Топ ішінде жалғыздықты сезінем...

/uploads/thumbnail/20190227131859588_small.jpg

Бас сауғалап қашқым келсе ешқайда,
Айдалаға тұрады ауып аңсарым.
Бірін-бірі тыңдамайды ел, ес қайда?
Түсінісер жан таба алмай, шаршадым.

Бәрі бөтен, бәрі де жат мен үшін,
Топ ішінде жалғыздықты сезінем.
Мені де, арман, үміт, мұңым, сен түсін,
Сан сынаққа шыдап едім, төзіп ем.

Ей, өмірдің өткелдері, өтінем,
Мені де арғы жағалауға өткізші?
Армандарым орындалып шетінен,
Бақытыма, аңсарыма жеткізші?

Тағдыр үзік моншақ болып жанардан,
Үзіледі, желге сіңіп, жоғалып.
Туып жатыр, өліп жатыр сан арман,
Жүрек бірде жараланып, оңалып.

Топ қайыңның ішіндегі бірімін,
Тамыр-кіндік жерге матап, байланған.
Мен әзірге, иә, әлі де тірімін,
Тынықтырар екен мені қайда арман.

Солқ-солқ жылап, жел құрғатып жасымды,
Басым сүйеп отырамын өзіме.
Мың шарлайды сан түрлі арман басымды,
Қадам қалды бақыт құшар кезіме.
Сенемін....
...
/09.08.14/

***

"Үп" етті үміттің желі тағы,
Тұсымнан...
Айырылып қалды сезім бағы,
Құсынан.
Ұсынам...
Ғаламға мендегі барымды,
Арымды...
Тарылды
кең дүние де.
Жүрегім
Бағынды,
Тағдырға маңдайда жазылған,
Сағынды,
Сезімнен өрекпіп толқитын сәттерді,
(Біреудің жанары - жүректің қабірі қазылған)
Мендік,
Жауапсыз сезімді-кептерді,
Ұшырып алған ол өткенді, кеткенді...
Сендік,
Жүрекпен... әдемі сөздерге сендік...
Бойлық пен ендік,
Таршылық еткенде,
нәп-нәзік, мөп-мөлдір сезімге.
Ол менің аңқау да, тым сенгіш кезім бе,
бағынып жүретін төзімге,
өзіме...
Ұрынып,
дауылға тыстағы, абайсыз,
Содан соң,
бұғынып,
жапырақ жамылып,
жылынып,
Тірі жан біткеннен суынып,
Атады күндерім арайсыз...
(Жаз күнде жаураған жанымды,
...түсінер, кім ұғып...?)


Ал Сіз,
Өзгенің, мен емес,
Өзгенің шаштарын тарайсыз,
Мен жаққа үмітпен қарайсыз,
Жүректі екіге бөле алмай,
Не мендік жүрегім сіздікін,
Құп көріп,
қабыл да ала алмай.
Өзгенің өкпесін жазумен,
Өтесіз,
кетесіз...
Ал, оның ойы да, қалауы -
басқада.
(Ақиқат, әрине, тек аян Аллаға).
Білмеймін, бақытқа осылай жетпейсіз,
Жетесіз.
Бұрылмай бір тамшы жасқа да...
Бір күні
мен Сізсіз бақытты боп кетсем,
Сонда Сіз санамнан,
ойымнан,
жүректен,
болмыстан біржола кетесіз...(!)
Беу, менің Бақытты бақсызым,
Айтыңыз, Сіз сонда не етесіз?
Тағдыр да бір өзі қызық қой...
...
Жә, менің хәлім де маңызды емес-ау,
Сіз өзі,
Сіз өзі, Сәтсізбек,
Өзіңіз таңдаған,
Күлкім жоқ,
иісім сезілмес,
демім де естілмес.
Дұғам да айтылмас,
алақан жайылып.
Тым ұзақ қарайтын жанарым көз ілмес,
жүрегім жүрекке үн қатып,
тереңге сезімнің бір батып,
ең алғаш көрісіп тұрғандай,
ұялып,
Мен жақсы көретін әдемі,
гүлді алып,
келетін сәттерсіз,
Қоштасып, қия алмай,
қайтадан айналып, жолығып,
қолыңыз қолыма "соғылып"...
Алматы көшесі - әлемнің даласы сияқты,
аспаннан жұлдыздар жауғандай,
бұл түннің назары тек бізге ауғандай,
екі жас білетін ұятты,
жерді тек өздері мекендеп,
тұратын сияқты,
аяқты тым алшаң басатын,
екеудің арманы тауларды асатын,
мұң біткен бұл маңнан қашатын,
ертеңгі күндерден жақсылық тосатын,
бірінің әніне бірі жыр қосатын,
жәй ғана көп жанның бірі боп,
бірі үшін біріне болашақ есігін ашатын...
сәттердің бірі де жоқ енді!
Еһ, менің алдамшы Арманым,
Бәрі бар, тек мен жоқ,
Өңірде... өмірде қалайсыз?...

/05.09.2014/

Мақпал Сембай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар