Армения президенті Қазақстан елшісімен елдегі саяси жағдайды талқылады

/uploads/thumbnail/20180503174022153_small.jpg

Армения президенті Армен Саркисян ТМД мемлекеттерінің елшілерімен елдегі жағдайды талқылады. Бұл туралы Армения президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Президент Армен Саркисян Беларусь, Қазақстан, Түркменстан Республикаларының төтенше және өкілетті елшілерін қабылдады. Кездесу барысында күн тәртібіндегі маңызды оқиғалар мен екі жақты серіктестік мәселелері талқыланды», - делінген баспасөз хабарламасында.

РИА Новости Армениядағы шерулердің басында тұрған оппозиция басшысы Никол Пашинянның Ресей, ЕО, Иран және Грузия елшілерімен кездесуге ниетті екенін хабарлаған.

«Біз Ресей, ЕО, Иран, Грузия, сонымен қатар дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуді жоспарлап отырмыз. Олармен елдегі саяси ахуалды талқылаймыз», - деп келтірді Пашинянның сөзін Sputnik Армения порталы.

Еске сала кетейік, Арменияда оппозиция лидері Никол Пашинян Үкімет басшысы болып сайлана алмады. Премьер-министрлікке жалғыз үміткер болған оппозиция лидеріне Армения Республикалық партиясының депутаттары қарсы дауыс бергендіктен тиісті дауысты жинай алмады.

13 сәуірде Армениядағы жаппай шеру акциясын басқарған Пашинян – премьерлікке жалғыз үміткер. Оны оппозициялық «Елк» фракциясы ұсынды. Демонстранттар 23 сәуірде елдің бұрынғы премьер-министрі Серж Саргсянды лауазымынан босатып, оның орнына Пашинянды үкімет басы етуді талап еткен.

«Елк»-тің үміткерін «Царукян» және «Дашнакцутюн» атты екі фракция да қолдады. Бұл үш фракцияның депутаттарымен қоса Армения Республикалық партиясының тағы 6 депутаты Пашинянға дауыс беруі керек еді. Партия басшысы Ваграм Багдасарян бұған дейін «үш фракция Пашинянды қолдаса, Республикалық партия бөгет келтірмейді» деп мәлімдеген.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар