Маусым айында Қазақстан мен Қытай басшылары кездеседі. Бұл туралы бүгін Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьxуэй мәлімдеді.
"Биыл біз бірқатар маңызды оқиғаларға куә боламыз. Меніңше, ең басты оқиға, ол - екі президентіміздің Қытайдағы кездесуі. Аталған кездесу маусым айында болады. Бұдан бөлек, Қазақстан басшылығының басқа да өкілдерін күтіп отырмыз. Олардың ішінде Премьер-Минитср Бақытжан Сағынтаев мырза, оның орынбасары Асқар Мамин да бар. Бұның барлығы Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз қарым-қатынастың жоғары дәрежеде екенін көрсетсе керек", - деп келтірді Қазақпарат Ч.Ханьxуэйдың айтқанын.
Елшінің айтуынша, екі елдің "Бір жол, бір белдеу" бастамасы аясындағы ынтымақтастығы, сондай-ақ, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын аталған бастамамен шебер үндестіре білудің арқасында біраз жетістіктерге жетуге болады.
"Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы осы екі елге ғана емес, жалпы аймақтағы өзара әріптестік пен қауіпсіздіктің дамуына оң ықпалын тигізе алады. Халықтардың әл-ауқаты артады", - деп атап көрсетті Ч.Ханьxуэй.
Назарбаев 6-10 маусым күндері Қытайдың Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мемлекет басшыларының кезекті кездесуіне қатысады. Кездесуге Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков де қатысады деп жоспарланған.
Лу Кангтің айтуынша, Иран президенті Хассан Роухани жиынға бақылаушы ретінде қатысады.
Сапар аясында ел ертеңі үшін маңызы зор келіссөздер жүргізіп, құнды құжаттарға қол қояды деп жоспарланған. Жалпы, Шиңдао саммитінде ұзын-ырғасы 60-қа жуық шара өтпек. Олардың ішінен тұңғыш рет өткелі отырған Іскер әйелдер форумы мен БАҚ өкілдерінің форумын ерекше атауға тұрады.
ШЫҰ 2001 жылы Шанхайда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстанның бастамасымен құрылған. 2017 жылы маусымда Астанада өткен ШЫҰ саммитінде ұйымға Үндістан мен Пәкістан қосылған. Иран да ұйымға тұрақты мүше болып қосылуға ниетті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері басшыларының соңғы саммиты өткен жылы "EXPO" көрмесінің ашылуына орай Астанада 8-9 маусым күндері өткен болаты.
Пікір қалдыру