Студенттер Роза Рымбаеваға шыныға бейнелеген портретін сыйға тартты

/uploads/thumbnail/20181029161718235_small.jpg

Қазақстанның Халық әртiсі, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаева Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қарасты витраж өнері туындыларын дайындайтын шеберханасында «Сәндік және қолданбалы өнер» мамандығы студенттерімен кездесті. Шығармашылық кездесу барысында витражды лабораторияның меңгерушісі,  Қазақ Республикасының Тұңғыш Президенті қоры  грантының иегері  Жанна Тыныбекова халықтың сүйікті әншісіне фьюзинг пешінде әйнекті пеште пісіру технологиясымен жүзеге асырылатын күрделі витражды өнердің қыр-сырларымен кеңінен таныстырды.  

Жүргенов

Шыныдан жасалатын өнер туындылары ерекше физикалық және декоративтік қасиеттерге ие табиғи материалдан дайындалады. Алайда асқан шеберлік пен қажырлы еңбектің арқасында дүниеге келетін өнер туындылары көрсең көз тоймастай ерекше  көркем. Мұндай   ғажайыптарды шығаратын үлкен екі пеш Қазақ Республикасының Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен сатып алынған.

Сәндік қолданбалы өнер мамандығында тәлім алып жүрген 4 курс студенті Дана Алилаева «Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлғаның портреті» атты шыныдан жасалған кескіндеме курсының шығармашылық туындысында өзінің сүйікті әншісі, өнер қайраткері Роза Рымбаеваның  портретін сомдады. Бұл оқу тапсырмасындағы ең күрделі кезең. Ондағы мақсаты туындыға ұлттық колоритке басым сипат бере отырып, портреттік ұқсастықты шебер орындауға қол жеткізу болатын. Жұмысты дайындаудың алғашқы кезеңі мөлдір әйнекте портрет салу, содан соң әртүрлі түспен өңдеуден тұрады. Екінші кезеңде көркемдік ерекшелігіне қарай қажетті түстерге енбейінше қайта-қайта 800 градус ыстық пешке салып отырады.

Студенттердің шығармашылық жұмыстарына тәнті болған  әнші: «Елбасының  "Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады" деп айтқан қанатты сөздерін әрқашан жадыда ұстаңдар. Иә, қазақ елінің ардақты ұлдары ақын Абай, хан Абылай, суретші Әбілхан Қастеев сынды дара тұлғаларының жалғасы – бүгінгінің қазақ өнерін қастерлейтін жастар! Өздеріңдей дарынды жастары еліміздің рухани жаңғыруына үлес қосатынына сенімдімін», - деп жылы лебізін білдірді Роза Қуанышқызы.

Кездесудің соңында кескіндемеші студенттер әнші Роза Рымбаеваға шеберліктің ғажайып үлгісімен нәзік әрі түсі қанық шыныға бейнелеген портретін сыйға тарту етті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар