Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Сұлтанәлі аға, қазір Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілу туралы» заң жобасы талқылануда. Бұл заңда шетелдегі ағайындардың, яғни оралмандардың атажұртқа қоныс аудару мәселесі де қаралатыны анық. Қазір бұл жөнінде біраз күрделі жағдайлардың қалыптасып отырғаны баршаға мәлім. Сіз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет істейтіндіктен, бұл мәселелер жөнінен жақсы хабардарсыз деп ойлаймын. Осыған орай, жаңа заңнан не күтесіз және оның бұрынғы көші-қон туралы заңнан қандай айырмашылығы, артықшылығы болуы керек деп есептейсіз?
– Мен қазіргі қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңның да, бұл салаға қатысты оған дейінгі заңның да жобасын дайындаған жұмыс тобының ішінде болдым. Соған орай, қазіргі заңды әлсіз деп айта алмаймын. Бірақ мәселе тек заңда ғана емес, сонымен бірге оның атқарылуында жатыр. Осыған байланысты болашақта көші-қон жұмыстары көңілден шықсын десек, біріншіден, бұл жаңа заңды алдын ала жан-жақты талдап, барлық ұсыныстарды ескеріп, сапалы етіп қабылдауымыз керек. Екіншіден, қабылданғаннан кейін, бұл заңның әр бабы, әр тармағындағы айтылған мәселелерді жүзеге асырудың нақты тетіктері, оларды атқарудың өзіндік ережелері дайындалуы тиіс. Бізде, міне, осы жағы жетіспейді. Яғни заңды жан-жақтан жабылып, у-шу етіп айтысып-тартысып жүріп қабылдаймыз. Ал бірақ содан кейін қабылданған заңның қалай, қайтіп орындалып жатқанын қадағалап, бақылауды ұмытып кетеміз. Көші-қонға қатысты жаңа заң да осындай жағдайға ұшырамаса екен деймін.
– Ал мұндай жағдайды болдырмау үшін не істеу керек?
– Бұл үшін ең алдымен оралмандар көшінің маңызын дұрыс түсіну керек. Этникалық көші-қон туралы қазіргі әңгімелерге қарап отырсаңыз, оралмандар көші ең алдымен сол оралмандарға ғана керек сияқты. Яғни оралмандар біреуден бірдеңе сұрау үшін, мемлекетке салмақ салып, Үкіметтің қаржысын шығындату үшін келетіндей көреміз. Шындап келгенде, мүлдем керісінше. Оралмандар көші ең алдымен Қазақстан үшін, Қазақстан Республикасының бұдан да өсіп, өркендеп, алға басуы үшін қажет.
– Мәселе ойдағыдай шешілуі үшін не қажет деп ойлайсыз. Әлде бұған арнайы қаржы бөлу керек пе екен?
– Жоқ, мәселе қаржыда емес. Басты мәселе – Үкіметтің оралмандарға деген ұстанымында, көзқарасында. Яғни Үкіметте «шетелдегі қазақтарды Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына қайтіп қатыстырамыз, қалай тиімді пайдаланамыз» деген ең болмаса бес-алты беттен тұратын айқын бағдар-тұжырымдама болуға тиіс. Әзірше ондай ештеңе байқалмайды. Керісінше, бұған мүлдем керағар пікірлер айтылады. Мысалы, оралмандар міндетті түрде жоғары білімді маман болу керек деген мәселе көтеріліп жүр. Мұның қайдан шыққан әңгіме екені маған түсініксіз. Өйткені жоғары білімді мамандар бізде жетіп-артылады. Мысалы, жыл сайын Қазақстандағы қаптаған университеттерді сан мыңдаған жастар бітіріп шығады. Міне, осылардың кем дегенде жартысы өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмайды. Себебі жоғары білімді дипломы бар мамандар өте көп, ал ондай мамандарды қажет ететін жұмыс орындары әлдеқайда аз. Жалпы, Қазақстан Республикасы әр он мың адамға есептегенде жоғары білім алатындардың саны жөнінен Жапония, АҚШ сияқты ең дамыған елдердің өзін артқа тастап, әлемдегі ең алдыңғы қатарға шыққан. Яғни бізде жұрттың бәрі жүз пайыз жоғары білім алу керек деген ұғым-түсінік халықтың миына әбден сіңген. Ал оған керісінше, жастарға арнаулы орта білім беріп, белгілі бір кәсіпке бейімдеу барынша кенже қалған. Соның салдарынан Қазақстанда егін егетін, мал өсіретін, құрылыс салатын, түрлі жөндеу жұмыстарымен айналысатын, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін мамандар өте тапшы. Осыған орай, қазір Қазақстанда адам таңғаларлық жағдай қалыптасып отыр. Мысалы, қай жерге, қай ауылға барсаңыз да, жұрттың бәрі «жұмыс жоқ, бос жүрміз» деп сары уайымға салынған әңгіме айтады. Ал бірақ көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан жыл сайын сан мыңдаған «гастарбайтер мигранттар» Қазақстанға келіп, жұмыс істеп, айтарлықтай табыс табады. Мұның себебі неде? Себебі – халқымыздың орта кәсіпті игеруге мән бермей отырғанында. Бізде қарапайым үй салатын дұрыс маман табудың өзі қиын. Тіпті кейбір ауылдарда қазақтар өз малын өзі бақпай, шеттен келгендерге бақтырып, той тойлап, сайран салып жүреді. Міне, осы тұрғыдан келгенде, шетелдегі ағайындарымыздың басым көпшілігі ауыл шаруашылығынан бастап шағын және орта кәсіпкерліктің кез келген саласында жақсы жұмыс істей алады. Бұған Қазақстанға келіп орналасып, тіршілік етіп жатқан оралмандардың еңбегі айқын дәлел. Соған орай, оралмандар туралы сөз болғанда ең алдымен олардың осы пайдалы жағын ерекше ескергеніміз жөн. Көші-қон және жұмыспен қамтуға қатысты заң жобасын талқылап, қабылдағанда да осыған айрықша назар аудару керек.
– Соңғы уақытта оралмандар көшіне кедергі жасап отырған Қазақстан аумағында тұрақты тіркелу, бұрынғы тұрған еліңнің азаматтығынан шығып келу және сотталмағаның туралы анықтама әкелу мәселелері екендігі жиі айтылып жүр. Бұл ретте Үкіметтің 2014 жылғы №111 қаулысы бірінші кезекте сөз болады. Бұл қаулы шетелдерден, әсіресе, Қытайдан келетін қазаққа үлкен бөгет болуда деген мәселе жиі көтерілуде. Жаңа заңда бұл мәселе ескеріле ме? Осы жөнінде не айтасыз?
– Мұндай әңгіменің соңғы уақытта барынша көбейіп тұрғаны рас. Бұл жөнінде ақпарат құралдарында жарияланып жүрген Қытайдан келген ағайындардың арыз-шағымдарынан да хабарым бар. Соған орай, қазіргі қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңның ең соңғы өзгерістер енгізілген нұсқасын мұқият қарап шықтым. Әлгі айтылған №111 қаулымен де таныстым. Сондай-ақ осы мәселеге тікелей қатысы бар ҚР Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің мамандарымен сөйлестім. Қытайдан келетін ағайындардың құжаттарын реттейтін Үрімші қаласындағы Қазақстанның төлқұжат-визалық мекемесіне хабарласып, бұл жағдайдың мән-жайын түсіндіруді өтіндім. Міне, осындай «зерттеулерден» кейін оралмандардың, оның ішінде Қытайдағы ағайындардың Қазақстанға келуіне кедергі жасайтын жағдай әлгі өзің айтқан мәселелер екендігіне кәдімгідей күмәндана бастадым. Яғни бұл соншалықты күрделі мәселе емес көрінеді.
– Неге күрделі мәселе емес, жіліктеп түсіндіріп берсеңіз жақсы болар еді.
– Қазіргі таңда Қазақстанға келіп оралман мәртебесін алып, тұрақты тұрудың екі жолы бар. Біріншісі – Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне, яғни елшіліктер мен консулдықтарымызға Қазақстанға тұрақты тұруға көшу туралы өтініш беріп, тиісті құжаттар өткізу. Соған орай, Қазақстанға баруға ресми рұқсат алып, атажұртқа содан кейін келу. Бұл мәселе ең әрі кеткенде үш-төрт айда шешіледі. Мұндай жағдайда Қазақстанға келгеннен кейін оралман мәртебесін алуда, тұрақты тіркелуде ешқандай қиындық болмайды; келушіден сотталмағаны туралы, азаматтықтан шыққаны туралы сияқты анықтамаларды ешкім де сұрамайды.
Ал оралман мәртебесін алудың екінші жолы – әуелі Қазақстанға келіп, тұрақты тұруға содан кейін құжат жинап өткізу. Қиындық көбіне, міне, осы екінші жағдайда туындайды. Яғни Қазақстанға келіп алғаннан кейін бір құжат жетпейтін болса, шетелге қайта баруға немесе ол елдердің Қазақстандағы тиісті мекемелерінің есігін жағалауға тура келеді. Шетелдерден, оның ішінде, әсіресе, Қытайдан келетін келетін ағайындардың қиындықтары көбіне, міне, осы жағдайдан туындайды. Соған орай, Қытайдан ағайындар оралман мәртебесін алуды сол жақтан шешіп келсе дұрыс болар еді.
– Ендеше, ағайындар неге шынында солай жасамайды?
– Мұның өзіндік себептері бар. Бірақ оны түсіндірмес бұрын, жалпы көші-қон туралы бір-екі ауыз түсіндіру айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда шетелден, оның ішінде Қытайдан да, Қазақстанға көшіп келудің бізде бес түрі бар. Олар: – тарихи отанына оралу мақсатында көшіп келу; отбасын біріктіру мақсатында көшіп келу; білім алу мақсатында көшіп келу; еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында көшіп келу; гуманитарлық және саяси уәждемелер бойынша көшіп келу. Бұлардың әрқайсысының көшіп келуге жататын өзіндік визалары бар. Мысалы, тарихи отанына оралу мақсатында көшіп келетіндерге латынша «J» жазуымен таңбаланатын көшіп келу санатындағы виза беріледі. Ал отбасын біріктіруге арналған виза латынша «К» деген таңбамен белгіленеді. Білім алуға арналған виза «L» белгісімен көрсетіледі. Осы визалардың алғашқы екеуімен келгендер Қазақстанда бірден тұрақты қала алады. Олардан ешқандай қосымша құжат талап етілмейді. Бұл ретте, шетелден жаңа келген этникалық қазақтар тұрақты тіркелгеннен кейін азаматтық алып үлгермесе де, кейін де қалған отбасы мүшелерін «отбасын біріктіру мақсатындағы» көші-қон визасымен Қазақстанға шақыртып ала алады. Сондай-ақ білім алу мақсатындағы көшіп келуде де ұлты қазақ азаматтарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бұл мәселе «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 33 бабының 2 тармағында «Қазақстанға оқуға келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан азаматтығын қабылдау туралы арыз беруге құқылы» деп жазылған.
– Заңда тайға таңба басқандай жазылып қойылған болса, шетелдегі ағайындардың әлгіндей әуре-сарсаңы, азаматтық ала алмай жүргендердің дауы қайдан шығып отыр?
–Жоғарыда көшіп келу визалары туралы әңгіме қозғадық. Ал сонымен бірге көші-қонға жатпайтын визалардың да бар екенін айта кеткен жөн. Көшіп келуге жатпайтын мұндай визалар «Дипломатиялық виза», «Қызметтік виза», «Іскерлік виза» «Миссионерлік виза», «Туристік виза» және «Жеке сапар визасы» деп аталады. Қытайдағы ағайындардың көбі Қазақстанға осылардың арасындағы «G» деген латын әрпімен таңбаланатын «Жеке сапар визасымен» келеді. Бірақ бұл «Жеке сапар визасы» көшіп келуге жатпайтын виза болғандықтан, оны алған адам Қазақстанда оралман болып қала алмайды. «Азаматтықтан немесе тұрақты тіркеуден шығып кел, сотталмағаның туралы анықтама әкел» деген қиындықтар осыдан туындайды.
– Ешқандай қиындық тудырмайтын көшіп келу визасы тұрғанда, көші-қонға жатпайтын «Жеке сапар» визасын неге алады?
– Мұның себебі мынада. Шамамен 2000 жылдарға дейін Қытайдағы қазақтар Қазақстанға қандай жағдаймен келсе де алдын ала міндетті түрде жеке кісіден, не заңды тұлғадан арнайы шақырту алдыратын. Бұған бірнеше апта уақыт кететін және белгілі мөлшерде төлемақы төленетін. Ал кейін Қазақстан Үкіметі Қытайдағы қазақтардың атажұртқа келуін барынша жеңілдету үшін ешқандай шақырту сұрамай, қосымша құжат талап етпей, бірден «Жеке сапар» визасын төлемақысыз тегін беру мәселесін шешті. Ол ұлты қазақ азаматтарға бір жылға дейін көп мәртелік болып беріледі. Бұл виза ағайындардың Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, жер, ел көріп, болашақта көшіп келіп жатсам осы жерге қоныстансам болады дегенді алдын ала білулері үшін өте тиімді. Ал бірақ бұл виза, жоғарыда айтқанымыздай, көшіп келу визасына жатпайды, сондықтан мұндай визамен келген ағайынға «оралман» мәртебесі берілмейді, оралман мәртебесі жоқ болғаннан кейін азаматтыққа құжат өткізе алмайды. Және ол кісі визасының бір жылдық мерзімі толық бітпей тұрып өз еліне қайтуы керек. Ал бұл мерзім бітіп кетсе, оның иесі сот арқылы шешім шығарылып, айыбын төлеп, шығып кету визасымен еліне қайтарылады. Қытайдан келген кейбір ағайындардың «Мені Қазақстаннан қуып жатыр» деген әңгімесі, міне, осыдан туындайды.
– Жарайды, білместікпен бір адам жеке визамен елге келіп алды дейік. Атамекенін аңсап келген адамды қайта қуып жібермейтініміз анық. Мұны шешудің оңтайлы жолдары жоқ па?
– Меніңше, жеке визамен келген адамның елімізде қалуын екі жолмен шешуге болады. Бірінші жол – жеке визамен келген адамға «азаматтықтан шығып кел», «сотталмағаның жайлы қағаз әкел» демей, төрт-бес жылға ықтиярхат беріп елде қалдыру. Сосын төрт-бес жылда ол қалған құжаттарын реттеп алар еді. Мысалы, бұрын бізде шетелден келген қазақтарға «Қазақ диаспорасының өкілі» деген куәлік берілетін. Ағайындар осы куәлікпен Қазақстанда еркін жүріп-тұра алатын. Қазірде де осындай жеңілдік жасауды қарастырған жөн. Екінші жол – ағайындардың әуелі Қазақстанға жеке визамен келіп, болашақта орналасатынын жерін көріп, танысып, сосын қайта кетіп, көшіп келу визасымен келуіне мүмкіндік жасау. Бұл пікірді Қазақстанның Үрімші қаласындағы төлқұжат-визалық мекемесінің қызметкерлері де қостайды. Олардың айтуынша, ағайындардың әуелі тұрақты қоныс аударуға қажетті құжаттарды жинап өткізіп, сосын Қазақстанға жеке визамен барып, орналасатын жерін анықтап, бейімделіп, сосын үш-төрт айдан кейін бір айналып келіп, дайын болған көші-қон визасын алуларына болады.
– Олай болса, «азаматтықтан шығып кел» деген талап қою да ешқандай қисынға келмейді емес пе?
– Бұл мәселе Қазақстан Үкіметінің жоғарыда айтылған 2014 жылғы 19 қаңтардағы «Қазақстан азаматтығын қабылдау мен шығуды тіркеу туралы» № 111 қаулысынан туындап отыр. Бұл Қаулыда азаматтық алу үшін тапсырылатын құжаттардың қатарында «Басқа мемлекеттің құзырлы органы берген азаматтығының жоқтығы немесе бұрынғы азаматтығының тоқтатылғаны туралы» анықтама керек екендігі атап көрсетілген. Міне, осы бап бойынша Қазақстаннан азаматтығына құжат өткізу үшін міндетті түрде басқа елдің азаматтығы болмауы керек екендігі даусыз. Ал бірақ Қаулының тура осы бабынан кейін «Қазақстан Республикасына тарихи отаны ретінде тұрақты оралған адамдар оралман куәлігі және бұрынғы азаматтығынан бас тарту туралы арыз береді» деген талап та нақты жазылған. Яғни оралман куәлігі бар адам өзге елдің азаматы болса да, егер одан бас тартамын деп арыз жазса, Қазақстан азаматтығын қабылдауға толық құқылы. Міне, сондықтан қолында оралман куәлігі бар қазаққа басқа елдің азаматтығынан шығып кел деп талап қою ешқандай қисынға келмейді.
– Ал сотталмағаны туралы қағаздың қандай қажеті бар?
– Сотталмағаны туралы қағаз әкел деп ешкім де айтпайды. Өйткені заң бойынша бір адам сотталса, содан кейін түрмеден шықса, азаматтық құқығы қайтадан қалпына келеді. Соған орай, бұрын сотталған адамды азаматтыққа қабылдамау керек деген сөз жоқ. Бұл жердегі мәселе – шетелдік азаматтың соттылығында, яғни қазіргі кезде ісі сотта қаралып жатқаны немесе тергеуде жүргені туралы. Мұндай анықтаманың дұрыс атауы «соттылығы» деп айтылады. Соттылығы бар адамды жалғыз Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елінде де азаматтыққа қабылдамайды. Сондықтан мұндай анықтама талап етпеу керек дегенді ешкім де айта алмаса керек.
Және кез келген елде мұндай анықтама алу сонша қиын да емес. Бұл жерде көбіне мәселе ағайындардың әуелі Қазақстанға келіп, соттылығы туралы анықтаманы содан кейін іздейтінінен туындайды. Тіркеуден шығып келу мәселесі де осыған ұқсас. Оралмандардың мұндай анықтамаларды Қазақстанға келмес бұрын, өздері тұрған жерінде дайындап алғандары жөн. Қазақстанға қоныс аудару мәселесін шетелдегі Қазақстан елшіліктері арқылы шешкен тиімді деуіміздің басты себебі міне, осында.
– Шетелдегі қазақтарды республиканың жеті облысына көшіріп әкелу керек деген мәселе күн тәртібінде тұр. Алайда бұл көштің де нақты механизмі жасалмаған сияқты.
– Бұған жауап беру үшін ең алдымен әлгі жеті облыс деген мәселенің қайдан шыққанын түсіндіре кетейік. Этникалық көшпен айналысатын өркениетті елдердің бәрі репатрианттарды, біздіңше айтқанда, оралмандарды орналастыруды ең алдымен өздерінің мүддесі мен қажеттілігіне сәйкес реттейді. Көшіп келетіндер қай өңірлерге жақсы орналасып, тез бейімделеді, олардың келуіне қай жерлер ерекше мұқтаж – репатрианттарды қабылдау осының негізінде жүзеге асырылады. Біздегідей кез келген адамның шегарадан өте салып, өздері қалаған облыстарға барып, «біз оралман едік, міне, келіп қалдық, енді не істейсіңдер?» деген әңгіме болмайды. Керісінше, бәрі де келетінін алдын ала хабарлап, соған орай, Үкімет белгілеген жерге барады. Бұл тәжірибе қазір бізде де қолға алынуда. Қазақстан Үкіметі оралмандарды орналастыруға ыңғайлы халқы аз, жері кең өңірлерді айқындаған болатын. Бұған Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай сияқты теріскейдігі жеті облыс кірген еді. Мұндай облыстарға орналасқан оралмандарға түрлі әлеуметтік қолдаулар жасалынады. Баспана, жер беру, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері шешіледі. Осыған орай, әр өңірдің жыл сайын қанша оралман отбасын қабылдайтыны жөнінде арнайы квота бекітіледі. Бірақ жаңа заң қабылдағаннан кейін бұл жөнінде біраз өзгерістер болуы мүмкін. Әр облыстардың сұраныстарына орай, жыл сайын этникалық қазақтарды қоныстандыратын өңірлерді айқындау мен оған бөлінетін квотаның мөлшері де өзгеріп тұруы әбден ықтимал. Жаңа заң қабылдағаннан кейін бұл жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданады деп күтілуде.
– Сонда көші-қон квотасы бекітілмеген облыстар оралмандарды қабылдамай ма?
– Әрине, қабылдайды. Бірақ ондай облыстарға баратын ағайындарға квота бойынша ешқандай әлеуметтік көмек берілмейді, олар тек оралман мәртебесін ғана алады. Соған орай, тұрақты тұруға рұқсат ететін ықтиярхатқа қол жеткізіп, бұдан кейін азаматтыққа құжат өткізеді. Ал басқа жағдайда өз күндерін өздері көріп, Қазақстанның өзге азаматтарымен тең құқықта тіршілік етеді.
– Осыған байланысты және бір сұрақ туындайды. Кейінгі кезде Астана мен Алматы қалалары оралмандарды мүлдем қабылдамайды екен дейтін сөз шығып жүр. Осы жөнінде не айтасыз?
– Иә, бұл әзірше рас әңгіме. Бірақ бұл кейбіреулер айтып жүргендей, Астана мен Алматы қаласына шетел қазақтарын мүлдем кіргізбейді деген сөз емес. Алыс-жақындағы ағайындар бұл екі қалаға да келіп оқуға түссін (бұл жөнінде арнайы квота және дайындық бөлімдері бар), еңбек көші-қонымен келіп жұмыс істесін немесе жеке сапар визасын алып бір жыл қыдырып жүрсін – оған ешқандай қарсылық жоқ. Оның сыртында, айтқанымыздай, шетелдік ғалымдарды, өнер адамдары мен спортшыларды Қазақстан азаматтығына жеңілдікпен қабылдайтын қаулы бар – шетелдегі қазақ ұлтының зиялы қауым өкілдері осы жеңілдікті де пайдалансын. Ал бірақ Астана мен Алматы қалаларында ағайындарға оралман мәртебесі берілмейді. Мұның себебі екі қалада да тұрғын халықтың барынша көбейіп, түрлі әлеуметтік мәселелердің күрделенуінен туындап отыр. Соған орай, соңғы уақытта тек шетелдерден ғана емес, Қазақстанның өз ішінен де Астана қаласына көшіп келуді шектеу керек деген мәселе көтерілуде. Алматы қаласында да тұрақты тіркелу барынша қиындатылған. Сондықтан да бұл екі қалаға сырттан келгендердің бірден орналасуы қиын. Ағайындардың бұған түсіністікпен қарағандары жөн. Ал Астана мен Алматы қаласына тұрақты орналасуға шынымен құлшынып тұрғандар болса, Қазақстанның кез келген облысына келіп, азаматтық алғаннан кейін бұған да толық жол ашылады. Яғни бұдан кейін олардың Қазақстан азаматтарымен құқы тең, қайда тұрамын десе де, өз еріктері. Дегенмен, мұның бәрі қазіргі жағдай. Ал көші-қонға қатысты жаңа заң қабылданғаннан кейін Астана мен Алматыға байланысты бұл жөнінде де кейбір өзгерістер болуы ғажап емес. Жалпы, осы заң оралмандарға бұдан да басқа біраз жақсы жаңалықтар әкеледі деп сенеміз.
– Сіздіңше, жаңа заңды талқылау барысында тағы да қандай мәселелер ескерілуі керек?
– Меніңше, оралмандар көшін қалай, қайтіп ұйымдастырамыз деген мәселеге айрықша назар аударылуы керек. Мысалы, этникалық қазақтарды қоныстандыратын өңірлердің айқындалатынын жоғарыда айттық. Бірақ ол өңірлерге оралмандардың қалай, қайтіп баратыны нақтыланбаған. Мысалы, Қытайда тұрған адам тәуекел қылып визасын алып, пойызға мініп, Павлодардан немес Қостанайдан түсті дейік, сосын қайда барады? Оны кім күтіп алады? Ешқандай танысы жоқ, далаға түней ме? Сондай-ақ бұрын оралмандар мәселесімен бірыңғай көші-қон мекемелері айналысатын. Ал қазір оралмандарды қабылдау мен орналастырудың негізгі салмағы жергілікті атқарушы органдарға, облыстық әкімшіліктер мен олардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына жүктелетін болды. Бірақ олардың мұндай міндетті ойдағыдай атқаруға шамалары, мүмкіндіктері, тәжірибелері жете ме – бұл мәселе де әзірше белгісіз. Міне, жаңа заңды талқылап, қабылдау барысында осы мәселелерге айрықша назар аударылса дейміз.