Өткен аптада Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығында «Бұқаралық ақпарат құралдарында туберкулез тақырыбының жазылуы» деген атпен журналистерге арналған тренинг өтті.
Бұл шараның негізгі мақсаты айқын. Ол, әрине, журналистер қауымына туберкулез тақырыбында дұрыс жазуды, осы салаға қатысты қолданылатын терминдерді орынды пайдалануды үйретеді. Және науқас адамдардың көңіліне келетін сөздерді қолданудан абай болуға шақырады. Себебі, бәріміз жақсы білеміз, ауру мазасын алған жанның көңіл-күйі тез өзгеріп отырады. Міне, сондықтан, дәл туберкулез тақырыбын сауатты жаза білу аса маңызды. Өкінішке қарай, елімізде салалық журналистика, оның ішінде медициналық журналистикаға маманданғандар саны тым аз. 4 сағатқа созылған тренинг барысында осындай ауқымды мәселелер сөз болды.
Сонымен қатар, Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығының директоры Тілеухан Әбділдаев жыл санап туберкулезге шалдығатындар саны азайып келетінін айтты. Алдағы уақытта да туберкулезге қарсы күрес жалғаса бермек. Себебі, бұл аурудың деңгейін неғұрлым төмендетуге бәріміз мүдделіміз.
Тренинг аясында халықты туберкулез туралы ақпараттандыру, журналистерді бұл тақырыпты аса жауапкершілікпен және қырағылықпен жазу мәселесін қатысушылар ұзақ талқылады. Тек қана журналистер емес студенттер, денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары түрлі тақырыпта дәріс тыңдап, пікір алмасты. Журналистер туберкулез тақырыбына материал жасаған кезде бірнеше қиындықпен кездеседі екен. Олар:
- Статистикалық ақпараттың аздығы;
- Негізгі кейіпкерді табу қиындығы;
- Тақырыпқа қатысты терминдерді дұрыс түсінбеу.
Тренинг кезінде туберкулез туралы газет-журнал беттерінде жарық көрген, телеарнадан көрсетілген материалдарда статистикалық деректердің қате берілетіні, көп жағдайда журналистің сенсация қуып, осы аурудың зардабын арқалап жүргендердің көңіліне келетін сөздерді қолданатыны анықталды.
Бұдан соң журналистер мен өзге де қатысушылар бұрын БАҚ бетінде жарық көрген туберкулезге қатысты материалдарға редакторлық талдау жасады.
Тренинг соңында тубдиспансерде ұзақ жылдар бойы емделген адамдармен сұхбат жүргізілді. Журналистер өздерін қызықтырған сұраққа толық әрі нақты жауап тапты. Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, алдағы уақытта осындай пайдалы тренингтер өткізіліп тұрса деген тілекпен тарасты.
Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығының баспасөз орталығы