлі денесін тауып алыпты. Содан бері 5жыл өтті. Қаншама азамат оққа ұшты, жер аударылды. Елдің торғай-тозы шықты. *** Жауырыншының көрмеген азабы, шекпеген бейнеті жоқ. Дұшпанның әділетсіздігінде шек болсайшы? Жаны мұрнының ұшында келе жатса да, саналы пенде ойдан қашып құтылған ба? Кейуана да өткен өмірін ойлаудан бір сәт арылған емес. Ойсоқтылық та қалжыратты. Ұйқы да қысты. Асқазан төмен тартады. Үш арсыздың екеуі жан алқымынан ап, мазаны әбден кетірді. Жауырынға қарап еді, қуғыншылар әлі алыс екен. Сенері де, серігі де осы жауырын. Бұл болмағанда, баяғыда-ақ өлікке айналар еді. Мына сайдың бірінде ит-құсқа жем болар еді. «Серігім сенер, жауырын, Тағдырдың көрдім ауырын. Тұрымтай тиген торғайдай, Тоз-тозы шықты ауылым. Қайта айналып көрем бе, Ағайын-туыс бауырым?..». Ойына өлең оралды. Жанары жасқа толды. Көкейіне шер байланды. Аңыратып көріс айтқысы келді. Шешіліп, шерін төккісі келді. - Әттең!.. Айқай түгілі, үн шығаратын уақыт емес. Қайратты болғаны жөн. Шапанының қойнына қол салып еді, екі малта құрт қапты. Біреуін ұртына сап, қуғыншылар жақындағанша мызғып алмаққа сайдың ішіндегі қойтастың түбіндегі үңгірге жантая кетті. "Ұйқың келсе, қара тас мамық болар", кимешектен шыққан аппақ бурыл селеу-селеу шашын жинауға да мұршасы келмей қойтасқа басын сүйеген қалпы көзі ілініп кетті... ...Он екі қанат салтанатты ақ орда екен дейді. Әкесі Темір төрде отыр. Жан-жағын елдің игі жақсылары қоршап апты. Анасы Торғын күміс ыдыстағы сары қымызды дамылсыз қайта-қайта сапырады. Үй тола жан демдерін ішіне тартып күй тыңдап отыр. Шерлі, мұңды, сазды сыбызғы үні жан –дүниеңнің астаң-кестеңін шығарады. Басқа әлемнің, ұлы өнер әлемінің тылсымына кіріп кеткен күйші жігіт Дәулет көзін жұмып апты. Қуыс ағаштағы төрт тесікті жігіттің епті қолы жаңылыссыз дөп басып жатыр. «Ертіс толқыны», «Бұқтырма» күйлерін төгілткен сыбызғышы «Әттең, сары бел» күйіне кеп бір-ақ тоқтады. Күй бітісімен тыңдаушылар тұғырдағы бүркіттей дүр сілкінді. Күйшіге ұрланып қарап еді, келбетті екен. Жүрегі дір етіп, өн бойын бір ыстық леп шарпып өтті. Сезіп қалды ма деген қыз екі бетін басып төмен қарады. Тыныштықты әкесі Темір би бұзды. – Кешегі текті, нар, балуан, би, батыр Жылқышы Ақтайұлы бабамның рухы қолдасын сені, балам! Алатаудай аты өлмес, өнеріне алаңдаушы едік, міне, сен бізге қаз-қалпында жеткізіп отырсың, жамандық көрме, балам, жағың түспей! Мақтау естіген жігіт қызарып кетті, ұрланып қызға қарады да «Рахмет, би аға!» деді. Қалжырап қатты ұйқыға кеткен жауырыншы кемпір шым-шытырық түс көрумен болды... Бұл ақ көйлегін киіп, гүл теріп жүр екен. Күркіреген өзен, ұлар-шу құстың қиқуы. Қызыл-жасыл гүлдердің арасынан қу жауырын тауып алыпты. Жауырынға қарап еді, сыбызғышыны көрді. О, ғажап! Бұл қайдан жүр? Баяғыда орыс-қытай шекарасында оққа ұшпап па еді? Бұларды тастап кеткен. Не көрмеді содан кейін мына ел? Өзеннің арғы бетінде сыбызғышы күйеуі қол бұлғайды. Бұл солай қарай жан ұшырып жүгірді. Келді де, асау өзенге қойып кетті. Асау өзен дес берер емес. Дәулетіне қанша қолын созса да жете алмады. Тұншығып барады. "Өлдім...". *** Жауырыншы селк етіп оянды. Қара тер боп терлеп, көзінен аққан жас омырауын жуып кетіпті. Әжім-әжім қолын дереу қойнына салып, жауырынын іздеді. Тапты. Тапты да, қарады. Қуғыншы екі солдат мұны атқалы жатыр екен. Қап!.. Мылтық тарс етті. Жауырыншы өмірінің соңында көрген ең тәтті түсін қимай жатты... Ел аузында «Жауырынға қарап жатқанда-ай, қақ маңдайдан атқаны-ай!..» деген тәмсіл қалды. *** ...Жауырыншының жорамалы дәл келді...
Өмірбаян
Ербол БЕЙІЛХАН – ақын, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі.
МХР-дың Бай-Өлке аймағының Үш Ойғыр елді мекенінде туған. 1993-1998 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің филология факультетін, 2002-2004 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті саласы бойынша магистрлік акедемиялық дәрежесі оқуын бітірген. «Алтын Қазына» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Altyalash.kz порталының атқарушы директоры. «Жас толқын» (2004 ж.), «Бай бесік тұмалары», «Астана-жыршуағым», «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Баян-Өлгейден балғын жыр»(2008 ж.), «Азаттық таңындағы азат жыр»(2012 ж.), «Тілтолғау» (2013 ж.) жыр жинақтары мен республикалық көптеген газет-журналдар мен сайттарда өлеңдері жарық көріп келеді. «Әжімсіз жүрек…», «Маралоты», «Мәжнүнтал» жыр жинақтарының «Біз екеуміз» атты өлеңдер аудио дискінің авторы.