«Ақ бұлақтан су алған, Ақ шуаққа қуанған-ай. Ғашық қылған қара көз, Енді есен бол – ай». Қоңыр күздің қоңыр кешінде «Қоңыр» тобының осы әнін тыңдағаным есімде. Қанша тыңдағаным белгісіз, тек менің жүрегімнің жетігені шертілген еді. Қазақ қоңырды сүйе білген халық. Өзінің ұнатқан нәрселерін қоңырға балайды. Құлақтан кіріп бойды алар әсем әнді қоңыр әуен десе, жас сәбиді қоңыр қозым, қойдай қоңырым деп еркелетіп жатады. ''Қоңыр'' деген атау қазақ баласы үшін түсінуге тіптен оңай. Ол қазақ ұғымында тек реңді ғана білдірмейді, керісінше адамның мінез-құлқын, ниетін де әйгілейді. Әсіреқызыл да емес, шаңқан ақ та емес, майдалық пен жұмсақтылықты көрсетеді. Сондықтан да бұл топтың атынан әдемілікті, сүйкімділікті сезуге болады. Атына заты сай осы топтың аты қалай қойылғаны мені қатты қызықтырады. Әншілері де зергердің құйған затындай дәл жолыққан. Үндері де сылдырап келіп құйылған өңшең бұлақ.
Өшкіндеп қалған өмірді жалғап, өткенмен қайта қауыштырып, жұлдыздай жарық шаштыңыздар қазақ ән әлеміне. Әуені шуылға, ортасы даңғазаға айналып кеткен бүгінгі күндері сіздер секілді қазақи бояуы қанық ән айтатындардың ортаға келуі адамның сарайын ашып, тынысын кеңейтеді. Қазақ эстрадасының бұл күндері қалай бет алып бара жатқаны бәрімізге белгілі жайт. Ал сіздер эстрада нәрін батыстан емес қазақ даласынан, қазақтың ғасырлық халық әндерінен іздедіңіздер, бұл «Қоңыр» тобының ұтқан жері. Бейне қайта оралған жыл құстарындайсыздар. Алты қырдан айналып келіп, құлақтан кірер жағымды үн мен әсем әуен қан тамырымды аралай келіп, жүрегіме нұр боп құйылып жатады. Қыры мен сыры мол құндылықтарыңыз әрқашан менің алдымда бөгенайы бөлекше сезіледі. Сіздерге деген құрметімнің бір себебін этникалық музыка аспаптарының әсері деп білем. Олай болатыны, сіздер домбыра, шертер, саз сырнай, шаң қобыз секілді ұлттық аспаптардан ұтымды пайдаланасыздар. Қазіргі күнде ұмыт бола бастаған халықтық аспап, соның ішінде ең алғашқы нұсқаларын қайта әкелгендеріңіз үшін қуаныштымын. Әрі сіздердің қоңыр үндеріңізге тербеліп тірлік етіп жатқан Қазақстан халқы бақытты деп ойлаймын. Осы шақта сіздердің сахнадағы бейнелеу әдістеріңіздің өзі мені қатты ойландырады. Киімнің сәйкестілігі, өзгермейтін орын тәртібі, музыка аспаптарын орынды қолдану, дыбысты құбылту, өзгеше бояу беру дегендердің барлығы да маған өте ұнайды. Әсіресе «Қара көз қалқа», «Қоңыр қаз» әндеріңіз атымен де, затымен де тыңдағанның жанын тебірентеді. Орындаушысын таппаған ән сүйгенніне қосыла алмаған қыздың күнін кешері шындық. Тұрсынжан Шапайдың әндерінің бағының ашылуыда орындаушысын тапқандылығы. Иірімі терең, қатпары мол бұл әндерді жаңаша сипатта халқпен қауыштырдыңыздар. Бұл ғана емес, «Угай-арман», «Дүние» атты әндерді Орындауларыңызбен де халық сіздерді жоғары бағалайды. Өз ішімнен ыңылдай кетсем ауызыма түсері «Қоңырдың» қоңыр әндері. «Сен қайдағы ей, қалқа, мен қайдағы, Бақ жұлдызым жанса екен маңдайдағы. Қатар ұшсақ қалықтап қоңыр қазым, Саған айтпай кімге айтам көңіл назын» Махаббат, сүйіспеншілік, наз, құмарлық, құштарлық, бәр – бәрі осы әнмен жетіп тұрғандай. Қандай риясыздық. Осы қайырманы қайталағандарыңызда, адам өткен күндермен де, келер болашақпен де бір сырласып қайтқандай күй кешеді. өмір туралы ойланады. Сондай табиғи, сондай мұңлы. Оған қоса таза ұлттық үннен ажырамай әр көңілдің ажарын ашып, әр таңдайдың сусағанын басарлықтай қоңыр ұнмен жеткізу сіздердің ғана қолдарыңыздан келетіндей сезіледі маған.
Меніңше тыңдарманын сүйіндірер тұстар бұл ғана емес, халық әндерін таңдап айтуда да айта қалсын марапаттарға иесіздер деп айтуыма әбден болады. Жай тыңдап отырып ғана тұрмыстық атауларды, ұмытылып бара жатқан сөздердің жүрегіңе жылы тиіп, қайталанып жатқанын сезесің. Сондықтан да көңілден оңай жол табатын шығар. Сол үшін сіздер тек ән салып ғана жүрген жоқсыздар, қайта ұлттық таза әуенді, рухани байлықты таратып та жүрсіздер деп айтқым келеді. Бұны қалай дәлелдей аламын, әрине мысалы көп. Яғыни, «Ақ бұлақтан су алған, ақ шуаққа қуанған», «Қимай кетіп барамын, қара көзім қалды деп» келетін ән әуені қандай әдемі көрністі елестетеді?! (әні мен сөзі Тұрсынжан Шапай) Бұлаққа келіп су алып отырған сұлу қыз, ол сондай көңілді. Дәл осы суретті көріп отырғандай сезімге кенелеміз. Ұлттық сарын деген осыдан артық болмас музыка әлемінде. Міне, бұл жеткізушінің құдыреті. Демек, бұл айтулы «Қоңыр» тобының табысы саналмақ. Бұл жағын талғампаз халық таразылап үлгіреді және қуана қабылдайды деп айтсам артық болмас?! «Қоңыр» тобының қай әнін тыңдасамда ерекше толқимын, онда ойнақылық та, назды такаппарлық та, сабырлы салмақтылық та бар, музыкасы болсын, әні болсын мені жалт қаратар жаңалығы өте көп. Сахынада «Қоңыр» тобы әншілерінің даралық қасиеттері мен ұйысқыштық қуаты қатар көріліп жатады. Олай дейтінім, кейде әнші топтардың сахнада біреуі ән айтып жатқанда екіншісі не істеп тұрғанын білмей қалатын немесе, иа ойнақтап өз алдына кететін, иа бір орында солдаттай қатып тұрып қалатынын көп көреміз. Ал «Қоңырда» сол бір қалыпты ырғақ, ритім әдемі тербеліс сақтап, оған қоса бірі айтқанда екіншісі оған дыбыстық бояу қосып әннің ажарын тіпті де аша түседі. Оған қоса әнде музыкалық аспапты тек жігіттер жағы меңгереді. Мархабат Мықтыбеков ағамызды айтсақ домбыра, шертер сяқты қос сазымен қоса саз сырнайды да алып жүреді, және оларды қатар қолданып ән орындағанда ешқандай шаршағандық, қиналғандық білінбейді. Бауыржан ағамыз болса көбінде әнді бірінші болып бастайды, әрі сондай бір қалыпты бейнеде қоңыр үнін әуелетеді, осылайша орталарындағы әйел заты Жазира Қошановаға әдемі бір еркіндік, қолайлылық тудырып отырады. Соған сай Жазира да сондай ерке, сондай кербез түрде әсем үнін құбылтады. Бұдан ақ ол кісілердің қыз балаға деген құрметін, еркелетушілік сезімін көру қиын емес әрине. Демек, «Қоңыр» тобының әні де сұлу, жаны да сұлу. Қатпары қалың, тамыры терең. Күйкі тірліктің күйбеңіне түсіп, шаршаған шақтарымда осы әндерді тыңдап жаныма қуат, ойыма шабыт аламын. Аяулы «Қоңыр» тобы әншілері, сіздерді экраннан ғана емес, көз алдымда көргім келеді. Жаңа әндеріңізбен, әсем үндеріңізден сусындағым келеді. Қоңыр деген осы сипаттарыңыз мәңгі өшпесін. Есімдеріңіз бар қазаққа мақтаныш, эстрада әлеміне өнеге болып қалсын дегім келеді. Жаңа шабыт, тартымды табыс тілеймін сіздерге! Әндерімен халықтың жүрегінен орын алған «Қоңыр» тобы менің сіздерді көргім келеді! Риза Ысқаққызы