Астанада көп қабатты үйлердің шатырына шығып алған оқушылар қала тұрғындарын әбігерге салды.
2 мамырда Абылайхан көшесіндегі бес қабатты үйдің төбесінде ойнап жүрген оқушы қыздарды куәгерлер видеоға түсіріп алған. Астана қаласы ІІД хабарлауынша, қыздар №32 мектеп-гимназиясының төртінші сынып оқушылары болып шықты.
«Ювеналды полицияның учаскелік инспекторлары кәмелеттік жасқа толмаған балалар және олардың ата-анасымен әңгіме жүргізіп, мұндай жайттың қаншалықты қауіпті екенін түсіндірді», — деп хабарлады ІІД.
Әлеуметтік желіде шатырда ойнап не серуендеп жүрген жасөспірімдердің суреттері мен видеолары көбейген. Деректерге сүйенсек, қазақстандық балалар қауіпті ойынның жетегінде кетуі мүмкін деген қауіп бар. Ойын шартына сәйкес балалар үйдің төбесіне шығып видео түсіру қажет.
Бұған дейін Көкшетауда мектептердің басшылығы ата-аналарға балалардың қауіпті ойындардан аулақ ұстауын ескерткен болатын.
Мұғалімдер мұндай жағдайға душар болған баланың бірнеше белгісін атап көрсеткен:
-бала өлім символдары бейнеленген қара түсті киімге қызыға бастайды;
-сырт келбеті өзгереді: шашын ерекше стильде қысқартып, бояй бастайды;
-ұйқысы бұзылады, түнде ояу жүреді;
-денесінде кесілген және оттың іздері болуы мүмкін;
-өзінің жеке әлемін қалыптастырады, әлеуметтік желіде жиі араласады;
-сыртқы әлеммен байланысын үзеді, уақытын тек компьютердің алдында өткізеді;
-мистикалық фильмдерге қызыға бастайды;
-ата-анасымен араласуын қояды;
-Әлеуметтік желідегі парақшаларына күйзелісті жазбалар қалдырады.
Пікір қалдыру