Жас әнші, ән өңдеуші, қазақ эстрадасындағы бірнеше хит әннің авторы Бақытқали Қонысбаев бүгінгі заманның «жырауы» Жан Ахмадиев маған қоқан-лоқы көрсетіп жүр деп инстаграмды шулатты. Бақытқали Қонысбаевтың инстаграм парақшасына кіріп, видеоны көруге асық болдық. «Атып кетемін, мүгедек жағдайға түсіремін» деген сөздер естілетін видеоны инстаграмнан көре аласыздар. Нақты оқиға басталмас бұрын Бақытқали Қонысбаевтың камераны әдейі алдын-ала студияның қабырғасына орналастырып, қонағын асықпай күткені анық байқалады.
Істің мән-жайын анықтау үшін тілшіміз Бақтықали Қонысбаевтың өзіне хабарласып көрді.
«Бірнеше ай бұрын өзінің сұрауымен бір ән жазып бердім. Алғаш жазып бергенімде көңілінен шыққандай болып, рақметін айтты. Тойларда шырқап жүрді. Міне, бір аптаға жуықтап қалды, студияға келіп немесе телефон шалып әннің ақшасын қайтарып беруімді талап етеді. Тіпті дөрекілік танытады. "Ұрып кетемін, сөйтемін-бүйтемін" деп қорқытады. Меніңше, ол жай ақшасын өндіріп алуды мақсат етіп отыр», - дейді Бақытқали.
Бақытқали Қонысбаев Жан Ахмадиевпен бірінші рет шығармашылық байланыс орнатуы екен. Бұған дейін Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сынды халықтың сүйікті әншілеріне ән жазып жүрген өңдеушінің еңбегін бүгінгі заманның «жырауы» еш еткеніне Бақытқали қапалы. Себебі өзінің ары таза екеніне сенімді. "Ән жазарда қатты тебіренемін. Халықтың көңілінен шықса екен деп іштей тілеймін. Ән халық үшін жазылғандықтан жауапкершілігін жете түсінемін», деп қорытты Бақытқали.
Видеодан бұрын әншінің «Жан Ахмадиев деген МАЛ» деген сөздерді тақырып етіп алуы назарымызға түсті. «Малым-жанымның садағасы" дейтін қазақпыз ғой, қашаннан бері "мал" қорлау сөзіне айналып кетті» деп ойладық, көңілімізге кірбің түсті. Бұл, әрине, ұзақ әңгіменің арқауына айналар бөлек тақырып.
Екі жақтың да пікірін білейік деген тілшіміз Жан Ахмадиевтің өзіне хабарласып көрді. Бірақ телефоны, өкінішке қарай, сөндірулі.
Бақытқали Қонысбаев әншілерге ән жазудан бөлек, жастар арасында енді ғана танылып келе жатқан әнші. Бұған қоса фильмдерге арнап ән жазатыны тағы бар екен. Айталық, режиссер Еркін Рақышевтің барлық фильмдерінің саундтрегін жазған Бақытқали Қонысбаев екен.
Ал «жезөкшелерді қамшымен сабаған» Жан Ахмадиев өзін бүгінгі заманның жырауына теңейді. «Заманауи жырау» деген атпен танымал ол соңғы жылдары бірнеше мәрте халықтың сынына ұшырап үлгерді. Оны қолдаушылардан гөрі сынаушылардың қатары көп. Youtube желісінде авторлық рэптеріне бейнебаяндар түсіріп, қазақ халқының көзін ашуды ниет етті. Алайда «жақсы ниетпен» басталған әр ісі халықтың қаһарына ұшырап жатты. "Қазақпыз ғой" деп қазақ қоғамының түйіткілді мәселелерін ашық түрде жырлаған Жан Ахмадиевтің өз бауырына келгенде қатыгезденуі, әлбетте, көрермен қауымды ойландырмай қоймауы мүмкін емес. Бірақ алдын-ала тон пішуге асықпаймыз. .