Қазақ тілді интернет кеңістігі соңғы жылдары жаңа серпінмен дамып келе жатыр. Мұндағы ойын-сауықтық әрі «таныс-білістік» жеңіл-желпі контенттің орнын салмақты танымдық материалдар мен сапалы сурет-видеолардың қарасы басуда.
2014 жылы өткен «Блогиада» байқауы қалам-фотоаппарат ұстаған талай жастың блогерлікпен шындап кірісуіне мұрындық болды десек, артық айтқандық емес. Сондай-ақ, наурыздың 26-сында басталған «Қазақия-2015» байқауы да Қазнетке жаңа леп әкеліп отыр. Алдын ала екі тур арқылы іріктеліп алынған үміткерлер тобы ұлан-ғайыр қазақ даласын жалғап жатқан шойын жол бекеттерін басып өтіп, көрген-түйгендерін оқырманмен бөлісіп отырды. Қалың қазақ көк жәшіктен көре бермейтін, қағаз газеттен оқи бермейтін ақпаратты ғаламтор арқылы лезде бөлісіп отыратын мұндай мобильді жоба бұрын-соңды болмаған.
Бір аумақтан бір мезетте сан түрлі көзқарас пен сан түрлі ақпараттың оқырманға беріліп отыруы – қазақ блогерлерінің қарым-қабілетін жаңа деңгейге көтеріп тастады. Осы тұрғыда, егер «Қазақия-2015» жобасы алдағы жылдары да жалғасын табар болса, жастар арасында ашық бәсеке мен теңдессіз тәжірибеге үндейтін тәуелсіз журналистік мектепке айналуы мүмкін. Биылғы жылғы байқаудың басты лозунгісі – «Еліңді таны» екен.
Яғни, блогерлер жорығы түрлі аймақтың экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ дәстүрлі танымы жайлы сапалы материалдар жазып, қазылардың бағалауына тапсырады. Атап өтерлігі, сайыста сынға түсетін материалдардың негізгі жарияланым алаңы – әлеуметтік желілер. Оның ішінде Фейсбук арқылы көпшілікке ұсынылған фото-видео және мәтіндік материалдардың көрілім саны, ұнату батырмасының, сондай-ақ бөлісу санының жиынтығы ескеріле отырып, қазылардың шешімімен жеңімпаз анықталады. Жобаның жүлде қоры – 1 000 000 теңге.
«Қазақия-2015» блог-сапарының соңғы нүктесі – Астана қаласы болмақ. Үміткерлер арасындағы бәсеке мәреге жақындаған сайын қыза түсіп, оқырман арасында түрлі талқылаулар жүруде. «Алтел» компаниясы қолдау білдірген сайыстың жеңімпаздарының есімі 22 сәуірде белгілі болады.