Алматыда «Елтаным» байқауы мәресіне жетті

/uploads/thumbnail/20181119175323526_small.jpg

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма ұйымдастыруымен бірнеше турға созылған «Елтаным» байқауы мәресіне жетті. Имамдардың ұлттық құндылықтарды қаншалықты меңгергенін, салт-дәстүр мен ұлы тұлғалардың дін жайындағы еңбектеріне қатысты білімдерін сарапқа салған жоба жоғары деңгейде өтті.

Мемлекеттік тіл жанашыры, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы, қоғам қайраткері О.Асанғазы ханымның ұсынысымен жүзеге асқан жобаға Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы А.Есенбеков пен шаһардың бас имамы Е.Шоқай мырзалар ұйытқы болды.

Алғашқы турдан өткен 25 имамның арасынан ақтық сынға 8 үміткер жолдама алып, келесі бағыттарда бақ сынады:

  1. Ұлттық салт-дәстүр мен ислам діні қағидаттарының үндестігіне қатысты білімін бағалау;
  2. Қазақ даласына ислам дінін таратушы ұлы тұлғалардың еңбектерін білу деңгейі;
  3. Уағыз барысында сайыскер тілінің әдеби нормаға сай тазалығын таразылау.

Үміткерлер деңгейін дін мен дәстүрде жетік ғылым докторлары, ғалымдар анықтады.

Сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені (300 мың теңге) күні ертең ашылу салтанаты өтетін Алатау ауданындағы Д.Қонаев мешітінің бас имамы М.Кулсумаков жеңіп алды.

1 - орын Жетісу ауданы Сұлтан-Қорған мешітінің азаншысы М.Касимов (200 мың теңге);

2- орын Бостандық ауданы «Орбита – 3» мешітінің наиб имамы Е.Мәжен (150 мың теңге);

3- орын Наурызбай ауданы Қарағайлы мешітінің наиб имамы Т.Пернебекұлы (100 мың) иеленді.

Ал арнайы номинация бойынша (75 мың теңгеден) Орталық мешіттің наиб имамы Қ.Ашимов, Әуезов ауданы Ақсай мешітінің наиб имамы Қ.Абишев иеленсе, ерекше көрсеткіші үшін (50 мың теңгеден) Бекет ата мешітінің наиб имамы Б.Сабралиев, С.Рахимбаевтар марапатталды. Бұдан өзге «Елтанымның» биік деңгейде өтуіне ат салысқан қазылар алқасының мүшелеріне, бәйгенің іріктеу сынына қатысушылары да Алғыс хатпен марапатталды. Байқау барысында белгілі өнер жұлдыздары Е.Қанаев, А.Тұрғынбек, Б.Бәзілжанов өнегелі сөзбен өрілген жыр-термеден шашу шашты. Қазылар алқасының мүшесі филол.ғ.к., абайтанушы, «Харекет», «Жақсы» кітаптарының авторы Омар Жәлелдің,қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазының, т.б.сөз сөйлеген белгілі тұлғалардың ұлттық рухқа дем берген лебіздері «Елтанымның» абыройын асқақтата түсті. Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди мырза қазақ халқының отансүйгіштік ықыластарына ризашылығын жаудырып, мұндай шараларға әрдайым қолдау білдіретіндігін жеткізді. Ал ұйымдастырушы Алматы әкімдігінің басқарма басшысы Айдар Рахымжанұлы «Елтаным» жобасы дәстүрлі жалғасын табады деп көпшіліктің қуанышын еселей түсті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар