Бүгін Қазақстан және Өзбекстан мұсылмандары діни басқармалары Ташкент қаласында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум қабылдады.
Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында екі елдің мүфтилері дін саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты орнатуға арналған құжатқа қол қойды.
Меморандум Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды, екі елге ортақ діни мектепті жаңғыртуды, бірізді пәтуалар шығаруды, мәдени-рухани байланысты арттыруды, тәжірибе алмасуды, ғылыми жобаларды жүзеге асыруды, дін қызметкерлерінің біліктілігін көтеруді көздейді.
Меморандум негізінде Тараптар бір-біріне халықаралық деңгейде өзара көмек пен қолдау көрсетуге міндеттеледі. Ынтымақтастық шеңберінде екі елдің болашақ ұрпағына патриотизм мен бейбітшілік құндылықтары насихатталып, Исламның рухани баға жетпес мұрасы мен мәдениеті дәріптеледі.
Аталған ынтымақтастық Құранға, хадистерге және ханафи мазхабының іліміне, Қазақстан және Өзбекстан Республикасының халықаралық міндеттемелері мен ұлттық заңнамаларына негізделеді.
Сонымен қатар азаматтардың екі ел аумағында орналасқан тарихи қасиетті жерлерге зиярат етуі қамтамасыз етіледі.
Тараптар бекітілген діни пәтуалар негізінде діни мерекелерді Һижри жыл санауы бойынша бірізді өткізуді қолға алады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораздың Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында екі елдің діни мерекелеріне қатысты ортақ пәтуа шығару туралы келісім жасалды.
Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Османхан қажы Алимовтың қатысуымен өткен екі жақты кездесуде діни мерекелерді бірізге түсіру мәселесі талқыланды.
Ресми басқосуда Серікбай қажы Ораз қазақ-өзбек ұлтының ұстанатын мәзһабы мен діни сенімі бір екенін атап өтіп, діни мерекелерді бірізге түсіру қажеттігін сөз етті. Өз кезегінде Өзбекстан мүфтиі Османхан Алимов бұл ұсынысты қолдайтынын мәлімдеп, бауырлас елдердің діни саладағы байланысын одан ары нығайта түсу керек екенін тілге тиек етті.
Екі жақты кездесу нәтижесінде ортақ меморандум қабылданды.
«Тараптар діни мерекелерді (ораза, құрбан айт, т.б.) Һижри жыл санауы бойынша бірізді өткізуге, заманауи өзекті мәселелерде ортақ пәтуа, шешім шығаруға міндеттеледі», – делінген өзара ынтымақтастық туралы меморандум мәтінінде.
«Өздеріңізге белгілі, осыған дейін біздің арамызда діни мерекелердің күніне қатысты айырмашылықтар болды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өзбекстандық әріптестерімізбен келісім негізінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдадық. Меморандумда көрсетілген мәселелер бойынша өзекті тақырыптар аясында ортақ пәтуалар мен шешімдер қабылдайтын боламыз», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Ораз өзбекстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.