Мемлекеттік тіл – мемлекеттің символы

/uploads/thumbnail/20180306150013462_small.gif

1917 жылы «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Аталған жобада қазақ жеріндегі білім ошақтарының есігі  ашық және тегін болуы, бастауыш мектептерде білім тек ана тілінде оқытылуы қадап айтылды.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың жаңа сөздерін жасаудағы еңбегі орасан зор. Мәселен, ол публицистиканы  көсемсөз, афоризмді  ділмәрсөз, живописьті кескін, архитектураны   сәулет, музыканы  әуез деп атады. Ақаңның орыс немесе басқа тілдердегі даяр сөздерді ала салмай, термин жасауда ана тілінің тамырына үңілуі үлкен үлгі-өнеге. Оның осы үлгісін оның тұстастары да шебер пайдаланды. Мәселен,  Елдес   Омарұлы геометрия   мен тригонометрияны пішіндеме және кескіндеме деп атады. Теореманы түйін, гипотенузаны қима, трапецияны қостабан, периметрді жиек, радиусты өріс деп жазды. Өкінішке қарай, осындай ұлылардан қалған ұлағатқа әлі де көбіміз ден қоймай жүрміз. Тіл қорын байытатын сөздер Ақаңның «Әдебиет танытқышынан» ғана емес, «Қазақ» газетінде жарық көрген көптеген мақала, хабарлардан да көптеп табылады.

Алаш арыстары мемлекеттің негізгі өзегі тіл екенін жақсы түсінді. Ахмет Байтұрсынұлы «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді... Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл»-деп жазса, Ғұмар Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың...», - деді. Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын», - деп ашына жазды. Халел Досмұхамедұлы: «Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек...Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген ой айтты.

Елдес Омарұлы Әлихан мен Ақанды қазақ ұлтының көсемдері деп таныса, олар да Елдес десе ішкен асын жерге қоятын. Елдес «Пішіндеме» мен «Кескіндеме» жарық көргеннен кейін ең алғашқы бағаны да солардың аузынан естіген. Геометрия мен тригенометрияны тәржімалауға болады деген үш ұйықтасақ ойымызға келмепті, сен қазақ ұғымына сай балама тапқан екенсің, – деп екеуі бірдей балаша мәз болған. Ақаң Елдестің  аудармаларын және жаңа баламаларын қуана құптаған болатын. Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлына жазған хатында: «Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті. Бір күні Шәңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем. Білесің бе? – деді. Мен: «Жоқ!» – дедім. Шәңгерей маған: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем!» – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен», – деп жазыпты.

 Алаш идеясына біз адалдық танытып жүрміз бе? Осы сауал кейінгі уақытта жиі мазалайды. Мемлекеттік тіл де елтаңба, әнұран, мемлекеттік ту секілді Қазақ мемлекетінің символы, елдігіміздің нышаны. Мемлекеттік тілге көшу мәселесі солтүстік облыстарда көбінесе тек қана орыс тілінің пайдасына шешіліп жатқаны өтірік емес. Әу баста қоғам болып жиылып, таудай болып үйіліп, аяғында қар суындай сұйылып кеткен жайымызды жасырудың қажеті жоқ. Қазіргі орыс тілі мен қазақ тілінің «тепе-теңдігі»  аттылымен жаяу адам жарысқандай, Қажымұқанмен ергежейлі алысқандай жағдайда. Тіліміздің алтын діңгегі болған қазақ ауылдарының көбі азып-тозып, өздерінің байырғы атауларынан айырылып қалды.

          Терминология саласындағы мамандардың құлағына алтын сырға, село, деревня, рабочий поселок, населенный пункт деген атауларды жаңалап, кент, шаҺар, мекен, қоңыс, тұрақ деген секілді қазақ тіліндегі баламалармен ауыстыру күн тәртібіне қойылуы керек деп есептеймін. Әуелі көршімен ақылдасып алайық деген жалтақтықты ысырып қойып, қала, ауыл, көше атауларын, дүкендер мен мекемелер, кәсіпорындар атауларын, маңдайшадағы жазуларды  бір-ақ тілде жазу туралы тіл туралы заңға өзгеріс енгізу ауадай қажет. Екі тілде жазу екі есе шығын екенін неге ескермейміз. Абай даңғылын «проспект Абая», Шоқан көшесін «улица Валиханова» дегеннен не ұтамыз? Кирилл әрпімен жазылған жазуды осы күні қазақ түгілі орыс та түсінетін деңгейге келдік емес пе?! Бұрын «Тобыл» аталып келген футбол командасы «Тобол» деген атпен Қостанай облыстық әділет басқармасында заңды тіркеуден өткеніне де көзімізді жұмып қойдық. Өзге ұлттарды ренжітпейік деген желеумен тарихи жер-су атауларын қайтаруды ұзын арқан, кең тұсауға салып келеміз. Осы мәселеге орай елді мекендерде жиын жасау, оларды жергілікті мәслихаттарда қарау секілді процестерден арылмайынша қазақтың сөзі  өтпейтініне куә болып жүрміз.

          Ең алдымен тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілдегі картасы жасалуы керек секілді. Бұл картадағы жер-су атаулары түгел дерлік қазақ тілінде жазылуы керек. Тілімізге  қаулаған өрттен қорғағандай жанашырлық көрсетіп, қараңғыда  қалған ауылда жарық жандырғандай қылу үшін мемлекеттегі беру мәселесі, мемлекеттік тілдің орындалуын бақылау Тіл туралы заңда арнайы қарастырылуы керек. Тіл туралы заңды бұзған мекеме басшыларына әуелі ескерту жасап, кейін айып салынса, оған да көнбесе, қатаң жазаланса, салынған айыптан түскен қаржы тілімізді дамытуға жұмсалса, оның пайдасы орасан зор болатынына күмән келтіру қиын.

          Мемлекетті  алтын отау деп бейнелі түрде айтатын болсақ, әкесі мен шешесі қазақ тілінде сөйлемейтін отбасында баланы қазақша сөйлетемін деу бекершілік. Ана тілінде ең алдымен Президент аппараты, Парламент, әкімдер сөйлеуі керек. Сөйлей алмаса, әкім болмай, басшы болмай, орынбасар болса, қосшы болса да, жетіп жатыр. Ал ұлттық идеологияға жауапты орынбасарлар екі тілді  толық меңгермесе, меңгергісі де келмесе, олардан не қайыр?!

          Мемлекеттік тілдің іргетасы балабақша мен мектеп десек, сол бақшалар мен мектептерді тек қана ана тілінде тәлім-тәрбие беретін оқу ордалары қылып қайта құруға не кедергі?! Баяғы жалпақшешейлік. Қазақ мектебінде мемлекеттік тілде білім беріп, орыс тілін тереңдетіп оқытса, өзге ұлт алғыс айтпаса, қарғыс айтпайтыны анық. Ал балалар үйіндегі тәлім-тәрбие солтүстік өңірде көбіне орыс тілінде екені белгілі. Олар ер жеткен соң өз елін өгей санайтын ұрпақ болмасына кім кепіл?! Ахмет Байтұрсынұлы айтқан мектептегі білім алғашқы жылдары тек қана ана тілінде берілуі керек деген «Бастауыш мектеп» туралы («Қазақ» газеті, 1914 жыл) тамаша ойдың шенеуніктердің ойына да кіріп-шықпайтыны түсініксіз. Бастауыш мектепте біріңғай қазақша оқыту мәселесі шешімін тапты ма? Ең сорақысы, кейінгі уақытта солтүстік өңірде қазақ мектебінен көрі орыс мектебіне баратын оқушылар саны көбейіп барады.

          Ресейлік БАҚ-тың Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне ықпалынан да арыла алмай отырмыз. Қостанай облысындағы жүзден астам газет пен журналдың таза қазақ тілінде шығатыны бірен-саран. Аудандық және қалалық газеттердің аты қазақша да, заты басқа. Мәселен, Қарабалықта «Айна», Қостанай ауданында «Көзқарас», Қостанай қаласында «Қостанай»  деген газеттер жарық көреді. Материалдардың басым бөлігі орыс тілінде, қазақ тілінде ара-тұра не жалғыз бет, не айқарма беттер беріледі. Біздің қазақ соған да мәз.

          «Көршің соқыр болса, көзіңді қыс» деген мәтел қазіргі уақытта бізге арнап айтылған тәрізді. Ал көрші мемлекеттегі қазақтардың не мектебі,    не театры, не ана тілінде шығатын басылымы жоқ. Оған сұрау салып жатқан Қазақ үкіметі де жоқ.

Тіл мәселесін мен айдалада тоқтап қалған өгіз жеккен арбаға ұқсатамын. Халық өлеңінде айтылғандай, қара жолмен сықырлап арба келеді. Не асфальт жол жоқ, аяқтың асты батпақ, жолаушылардың үсті сатпақ.  Арбаны көздеген жерге алып бару үшін ең алдымен қамыт киген өгіз мықты болуы керек, оның шамасы жетпесе, айдаушы іскер болуы шарт, оның да қолынан келмесе, кездейсоқ жүргіншілер мен арнаулы жолаушылар бейнетіне көніп, бірі тегершігін итеріп, бірі  өгізді сүйреп, біреуі жол көрсетіп дегендей, көпшілікпен бітетін жұмыс. Бізде сөз көп те, іс шамалы. Ал құр айқаймен есекті де жұмысқа жеге алмайсың. Тәуелсіздік алғалы пәлен жыл деп жатырмыз. Одан бері бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бала кәмелетке келетін уақыт болды ғой. Тілі қазақша шыққан бала енді қазақша сөйлей алмай тұрса, оған кім кінәлі?! Оны сақау деп те, мақау деп те айта алмаймыз ғой.

Ақаң айтқан халықтың көзі, құлағы тілі болатын төл басылымдарымыз жеткілікті ме? Өзге ұлттарды төрімізге шығарып, өзіміз босағада қалатындай не жазығымыз бар? Осыдан он шақты жыл бұрын балаларымызды қазақ мектебіне беріп, жиналыстарда ана тілімізде сөйлеп, марқайып қалып едік. Сол үрдіс жалғасын тауып жатыр деп айту қиын. Өйткені, «қазақ тілі тағы қалды тасада, ұқсап тұрмыз Ақаң айтқан масаға...»

Теледидарды ашып қалсаң да, радионың құлағың басып қалсаң да, газеттерді парақтасаң да, журналдарға қарап қалсаң да басымдық орыс тілінде. Қазақстандағы, әсіресе, облыс орталықтарындағы орыс тілдес газеттер қазақ елі емес, басқа мемлекеттің басылымы секілді. Өйткені, оларда халқымыздың тілі мен діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті туралы мүлдем жазылмайды немесе ара-тұра, тиіп-қашып жазылады. Олардың көпшілігі христиан дінін уағыздайды, орыс немесе батыс мәдениеті мен әдебиетін насихаттайды. Бір ғажабы, сол басылымдар тендерде жеңімпаз атанып, мемлекет тарапынан оларға қаржы бөлінеді.

Қазақ тілді басылымдардың жан айқайын күнде оқып жүрміз десек те, олардың көпшілігі өз қотырын өзі қасығандай әсер қалдырады.  Мемлекеттік тілді білмейтін шенеунік немесе қазақ тілінде сөйлемейтін депутат қызметтен кетсін немесе депутаттық мәртебеден айырылсын дейтін  сөздер де естіледі. Екінші жақ болса, орыс тілінің өнбейтін дауын даулап, өршелене түседі. Тіл жанашырларының көптеген құнды пікірлері «жартасқа бардым, күнде айқай салдымды» еске салады. Баяғы жартас бір жартас. Мекемелер мен көше аттарының жазылуындағы өрескел қателер туралы БАҚ-ты  аттан салып жатады. Бірақ сын түзелгенмен, мін түзеліп жатқан жоқ. Өйткені, билік басындағылардың дені орысша ойлайтындар, сол тілде сөйлейтіндер, қазақ тілін өрге шығарайық десең, «әлі оған ерте, қой!» дейтіндер. Сең қозғалды ма дегенде премьер-министр  мен кейбір министрлеріміздің тілі келсін-келмесін, ана тілінде сөйлеп жатқанынан үміт етеміз. Бірақ, мемлекеттік тіл мәселесін кейінгі кезде жиі өткізіліп жүрген түрлі байқаулар мен көрмелер, өзге ұлт өкілдері арасындағы жарыстар түбегейлі шеше алмайтыны туралы  қазақ басылымдары жазудай-ақ жазып жатыр. Қазақ тілі әр отбасымен қатар мемлекеттік ұйымдарда, мектепте және мәдени ошақтарда басымдыққа ие болғанда ғана бөркімізді аспанға атуға болады.

Біздің теледидарды жаулап алған, көбісінің мазмұны жеңіл айтыстарда тіл мәселесі жиі айтылғанына  ғана қуанбасақ, мұндай хабарлар қазақ халқының мәдени  өресін танытады деп айту қиын. Оның есесіне зиялы қауым өкілдерін көбірек сөйлетіп, осы тақырыпқа орыс тіліндегі бағдарламаларда да жиі оралып отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Көгілдір экранда ана тілін қасиет тұтатын белгілі қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың тұрақты мінбері болуы керек. Содан кейін кейбір министрлеріміз бен жоғары лауазымды шенеуніктердің  орыс тілінде сөйлегенін қазақ тіліндегі хабарларда  мүлде көрсетпеуге тырысу керек. Олардың  сөздерін  қазақшаға аударып бергеннен не ұтамыз?!  

Босағада қалған қазақ тілін төрге шығару үшін  ана тілінде тәулігіне 24 сағат бойы сөйлейтін арнаулы телеарна керек. Қазақ радиосы да үзіліссіз эфирге шығуы керек. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын көптеген республикалық және облыстық  газеттерді орыс және қазақ басылымдарын біріктіріп, екі тілде шығарсақ ұтар едік. Мәселен «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда»  көбінесе бір тақырыптағы материалдарды жариялап келе жатқаны шындық қой. Мұның өзі бір жағынан қаржы үнемдеуге әкелсе, екінші жағынан тіл үйрету мектебі болар еді. Жарнамадан түскен қаржы да бір астауға құйылар еді. Мемлекеттік тілдің мүддесін қызғыштай қорғайтын орыс тілді басылым  да ауадай қажет. 

           Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы. Сөз жүзінде қазақ тілін дамытайық деген қайраткерсымақ іс жүзінде ана тілін өзге тілден кем көрсе жағдай қайдан түзелсін?! Сөзі басқа адамның ісі басқа болған соң олардан қандай үлгі-өнеге алуға болады?!

          Ана тілі – бізге ананың сүті секілді. Ал басқа тілді емізікпен салыстыруға болады. Емізікпен өскен баладан ана сүтіне уызынан жарыған баланың артықшылығы көп екені анық. Қазақ халқының тілі ғасырлар бойы өзінің түбірін сақтап келуі біздің тіліміздің айырықша  бай әрі мағыналы екенін көрсетеді. Мысалы, Адам деген  алғашқы пайғамбардың аты  халқымызда  кісі деген ұғымда сақталған. «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын» – деген Абай сөзі ойға оралады.

  Көрнекті көсемсөзші Міржақып Дулатов 1920 жылы «Кедей сөзінде» жарық көрген «Октябрь төңкерісінің үшінші жылы» атты мақаласында («Ақиқат» журналы, №4,1998 ж.) қызыл тілге ерік береді:

«Ешкімге бағынбаған, тірі жанға жалынбаған, еркі өзінде, ерке жауынгер. Ержүрек, жігерлі, өзі көсем, серке еді. Ақкөңіл, ақжарқын, уағдашыл, айтқан сертке берік еді.

  • Бұл кім десеңіз?
  • Қазақ еді!
  • Сарыарқаны жайлаған, есепсіз мал айдаған, соңы қоңыс, тұнық су, шалғынға бие байлаған, көл жағалай ел қонып, ат шаптырып, той қылып, мереке, қызық күн сайын, жарыс салып жас ұлан, қыз-бозбала ойнаған, уайым жоқ, қайғы жоқ,

      –  Бұл кім еді десеңіз?

  • Бұл қазақ еді!

Құл болды. Құр болды. Жайылып, жатқа бас ұрды. Басынан ерік, малынан билік кетті. Жер мен судан айырылды. Жігері қатты жасыды. Қоянжүрек қорқақ болды. Партия деген пәлеге жолықты.

        – Бұл кім?

        – Бұл да қазақ!

Бірақ, бұл – орыс патшасына бағынып, өткен күнін сағынып, бір көруге зарығып, жарық сәуле көре алмай, қараңғыда қамығып, жыламсырап, қамыққан қазақ елі».

Мақала осындай өлеңге бергісіз, адам айтса сенгісіз, жігеріңді жанитын, намысыңды қайрайтын сөйлемдерден басталады. «Бұл кім еді?» деген сауалды қайта-қайта қою арқылы автор эмоциялық әсерді одан ірі ұлғайта түседі. Сол сауалдарға да бір-ақ сөзбен: «Бұл қазақ еді!» деп жауап береді. Үзінді ұйқасты сөздерге құрылған қызыл тіл емес, ойлы, жігерлі, айтар ойы анық, бояуы қанық. Міржақыптың бұл ойы  жігерлі де айшықты ана тілі арқылы жұрт жүрегіне жетті.

Арада көп уақыт өткенде жазушы Әбіш Кекілбаев: «Жаңа тәуелсіз мемлекеттер кешегі империяның эпицентріне географиялық жағынан да, менталитеттік жағынан да әлдеқайда жақын тұр. Олардың көпшілігінің былайғы дүниемен тікелей байланысы болмаған. Азын-аулақ қарым-қатынасының өзі тоталитарлық орталық арқылы жасалған. Мәдени, ғылыми, саяси байланыстары да империялық мемлекеттік тіл арқылы жүзеге асқан. Сондықтан ешқандай батыстық не шығыстық ыңғайластық турасында сөз етуге болмайды. Сондықтан «сандық» ішіндегі «сандық» қалпында өмір сүріп келген шет аймақтық қауымдарға ашық қоғам үрдісіне көшу оңайға түспей жатқандығы түсінікті. Оның үстіне олардың бұған ұлттық мемлекет түгілі, ұлттық қауым ретіндегі даралығы да тым шектеулі еді. Бұның бәрі астыртын адамзаттық қоғам құрмақ түгілі, жөні дұрыс оппозиция иемденуге де мүмкіндік бермеді. Ашық қоғамдармен тікелей байланыстарға шығуға еш саңылау қалдырылмаған қауымдарда диссиденттікке де жол берілмейтіндігі, Арктикада апельсин өспейтіндігі секілді, өзінен-өзі белгілі ақиқат. Олардың үйде тұрып маңыраған жетім лақтай, өз тағдырына налыған өкпе-наздарынан қалған әлем бейхабар жатты». («Басты мұратымыз – баянды елдік». («Егемен Қазақстан» газеті, 12 маусым 2004ж.)  – деп толғанды.

Алаш қайраткерлерінің аңсаған арманы өз жерімізде, өз елімізде ана тілін төрге шығару болатын. Ол бүгінгі  жастардың және келер ұрпақтың парызы.

Ақылбек Шаяхмет,

жазушы, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар