«7-20-25» бағдарламасы аясында 27 миллиард теңгеге өтініш қабылданған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихаты барысында «Баспана» Ипотекалық ұйымының» басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«2018 жылдың 11 қыркүйегіндегі көрсеткішіне сәйкес, «7-20-25» бағдарламасы аясында 27 миллиард теңге қаражат көлемінде өтініш қабылданған. 18 миллиард теңгелік өтініш банк тарапынан мақұлданған. Мақұлданған несиелердің тамыздағы көрсеткіші шілдеге қарағанда екі есеге өскен», - деп хабарлады Қайрат Алтынбеков.
Сонымен қатар ұйым басшысы жаңа бағдарламаға белсенді қатысып жатқан өңірлерді атады. Айтуынша, Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау облысы «7-20-25» бойынша көш бастап тұр. Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан және Ақмола облыстары да несие өсімінде алда келе жатыр. Ал Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары арасында белсенділік байқамайды. Мұның себебін Алтынбеков аталмыш өңірлерде жеке құрылыс компаниялардың аздығымен түсіндірді.
Бұған қоса Қайрат Алтынбеков қыркүйек айының ең жоғары көрсеткіш көрсеткенін мәлімдеді.
«Мәселен, егер «Нұрлы жер» бағдарламасы бүкіл тарихында 37 миллиард теңге көлемінде болатын несиелеу процесін орындаса, «7-20-25» небәрі екі айдың ішінде бұл көрсеткіштің жартысынан асып түсті. Меніңше, бағдарлама өте тиімді, әрі көш бастап тұр», - деді Қайрат Алтынбеков.
Бағдарламаға қатысты тұрғындар қызығушылық танытып отыр. «Баспана» басшысының мәлімдеуінше клиенттермен ешқандай қиындықтар тумайды.
«Айтарым, тұрғындар арасында да қызығушылық артқан. Банк-серіктестерімізге сұрау салып, білгісі келетін жандардың саны күн санап артып келеді. Алайда бағдарламаның басты талаптары бәріне мәлім. Алғашқы жарна 20 пайыз, жылдық мөлшерлеме 7 пайыз, несиенің ең ұзақ мерзімі 25 жылға дейін», - деп түсіндірді «Баспана» Ипотекалық ұйымының» басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.
Әрі «Баспана» басшысы «7-20-25» бағдарламасына белсенді қатысып жүрген клиенттердің қандай болатынын да сипаттап берді. Айтуынша, көбіне 24-40 жас аралығындағы азаматтар келеді. Табыстары тұрақты.
«7-20-25» бағдарламасы 4 шілдеден бастап ресми түрде жұмысқа кірісті. Бұған дейін ҚР Ұлттық банкі бағдарламаға қатысатын серіктес банктерді атаған.
Тізімге 7 банк енді. Олар: Банк Центркредит, Евразия банкі, АТФ банк, Халық банкі, банк RBK, Цеснабанк, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі.
Жуырда Сбербанк пен Forte банк қосылды.
Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 наурызда жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында жасалды. Бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар жылына 7 пайыз үстемемен 25 жылға беріледі. Әрі алғашқы жарна – 20 пайыз.
Бағдарламаға Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. Шарттары да жеңіл. Азаматтың басында жылжымайтын мүлкі болмауы шарт. Әрі бағдарлама бойынша Қазақстанның кез келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау қалаларының ең максималды 25 млн теңгеге баспана сатып алуға болады.
Жалпы бағдарлама төрт кезеңде іске асырылады:
Біріншіден, қаржы тартудың формасын қалыпқа келтіру керек. Екіншіден, бағдарламаны тиімді іске асыру үшін компанияны қаржы агенттігі тануы керек. Үшінші кезеңде, бағдарламаның жаңа мүмкіндіктері әркімге жеңілдік талаптарын беретін мемлекеттік теңдесіз қадамы. Төртіншіден, жеңілдік берілген ипотекалық несиелер толық қамтамасыз етілген және түгел қайтарымды болуға тиіс екендігінің көрінісі.
Пікір қалдыру