Көркем әдебиет сыншысы, публицист Амангелді Кеңшілікұлының 50 жылдық мерейтойына орай «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті. Шығармашылық кеш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Әрі айта кетерлігі, оны ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясы. Кештің құрметті қонағы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мерейтой иесін құттықтады.
«Амангелді Кеңшілікұлы – әке ізін жалғап, қазақ әдебиетінде өзінің орнын, қолтаңбасын қалыптастырған таптырмас қаламгер. Оның сыни еңбектері мен эсселері оқырмандарды терең ойға жетелейтіні сөзсіз. Бір өкініштісі, бүгінгі қазақ әдебиетінде сыншылық жанры дамудан кері шегініп барады. Бұрынғымен салыстыруға келмейді. Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев секілді жазушыларымыз қалыптастырған дәстүрді бүгінде жалғастырып жатқан сыншылар кемде-кем. Бүгінгі мерейтой сол сыншыларымыздың ізін жалғастырып келе жатқан тұлғалардың бірегейіне арналады» , - деді Мәулен Әшімбаев құттықтау сөзінде.
Еске салып өтейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ерекше тоқталып өткен еді. Әрі Назарбаев бағдарламаның халық арасында кең қолдау тауып, қоғамның жаңғыруына септігін тигізетінін айтып өткен. Бастаманы әрі қарай жалғастыру жеткіліксіз, бағдарламаның аясын жаңартып, өзгертіп, өзгеше бағыттармен толықтыру – Елбасының басты тапсырмаларының бірі. Осыған орай еліміздің әр өңірлерінде ауқымды жұмыстар басталып та кетті.
Сондай шаралардың бірі публицист Амангелді Кеңшілікұлының 50 жылдың мерейтойына арналған мерекелік кеш. Кешті танымал сатирик-жазушы Көпен Әмірбек жүргізді.
Айта кетейік, қаламгер жазушылықпен қатар, партияның да белсенді қызметкері болған. Бұл туралы айтқан Мәулен Әшімбаев Кеңшілікұлына зор алғысын білдірді. Елбасының тапсырмаларын орындауда әрі елдің әл-ауқатын дамытуда өзінің үлкен үлесін қосқан жазушының еңбегін айрықша атап өтті.
Әшімбаевтың айтуныша, Назарбаевтың тапсырмасына орай, «Нұр Отан» партиясы ақын-жазушыларға кеңінен қолдау көрсетіп келеді. Бұл тұста таяуда ғана «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы арасында меморандумға қол қойылған еді.
♦«Нұр Отан» мен Жазушылар одағы ынтымақтастық құжатына қол қойды
«Партия төрт жобаны қолға алып, оларды Жазушылар одағымен бірлесіп жүзеге асыратын болады. Төрт жобаға тоқталып өтсек, біріншісі ақын-жазушыларымыз бен сыншыларымызды ынталандыру әрі қолдау мақсатында әдеби байқау өткізу; қаламгерлер өз ойларын еркін білдіре алатын телебағдарлама ашу, «Астана» арнасында ашылады деп жоспарланып отыр. Технология жетістіктерін тиімді пайдалана отырып, YouTube желісінде арнайы әдеби канал ашу. Соңғысы партиялық бастамала аясында ақын-жазушылармен кездесулер өткізу, кездесу кештерін өткізетін арнайы клубтар құру», - деп түсіндірген Мәулен Әшімбаев осы шараларды жүзеге асыру барысында Амангелді Кеңшілікұлының зор үлесі тиеріне сенім білдірді.
Кеңшілікұлын мерейтойымен құттықтай отырып, Алғыс хатпен марапаттады.
Шығармашылық кешке арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, бүгінгі қазақ әдебиетінің алыптары Төлен Әбдік, Қажығали Мұханбетқалиұлы, тағы да өзге әдебиет майталмандары Амангелді Кеңшілікұлына ақ жарма тілектерін арнады. Белгілі өнер жұлдыздары әсем әндерімен кештің ажарын аша түсті.
Амангелді Кеңшілікұлы 1968 жылы 21 тамызда Алматы қаласында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1992 жылы «Арыс» қорында, 1997 жылы «Санат» баспасында, Қазақ телерадиосы корпорациясында, 1999 жылдан Алматы қалалық мәдениет және қоғамдық келісім басқармасында жетекші маман, Қазақстан Мемлекеттік Орталық музейінің аударма бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. «Жұлдыз», «Парасат», «Таңшолпан» журналдарында, «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Өркен», «Алтын орда», «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттерде әдебиет, саясат, әлеуметтік мәселелер туралы мақалалары, эсселері жарық көрген. 1999 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы ҚР Президенті стипендиясының иегері. 2002 жылы әдебиет саласындағы «Сорос – Қазақстан» қорының грантын жеңіп алды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005). Шығармалары: Ақ жауын. Әдеби сындар. Астана, «Елорда», 2001; Қарлығаш-дәурен. Әдеби-сын, публицистика, эсселер. А., «Қаламгер Тен», 2003.
Пікір қалдыру