Жолым болып Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесінің Үрімжі қаласында жеті жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келе жатқан «Пейіл чемпионты» футбол жарысын ұйымдастырушы жас кәсіпкер, спорт жанкүйері Медет Бағдатұлымен кездесіп сөзге тартқан едім.
- Құрметті Медет Бағдатұлы мырза сіздің есіміңіз бұл күндері Қытай қазақтарының футболымен қатар аталып жүр бұған не себеп? - Асыра сілтеп жібердіңіз, мен тек қана өзімнің спорт саласына деген бір кісілік азаматтық міндетімді атқарып жүрген жайым бар. Мен кішкене кезімнен спортқа оның ішінде, доп түрлеріне қатты қызғатынмын, мектепте және кейін университетте оқып жүргенде баскетбол командасының белсенді мүшелерінің бірі болғам. Алайда бізде осы өнерімізді ары қарай дамытатын жағдай болмады, сол себепті де спортты кәсіп ете алмадым менің қатарластарым да солай болды, егер сол кездерде экономикалық жағдай жар бергенде, қолдау болғанда біздерден талай спорт жұлдыздары шығатын еді. Cол себепті де өзім спортшы болу арманыма жете алмасам да артымдағы іні-қарындастарыма жол ашу ойы келді. Талаптанған адам нысанасына жетеді ғой, 2008 жылы университет бітіре сала өз ойымды жүзеге асыру үшін азын-аулақ тиынның басын құрап, сол тұста енді жандана бастаған компьютер саласындағы сауда-саттықпен айналыстым. Жолым болып жұмысым жүрген соң келесі жылы, яғни 2009 жылы «Пейіл ғылым-техника шектеулі серіктестігін» құрып сол жылы ақ бірінші кезекті пейіл футбол чемпионатын ұйымдастырдым. Міне содан бері жеті жыл өтті, биыл жетінші рет өткізілмек. Жаңағы сіз айтып отырған менің Шыңжаң футболымен атымның байланысты болу содан болу керек. - Жаңа бір сөзіңізде кезінде экономикалық жағдай қолбайлау болды дедіңіз сонда үкімет футбол саласына селқос қарай ма? - Қытай үкіметінің үлкен қаржы салып отырған спорт саласының бір осы футбол саласы, сондықтан да аудандардан бастап республикаға дейін өткізілетін футбол жарыстары өте көп, алайда олар тек мемлекеттік мекемелер атынан өтекізілетіндіктен, тек сол мекемедегі адам ғана тебу керек болады да, таланыттар жиналып жеке құрама құрып ойнай алмай орта командалық деңгейде қалып, өздерін көрсете алмайтын жағдай көп. Ал мен жеке кәсіпкер ретінде ұйымдастыратындығымнан футболды жақсы тебетін балалардың бірігіп өз командаларын құрып қатысуына тамаша орай жаратамын. Бұл әсіресе өзіміздің қазақ ұлтымыздан шыққан жастарға көбірек қатысты. Біз өткізіп отырған жарысқа да мемлекет өз тарапынан түрліше көмектер көрсетіп отырады. - Сонда сіздер ұйымдастырып отырған жарыста ұлтқа, келген жерге шектеме жоқ қой ? - Негізі «Пейіл футбол чемпионаты» қазақ ұлтына, қазақ жастарына арналған. Алайда біз көп ұлтты мемлекет болғандықтан өзге ұлттардан да спортшыларды командаға қосамыз, дегенмен жасақталған футбол командасының 90 пайызы қазақ болуы шарт. Ал жер мәселесіне келгенде бұл жалпы Қытай қазақтары мен бірге Қазақстаннанда команда келіп қатысуына болады. Өзіңіз білесіз бұндағы қазақтар үш аймақпен бірге көршілес басқа аймақ облыстардың аудандарына да орналасқан, сол себепті командалар көбінесе аудан атынан қатынасады. Бірақ біздің талап бойынша командалар жердің атымен шықпайды, басқа атпен шығу керек, мысалы Күнес ауданының командасы «Сахара», ал Алтай қаласынан «Қыран» командасы дегендей. Бұл әдіс өз кезегінде ұлтымыздың бір дерті жершілдікті болдырмау үшін ойластырылған. - Жарыстың ұйымдастырылуын нақтылы түсіндіріп өтсеңіз? - Ең алғаш 2009 жылы алғаш рет өткізілгенде тек Үрімжі қаласында тұратын қазақ жастары футбол құрамаларын жасақтап екі үш команда қатысты. Кейін біртіндеп дами келе 2013 жылдан бастап Іледен 2 команда, Тарбағатайдан 2 команда, Алтайдан 4-5 команда, Санжы облысынан бір команда, ал Үрімжі қаласынан 2-3 команда қатысып келеді. Биыл Бұратала облысынанда бір команда келмекші. Айта кетерлігі бұл командалар әуелі өзара аудан аралық жарыстан ірктеліп шығады. Мысалы биыл барылығы 16 команда «Пейіл лоңқасына» таласу құқығына ие болады деп жоспарланып отыр. - Пейіл лоңқасына таласатын командалардың бәрін сіз қаржыландырасыз ба? - Жоқ, мен тек ұйымдастырушымын. Бұл мәселелені атап айтар болсақ командалардың келіп-кетуі, тұрар жайы, тамағы, киімі және жарыс өткізілетін футбол алаңының жалақысы, төрешілердің ақысы дегендей т.б. бәрін осы жердегі қазақ ұлтынан шыққан спортсүйер жеке кәсіпкерлер ортақ қаражат жиып өз мойынымызға аламыз. Бұларды біз ұйымдастырушылар алқасы дейміз атап айтар болсам, бұл қатарда ұлтымыздан шыққан Арыс, Жеңіс, Уәлибек, Ернұр, Таңат секілді тағы басқа аты аталмаған ағаларымыз бар. Сонымен бірге бұл күндері ұстаздық жолына түскен Талапбек Қасымбекұлы кезінде «Пейіл» командасын құрып біраз жылдар бойы Шыңжаң қазағының футболы үшін көп тер төкті. - Сіздің ұйымдастырып отырған футбол жарысы тек спорт бәсекесі ғана емес, бірліктің ұйытқысы десе болатындай екен. - Әрине, әр жылы мамыр айында болатын «Пейіл футбол лоңқасына» таласу жарысы біздің Қытай қазағының ең үлкен көлемді спорт мерекесі десем артық болмас. Бұл мереке кезінде спортшылар өзара тәжірбие алмастырып, танысады. Әсіресе футболшы жастарымыздың болашағына жол ашып, жұлдыздардың жарыққа шығуына сеп болады, мысалы қазір Қытай Мемлекеттік жастар футбол құрамасында доп теуіп жүрген Ержет ініміз 2011 жылғы жарысқа қатысқан. Бұдан да кереметі осы жарыс кезінде біз Қытайдағы қазақтардың берекесін көрсетіп қалатынымыз бар. - Сұхбатыңызға рақмет Медет мырза! Осы орайда Атажұрттағы ағайынға айтар сәлеміңіз барма? - Ең әуелі мен барша Алаш баласын «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойымен құттықтаймын! Барша қазақ азаматтарын, әсіресе кәсіпкерлерімізді ұлтымыздың спортына жанкүйер болып, жастарды қолдап- қуаттаса екен деймін. Жәнеде билығы жарысқа мүмкін болса Қазақстаннанда футбол құрамасы келіп қатысса екен деген тілегім бар. Бұл біз үшін нұр үстіне нұр болар еді.
Сұхбаттасқан: Әлібек Ыдырыс