Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан Ванес Мартиросян өзінің инстаграм парақшасында қазақстандық боксшыдан жеңілгеніне өкінбейтінін жазды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Мен Головкинді сыйлаймын. Мықты боксшымен бір рингте жекпе-жекке шығу мен үшін зор мәртебе. Мен өз командам мен жанкүйерлеріме қолдаулары мен махаббаттары үшін алғысымды білдіргім келеді» деп жазды Ванес Мартиросян.
vesti.kz порталының мәліметіне сәйкес, Мартиросян Головкинмен жұдырықтасуы мүмкін мексикандық боксшы Сауль Альвареске өз кеңесін айтқан.
«Канело» әлі көп нәрсені дәлелдеу керек. Головкиннің анау етті неліктен жегенін түсіндім. Егер Головкин 36 жасында осындай деңгейде жұдырықтасатын болса ол нағыз еркек екен... Мен оның кім екенін түсіну үшін жекпе-жекке шықтым. Ол менің осал жерімнен бірден ұстап алды. Головкин өте жақсы жұмыс істеді. Менің Канелоға айтар ақылым – Қаш», - деді ол жекпе-жектен кейін өткен конференцияда.
Айта кетейік, кеше Геннадий Головкин мен Ванес Мартиросян жұдырықтасқан. Геннадий Ванесті екінші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Пікір қалдыру