Көксудың көкжалы: талантты спортшы қалай қатігез қылмыскерге айналды?

/uploads/thumbnail/20180402125727844_small.jpg

2015 жылдың 11 тамызы. Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылында жантүршіктірерлік қанды оқиға болды. Ерлі-зайыпты Гуторовтар өз үйлерінде кісі қолынан қаза тапты. Қандықол қарақшы жастары сексенге таяған қарттарды кеудесінен жаны шыққанша аяусыз пышақтаған.

Із кесушілер қылмыскердің алыстан келмегенін алғашқы сәттен-ақ болжаған еді. Өйткені марқұмдар әлдебіреулердің жолын кесті дейтіндей емес, қарт адамдар. Әрі олардың қылмыскер қызығатындай асып-тасқан дәулеті де болмаған.

Көп ұзамай полиция қызметкерлері қылмыскерді Талдықорғандағы жалдамалы пәтерлердің бірінде тығылып жатқан жерінен ұстады. Сұмдығы сол, қылмыскер ерлі-зайыпты Гуторовтардың көршісі болып шықты. Ал оның кім екенін естігенде жағасын ұстамаған адам қалмады. Себебі аты ауылға ғана емес, бүкіл өңірге мәлім жап-жас жігіттен мұндай қатігездікті ешкім күтпеген.

Рафаэль Аринов жасынан белтемірге әуес болып өскен. Жасөспірім кезінде аты тірі аңызға айналған турникмен Ганнибал Кингке еліктеген де тәрізді. Бірақ кейбір трюктері өнеріне бүкіл батыс бас иген Ганнибалдан әлдеқайда асып түседі. Белтемірдің тіреуі арқылы денесін көлденең ұстап 30 секунд бойы тұру – адам мүмкіндігінің шексіздігіне дәлел болса керек. Ол аса қауіпті трюктерді еш қиналмай жасайтын. Осындай қабілеті оның есімін мұқым жұртқа жайды. Рафаэль Ариновты Көксудың ғана емес, Талдықорғанның мақтанышы көретін адамдар аз емес еді. Бірақ амал қанша?!

Талантты жігіт мұндай қаніпезерлікке не үшін барды? Қанды оқиға қалай өрбіді? Тамыздың 11-і күні түнгі сағат 3-тер шамасында арам ойға бекінген Аринов көршісінің үйіне келген. Сосын айналада бөгде адамдардың бар-жоғын білу үшін біраз аялдайды. Ал қоршаудан қарғып түсу спортшы жігітке еш қиындық туғызбаған.

  • Шамамен 10 минуттай терезеден бақыладым. Тықырды сезген бе, апай көпке дейін ұйықтамай жүріп алды. Шалы «болды, ешкім жоқ қой, жатсаңшы» дегендей бірдеңелер айтты. Сосын жарықты сөндірді. Мен және бір 3 минуттай күттім де бар күшіммен итеріп, терезені аштым. Сосын ішке дереу секіріп түстім, дейді ол қылмыстық іс деректерінде сақталған бейнематериалда.

Бұл ішке кіргенде қарттар қатты дыбыстан оянып кетсе керек. Қылмыскер келесі бөлмеге өткенде қария тура қарсы алдынан шыққан. Тас қараңғыда қолына фонар ұстаған бөгде адамды көргенде олар қатты қорыққан. Ал бұл болса, қарттарды шуламауға шақырып, ақша талап етеді.

Әрине, әлдекімнің үйіңе баса-көктеп кіріп, «шуламаңдар» деп бұйыруы кімге ұнасын?! Марқұм Людмила Гуторова қылмыскерден дереу үйден шығуды талап еткен. Айтыс-тартыс күшейгенде көршілердің оянып кету қаупінен сақтанған Аринов оны итеріп жібереді. Кемпірі құлағанда ашуланған Николай Гуторов тәрбиесіз баланың басынан орындықпен қойып қалса керек. Аринов қорғанып үлгергенімен қолындағы фонары жерге түсіп кеткен. Осыған ашуланған ол алдымен шалды, одан соң кемпірін аяусыз пышақтайды.

Екі қартты жантәсілім еткен қылмыскер енді үй иелері өз еркімен бермеген ақшаны өзі тауып алу үшін іске кіріседі. Үйді аударып-төңкереді. Құнды заттар жасырылуы мүмкін-ау деген жердің бәрін адақтап шығады. Бірақ оның үміті ақталмады. Екі бірдей адамның өмірін қиған қылмыскердің сондағы тауып алғаны 3 мың теңге ғана. Бұдан соң ол ізін жасыру үшін іргедегі Көксу өзеніне келіп, қан жұққан киімдерін суға тастаған.

Бір таңданарлығы, бұл қанды оқиға спортшы жігіттің санаулы күн ішінде жасаған екінші қылмысы еді. Осыдан екі күн бұрын ғана ол Балпық би ауылындағы және бір үйге ұрлыққа түскен екен. Айырмашылығы, тапайдың тал түсінде. Қылмыскер бақуатты кісінің баспанасынан мол олжа дәметкенге ұқсайды. Бірақ азын-аулақ әшекей бұйымдар болмаса, қолына құнды дүние ілікпеген. Дегенмен ұры іздегенін тапқан. Ол салмағы 5 келілік сейф еді. Алайда оны алып кетіп, ашып көру бақыты Ариновтың маңдайына жазылмаған екен. Олжасын көтеріп далаға шыққанда үй иесі келіп қалады. Ол дереу бетпердесін киіп, тапанша кезенген. Және үй иесінің артынан ілеспеуін бұйырған да, сейфті тастай қашқан. Ал қожайын  ұрының қолындағы ойыншық тапанша екенін әрине, білген жоқ.

Ол жолы қашып құтылғанымен, бұл жолы оңбай тұтылды. Алғашқыда мойындаудан жалтарып, тергеу ісін шатастырғысы келген. Бірақ оның бұл ойы жүзеге аспады. Себебі дәлелдемелер жиынтығында қылмыскердің кім екенін бұлтартпай әйгілеп беретін нақты дәйектер көп еді. Соның бірі – Ариновтың досымен әңгімесі. Ол телефон арқылы «Кемпір мен шалды өлтірдім. Содан бері екі күн өтсе де, қолымнан қанның иісі кетпей жүр» дейді.

Аринов

Былай қарасаңыз, Рафаэль Аринов екі бірдей адамның өмірін қиып қана қоймай, өзінің де тағдырын талқан етті. Алайда оның неліктен мұндай қадамға барғанын түсіну қиын. Ғаламторды шарлап кеткен оның өнеріне қарап отырып, дарынды спортшының мұндай қылмысқа шатылуына ішіңіз удай ашиды. Осы жолдардың авторы ол білім алған Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектепке де арнайы барып, ұстазымен жолыққан еді. 

Төрт жыл сынып жетекшісі болған Г.Ихсанованың айтуынша,  Рафаэль ағасы Фархат екеуі бір сыныпта оқыған. Бірақ өзге балалардан бәлендей ерекшелігі болмаған. Жалғыз өзгешелігі, тым тұйық, біртоға, бұйығы болса керек. Сыныпта өзінің қандай да бір дарын-қабылетімен ерекшеленбеген. Мектептегі немесе аудан деңгейіндегі іс-шараларға мүлде қатысып көрмеген. Басқаны былай қойғанда, сыныптағы балалардың өзімен жақын араласпаған. 9 сыныптан кейін оқуды мүлде доғарған.

Ал судья Б.Байжүнісов Ариновтың ісін арамтамақтың әрекетіне ұқсатады. Себебі ол еңбек ететін жасқа әлдеқашан келсе де, жұмыс табуға ұмтылмаған. Тіпті жалғыз анасына қол ұшын беруге де жарамаған. Әкесіз өскен ұлдың анасы дүңгіршекте газет-журнал сатып, екі баласын асыраған екен. Ал Рафаэль бойындағы қабілет-қарымын еңбек етіп, анасының бір жағына шығуға емес, тек оңай пайда табуға жұмсаған. Оның ақыры қанды қылмысқа жетелеп әкетті.

Сот 2015 жылы қараша айында Рафаэль Ариновты 23 жылға бас бостандығынан айырды. Биыл 3 жылын әрең өтеген әуесқой спортшы әлі 20 жыл қапаста отыруға мәжбүр. Демек оның теріс жолға түсіп, арам ақшаға құнығудың өзі жасаған трюктерден әлдеқайда қауіпті екенін сезінуіне де осынша уақыт бар деген сөз. Өкініштісі, енді одан ел намысын қорғайтын спортшы ешқашан шықпайды.

Сансызбай Нұрбаба

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар