Қызылорда қаласындағы атыс салдарынан жарақат алған азамат облыстық медицина орталығында қайтыс болды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Еске салсақ, кеше Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесінде атыс болды. Атыс салдарынан ер адам ауруханаға жеткізілген.
«Науқас облыстық медицина орталығына ауыр жағдайда жеткізілді. Дереу қабылдау бөлімінен жансақтау бөліміне жатқызылды. Сол мезетте «іш қуысына терең оқ тиген, ішкі ағзалары зақымдалған. 4 дəрежелі геморрагиялық шок» деген диагноз қойылды. Науқасқа шұғыл ота жасалды. Алайда, көрсетілген реанимациялық шараларға қарамастан жарақаттанған азамат 27 наурыз күні кешкісін көз жұмды»,- делінді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
"ҚІІБ кезекші бөліміне Әйтеке би және Желтоқсан көшелерінің қиылысында бұзақылық орын алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, 7-8 адамнан құралған топтың бұзақы әрекеті анықталды. Нәтижесінде қаланың 1 тұрғыны дене жарақатымен облыстық медициналық орталыққа (ОМО) жеткізілді. Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК-нің 259-бабы, 3-бөлігі, "Бұзақылық" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда, күдіктілер, бұзақылық әрекеттің мүшелері ҚІІБ жеткізілді, тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты мәліметтер жария етілмейді", - деп мәлімдеген болатын ОІІД бастығының орынбасары Н.Анарбаев.