Әлемде екі Қазақстан бар ма?

/uploads/thumbnail/20170708175703403_small.jpg

Кешкісін жұмыстан келіп тізе бүккенім сол еді, бастауыш мектептің екінші сыныбында оқитын балам: - Әке, әлемде неше Қазақстан бар ? - деп сұрамасы бар ма. Әуелде бала сөзіне толық мән бермеген мен, самарқау үнмен: - Жалғыз ғана Қазақстан бар - дедім. - Сонда қалай, - деді балам көзін маған қадап, - мына теледидардың бір арнасына қосылсаң жақсы, әдемі Қазақстанды көрсетеді де, басқа арнасында мүлде басқа Қазақстанды көресің. Онда неше түрлі апаттарды, жылаған адамдарды, тозған жолдарды, қылмыскерлерді көресің, мен ол Қазақстанда тұрғым келмейді, қорқам, - деді кінәлі жандай жанарын төмен салып. Мен сонда барып оның нені меңзеп тұрғанын түсіндім де, баламды құшағыма алып: - Қорықпа балам, әкең бар да ештеңеден алаңдама. Өзің айтқан жақсы, жаман Қазақстанда біз тұрамыз. Ол жақсы болсын, жаман болсын бәрібір біздің ұлы отанымыз. Одан басқа мемлекетіміз жоқ, - дедім баламның майда шаштарын аялай сылап. Балам нәзік те жылы қолдарымен мойнымнан құшақтап, менің сөзім мен демімнен бір сенім мен тыныштық тапқандай тұра берді. Мен баламды жұбатып тұрғаныммен санам самғап байтақ қазақ даласын аралап кетті. ... "Рас-ау, мен қайсы Қазақстанда тұрамын?" деген сұраққа жауап іздеп шарқ ұрды. Балалар мұңайса әкелеріне арқа сүйейді, ал әкелер қайғырса арқа сүйер елі болғанға не жетсін. "Қайсы Қазақстанда тұрсам да, әйтеу Қазақстанным болғаны үшін шүкір, бақыттымын" дедім ішімнен. Қастер Сарқытқан

Қатысты Мақалалар