1 наурыз күні ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар өндіретін «Әдемі-ай» компаниясы және «Әдемі-Ай» өнер мұражайы бірлесіп «Ұлт жауһарлары» атты көрме өткізді. Көрме 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесінің құрметіне орай ұйымдастырылып, онда көне жәдігерлер мен жаңа кәдесыйлар ұсынылды.
Көрмеге Алматы қаласының әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, Алматы қаласы әкімшілігі жанындағы «Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі гендерлік комиссия» мүшелері, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Көрмеде сөз алған Зәуреш Аманжолова бүгінгі «Әдемі-Айдың» осы игі шарасын өте жоғары бағалап, жаңа кәдесыйларға деген таңданысын жасырмады. Ұлт мұраларын ұлықтап жүрген Бахаргүл Төлегенқызына игі тілектерін айтты. Көрме соңында сөз алған компания директоры Бахаргүл Төлегенқызы жиналған көрерменді келе жатқан 8 наурыз халқаралық әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, компанияның бүгінгі мақсаты туралы былай деді: - Біздің бастапқы мақсатымыз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізге сай кәдесыйлар шығару болатын, соған сай осы күнде жұмыс жасап келеміз. Жалпы бүгінгі сіздерге көрсетіп отырған кәдесыйларымыз- біздің дизайнерлер тобының соңғы 6 ай көлеміде жасаған еңбегінің жемісі. Біз қазір мұражайда тұрған байырғы бұйымдарымызды жаңғыртып, негізгі ерекшеліктерін сақтай отырып, бүгінгі күнге сай нұсқасын жасауды қолға алдық. Мәселен, алдарыңызда тұрған өңіржиек, құдағи жүзік, шашбау, білезік сияқты әшекей заттырда осыдан 2 ғасыр бұрынғы белгілер қаз қалпында сақталды. Құрметті БАҚ өкілдері, біздің осындай атқарып жатқан жұмысымызды ел-жұрт біліп, артық-кемімізді айтуы тиіс деп ойлаймыз, ол үшін сіздердің көмектеріңіз, қолдауларыңыз ауадай қажет. Сол үшінде осы көрмені ұйымдастырып отырмыз. «Әдемі-ай» компаниясы ұсынған жаңа кәдесыйлардың қатарында, қазақ елінің тарихынан сыр шертіп, бүгінгі келбетін бейнелейтін «Қазақстан тарихы» табақшасы, «Наурыз», «Жеті қазына», «Ертоқым» картиналары, зергерлік әшекейлер, жібектен жасалған тоқыма бұйымдар, өңірлерге арналған табақшалар топтамасы, қазақ халқының соғыс қарулары мен саз аспаптары үлгісінде жасалған флеш-карталар болды. Осындай көрме жуырда Астана қаласында өтеді деп жоспарлануда.
Пікір қалдыру