Елбасы "Нұр Отан" партиясының тың бастамаларына қолдау білдірді

/uploads/thumbnail/20180601125927623_small.jpg

"Нұр Отан" партиясы жаңғыру аясында бірқатар тың бастамаларды қолға алғаны белгілі. Солардың қатарында ІТ-сынып және ІТ-орталықтар ашу сияқты елімізді цифрландыру ісіне қатысты жаңа партиялық жобалар бар. Бүгінде партияның тікелей бастамасымен еліміз бойынша 56 ІТ-сынып ашылып үлгерді. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды.

Елбасының төрағалығымен өткен отырыста «Нұр Отан» партиясын жүйелі түрде жаңғырту және Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партиялық жаңғыру аясында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, баяндама жасады. Оның айтуынша, партия еліміздегі "Цифрлы Қазақстан", "Рухани жаңғыру" бағдарламаларына атсалысуға, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты 22 жаңа жобаны қолға алған.

– Алдағы үш жылда елімізде тегін 1000 ІТ-сынып ашуды қолға алдық. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 56 осындай сынып жұмыс істеп тұр. Жалпы биыл 280 сынып ашу жоспарланып отыр. Осы бастаманың аясында жылына 150 мың бала бағдарламалау мен робот техникаларының негіздерін үйренетін болады", – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Елбасы барлық тың бастамаларға қолдау білдіріп, Үкімет пен әкімдіктерге оларды тиімді жүзеге асыруға белсене қатысуды тапсырды.

Айта кетейік, отырыс жұмысына Саяси кеңес мүшелері – Үкіметтің, Парламенттің, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бейнеконференц байланысы арқылы барлық облыс әкімдері, облыстық мәслихат хатшылары және партия облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты.

Қатысты Мақалалар