Әлемге танымал актер, «Оскар», «Алтын глобус» («Золотой глобус») премиясын алған әрі Канн фестивалінің жеңімпазы Хавьер Бардемнің өмірлік ережелері қандай? Жалпы актер атаулының әлеміне үңілгіңіз келе ме? Онда төмендегі ережелерге көңіл бөлгейсіз... Айта кетейік, Хавьер Бардем "Қарттарға мұнда орын жоқ ("Старикам тут не место") фильмдері арқылы танымал.
Өзімді журнал беттерінен көргенде, әлемнің есі ауысқан ба деп ойлаймын...
Мен құдайға сенбеймін, бірақ Аль Пачиноға сенемін. Бір күндері телефоным шырылдап, онымен бірге киноға түскенімді қаласа, мен есімнен адасатын шығармын.
Армандар орындалады. Мұны қашан түсінді дейсіздер ғой? Бірде режиссер Джулиан Шнабель Аль Пачиноға «Пока не наступит день» атты фильмімді көрсетт. Испанияның уақытымен санағанда сағат таңғы 3-те Нью-Йорктен Пачино хабарласып, менің жұмысымды ұнатқанын айтты.
Бір де бір премия сені шын мәнісінде жақсы актер етіп көрсете алмайды. «Оскар» көрермені фильмді көруге ғана еріксіз мәжбүрлейтін премия.
Соңғы жылдары ағылшын тілін жақсы меңгеріп қалдым. Меңгергенім соншалық, ол тіл ешқашан менің ана тілімдей болмасын түсіндім. «Мен сені жақсы көремін» немесе «сені жек көремін» дегендерді испан тілінде сезініп айта аламын, ал ағылшын тілінде ештеңені сезе алмаймын, бос қуыс қана.
Мен көлік айдамаймын. Бұл бәріне біртүрлі көрінер, тек маған емес.
Коэндер хабарласып мені «Қарттарға бұл жерде орын жоқ» («Старикам тут не место») фильміне шақырғанда, мен «Тыңдаңдар, сендерге керек актер мен емес: мен көлік айдамаймын, ағылшынша сөйлемеймін, зорлық-зомбылық дегеннен жек көретінім жоқ» дедім. Олар күліп «Сол үшін де саған хабарластық» демесі бар ма...
Екі фильмде ғана қолыма қару алдым. Біріншісі, «Пердита Дуранго». Оған 1996 жылы түскен едім, өте қатыгез фильм болды. 11 жылдан кейін Коэендер хабарласып, «Қарттарға мұнда орын жоқ» фильміне шақырды. Шыны керек, оған түскім келмеді, бірақ Коэндер – менің сүйікті режиссерлерім.
Коэндерді екі түрлі адам деп ешқашан елестеткен емеспін. Жұмыс процесінде олар бір адамға айналады, бір адамша ойланады, екі басты құбыжық іспеттес. Әрі ол екеуі ешқашан сөзге келген емес, ойлары қашан да бір жерден шығады.
Кинодағы басты дүние – ол тарих. Көпшілігі осылай ойлайды. Ал меніңше, бастысы – әлгі тарихты қалай баяндағаның.
Өз ойыңды бағамдайтын күн тууы тиіс. Екі түрлі оймен адам өмір сүре алмайды.
Кейде өз өзімнен «неге осы мамандықты таңдадым, неге Африкаға мұқтаж жандарды құтқару үшін аттанып кетпедім екен?» деген сұрақ қоямын. Бірақ жауабы оңай: мен – ипохондрикпін, ал ипохондриктерден нашар құтқарушы шығады.
Мүлдем ұялмайтын адамдар секілді көрінетін ұялшақ адамдар бар. Мен де өте ұялшақпын.
Мен бір кездері адамдардың маймыл болғанына сенемін. Әр таң сайын ұйқымнан оянып, айнаға қараймын да Дарвинге сәлем жолдаймын. Осындайда оның айтқанына көзім одан сайын жете түседі.
Нағыз сұлулықтың сыры ұсқынсыздықта. Мұны өзіме күнде айтамын.
Мен сәнді дүниелерге қызықпаймын. Қара икра мен үшін – қуырылған екі жұмыртқа, картоп және хамон.
20 жаста 14 жастағы әрекетің үшін өкінесің, 30 жаста 25 жастағы әрекетіңе, ал 50-ге таяғанда әрбір әрекетің үшін өкінесің. Білесіздер ме, сол өкініштердің бәріне қол сілтей салсаңыз қайтеді!
Қолымнан ештеңе келмегендіктен мен киноға түсіп жүрмін.
Ең қиыны – әлі тірі адамның рөлін сомдау. Жауапкершілігі өте ауыр, сені есіңнен адастырып жіберуге дейін барады.
Актер – базардағы қызанақ секілді, әрқайсысының өз бағасы бар. Мен де сондай қызанақпын. Алайда мен бағасы маңызды емес қызанақпын.
Тыныштықтан өлгім келеді. Ажалдың қалай келетіні маңызды емес.
Есімде қалған ұмытылмас сәттердің бірі – әкемнің өлімі.
Мен әйелдер білімін алып шыққан жанмын. Әкем бала күнімде өмірден өтті, мені анам мен әпкем тәрбиелеп өсірді.
Адамдар былай ойлайды: егер экранда екі актер бір-бірін сүйсе, шын өмірде де сүйеді. Алайда бізге осы рөліміз үшін ақша төленетінін олар ойламайды. Экран сыртында «шынайы ойнаңдар, нақұрыстар, сендерге сеніп тұрған жоқпын» деп айқайлап тұратын бір адамның барын білмейді.
«Міне, керемет!» деп айтатындай шедевр түсірмесеңіз, кино жай ғана «кино» болып қалады.
Мен күлкілі кейіпте ел есінде қалғым келеді.
Гүлім Жақан
Пікір қалдыру