Елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандылар көп ортамызда. Олар туралы әркез айтылып жүр. Солардың бірі «Әдемі-Ай» компаниясы мен «Әдемі-Ай» өнер мұражайының директоры, табысты кәсіпкер, дизайнер, топтамашы, ҚР Мәдениет қайраткері – Бахаргүл Төлегенқызы. 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жұрт алдында жүрген әпкемізге хабарласып әз-кем әңгімелескен едік.
– Құрметті Бахаргүл Төлегенқызы, ең әуелі мерекеңізбен құттықтаймыз! Мерекелік көңіл-күйіңіз қалай?
– Өте жақсы, осы мерекенің алдында ғана 1 наурыз күні «Ұлт жауһарлары» атты жаңа кәдесыйлардың тұсау кесер көрмесін өткіздік, олардың қатарында әйел затына сыйлар бағалы сыйлықтар болды.
– Сіз үшін осы мерекенің маңызы неде?
– Ер азаматтардың нәзік жандыларға айрықша ықылас танытып, құттықтайтындығында, сый ұсынатындығында. Осы 8 наурыз қарсаңында әйелдер қауымының ел өміріндегі орны бір айқындалып қалады. Елге өлшеусіз үлес қосқан мықты қыздардың аты аталады, газеттер бір санын арнап, теледидарда арнайы хабарлар ұсынып жатады. Біздің ең қуанышқы кенелетін күніміз осы мереке ғой деп ойлаймын.
– Байқайсыз ба, мереке қарсаңында болмаса, нәзік жандылар туралы аз айтылатын сияқты?
– Тура олай айтуға болмас, айтылып жүр, мәселе кімдердің көп айтылып, кімдердің назардан тыс қалатындығында. Әдетте әнші, сасаткер, кәсіпкер әйелдер туралы жиі айтылады. Ал, ел ішінде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыздарымыз бар, олар туралы аз айтылады. Мәселен, өндіріс саласында, ғылымда, спортта, ұстаздық жолда, көп балалы аналар туралы ең көп айтылатын орайлы тұс осы наурыз болып тұр. Осы бір апта уақытта бұрын атын естімеген талай қазақтың мықты қыздары туралы біліп жатырмыз.
– Бүгінгі қазақ қызы қандай болу керек?
– Ең әуелі ұлттық құндылықтарды бойына сіңру керек, қосымша бүгінгі күн талап етіп отыған мәселелер бар, жоғары білімі, техниканы меңгеруі, шет тілін білуі, т.т іскерлік қаблеттерін де жетілдірсе артықтық етпейді.
– Бүгінгі сіңілілеріңізге көңіліңіз тола ма?
– Толады, толмайды деп кесіп айтқанымыз орыныз. Әдепті, ибалы, ұяты тұнып тұрған, білімді, ер адамның жұмысын атқарып жүрген қыздар көп, олар тұрғанда, қалай толмайды деп айтасың?! Ал енді еліктеушіліктің жетегінде жүрген қыздарды да көріп жүрміз, ашық-шашық киінген, шаштарын жайған қыздарға қарап қарның ашады әрине. Ол жастардың барлығы темір қазығын тауып қазақылықты бойына сіңірсе қазақтың қыздары ешкімнен кем емес.
– Гендерлік саясат туралы көзқарасыңыз?
– Осы мәселені дауға айналдырудың қажеті шамалы, қазақ әйелінің орны ежелден айқын, оларды ер адамның жұмысын істеуге жаппай үгіттеп, науқан жасаудың керегі шамалы. Ер мен әйелдің құқы теңестірілген заман бұл. Ал, білімі жетіп, қаблеті бар болса түрлі жұмыстармен әйелдер айналыса берсін, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды.
– Нәзік жандыларға деген мерекелік тілегіңізді қандай?
– Біздің аналар, арулар, қыздар қандай құрметке болсын лайық. Баршасын төл мерекесімен құттықтаймын. Осы орайды пайдаланып ер азаматтарға да айтқым келеді, сіздер нәзік жанды жақындарыңыздың қадіріне жетіп аялай біліңіздер! Тек осы мереке қарсаңында емес, барлық сәтте қуаныш сыйлаңыздар!
Сұхбаттасқан Зәкен Мейрам
Пікір қалдыру