Қытай Халық Республикасында халықаралық мергендер сайысы өтті. Қазақстан атынан жарысқа түскен Ұлттық ұлан «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері төрт номинациясының нәтижесі бойынша екінші командалық орынға ие болды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Мергендер жарысына әлемнің 21 елінен 100 мерген қатысты. Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы дәлдеп атудан күш сынасып, зор жетістіктерге қолжеткізді.
Айта кету керек, қазақстандық мергендер «Кешенді жауынгерлік снайпинг» номинациясы бойынша екінші орынға ие болды. Жаттығулар таулы аймақта өтті. Мергендер 10-нан бастап 600 метрге дейінгі ара қашықтықта, жеті нүктеден тапанша мен мергендік мылтықтан оқ атты.
Топтық снайпингте де қазақстандықтар жақсы нәтиже көрсетті. Ұлттық ұланның мергендері бақылау және бағыт табу, таңдаулы нысаналарды табу және таудағы алыс қашықтықта іздеу атысы жаттығулары бойынша 3 және 5 орындарды иеленді.
Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағына тұтқындарды босату тапсырмасы бойынша жаттығуды жақсы жасады. Қазақстандық команда барлық төрт жылжымалы «лаңкес-тұтқын» нысандарына дәл тиіп, барлық қатысушылар арасында үздік нәтиже көрсетті. Бұдан бөлек арнайы жасақ жауынгерлері екі оқпен екі нысанға тигізіп арнайы жүлде жеңіп алды.
Жарысты Қытайдың Халықтық қаруланған полициясы ұйымдастырды. Оның мақсаты - әр елдің антитеррорлық күштері арасында тәжірибе алмасу және достықты күшейту.
Бұдан бөлек, жарыс терроризммен күресте әлеуетті әрі қарай дамытуға, сондай-ақ, мергендердің жауынгерлік даярлығын және кәсіби біліктілігін көтеруге бағытталған.
Антитерорлық арнайы операцияның ерекшеліктерін ескере отырып, аталмыш жарыстар 12 пәндік төрт санаттан құралды. Оның үстіне, әр түрлі жарыстар әр жерде бір мезетте өткізілді.
Екі жылда бір өтетін жарыс алғаш рет 2016 жылы Бейжіңде 15 елдің қатысуымен өткен.
Пікір қалдыру