ШҚО-да бауырын қорғаймын деп адамға оқ атқан полицей 15 жылға сотталды

/uploads/thumbnail/20180505141645274_small.jpg

Шығыс Қазақстан облысында бауырын қорғаймын деп екі адамға оқ атқан полицейге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы жергілікті altaynews.kz порталы хабарлды.

Айта кетейік, бұл оқиға сәуірдің басында Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында орын алған. Оқ атқан екі адамның бірі ауыр жарақатталып, екіншісі көз жұмған болатын. Бұған дейін адам өліміне қатысты сот ісі қаралып, үкім шығарылып қойған.

2 сәуірде Марат М. қызметіне кіріскен еді. Күндіз бауыры хабарласып, бірнеше ер адам жабылып, оны соққыға жыққанын айтады. Олардың бірі қазір техникалық байқау стансасында жүргенін естіген Марат М. бауырын ертіп, табельді  «Макаров» қаруын алып, жеке көлігімен межелі жерге барады.

Оқиға орнында екі жақтың арасында жанжал туады. Қарсыластарына тойтарыс беремін деген оймен Марат М. ауаға оқ атқан. Ал бұл әрекетке жауап ретінде қарсыластарының бірі аңшылық шолақ мылтықты оның бауырына кезейді. Ендігі кезекте Марат М. қарулы жәбіршінің озбырлығын тура атылған оқпен тоқтатады. Дегенмен, жараланған ер адам полицейдің бауырын да аяғынан жарақаттап үлгеріпті.

Сотта қаралған материалдар бойынша Марат М. Қылмыстық Кодекстің 112-бабының 1 бөлімі (Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша кінәлі деп табылып, бұрын тағайындалған жазаға қосымша сегіз ай қосылып отыр. ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімін есепке алғанда, барлығы 15 жыл және 7 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Заңды белден басқан полиция қызметкері жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, сот жәбірлеушіден жәбірленушіге айналған ер адамның пайдасына 500 000 теңге көлемінде моральдық залалды өндіру туралы шешім қабылдады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар