Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы балаларға арналған раковинаға аяғын жуып тұрған ер адамға байланысты оның іс-әрекеті дұрыс еместігін айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі tengrinews.kz сайтының дерегіне сүйеніп.
Бірнеше күн бұрын Серік Абас-шах өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында MEGA ойын-сауық орталығындағы балалар раковинасына аяғын жуып тұрған ер адам туралы пост жариялаған болатын. Бұл жайт әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, біршама сұрақтар туындады. Белгілі болғанындай, ер адам қоғамдық дәретханада аяғын жуып, дәрет алуға ойын-сауық орталығы басшылығынан рұқсат алыпты.
ҚМДБ өз кезегінде, бұл іске қатысты мән-жайды түсіндіріп, балаларға арналған раковинаға аяқ жуудың дұрыс еместігін айтты.
«Этика мен мәдениет тұрғысынан қарайтын болсақ, ер адамның бұл қылығы дұрыс емес. Қазақстанда түрлі ұлт пен дін өкілдері тұрады. Оларға да құрметпен қарауымыз керек. Сондай-ақ, пост жариялаға автор бұл мәселені дәл сол жерде шешуі керек еді. Жазба жарияланғаннан кейін қоғамда екі түрлі пікір қалыптасып, бірі аяқ жуған ер адамның ісін дұрыс деп құптаса, енді біреулер оған қатысты түрлі былапыт сөздер айтып, сынның астына алуда. Мұсылмандар – өз ортасы мен қоғамға еш зиянын тигізбейтін адамдар», - деп мәлімдеді ҚМДБ баспасөз-хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.
Ойын-сауық орталығының әкімшілігі болса өз кезегінде қоғамдық дәретханада аяқ жууға ешкімге де рұқсат бермегенін айтты.
Айта кетейік, мұсылманға парыз етілген амалдың бірі – намаз оқудың алдында адамдар дәрет алады. Дәрет алу барысында аяқты да жуу керектігі белгілі. Алайда, қазіргі таңда барлық қоғамдық жерлерде намазға жығылған адамдарға жағдай жасалмаған, сондай-ақ, дәрет алатын жерлер де жоқтың қасы.
«Көптеген ойын-сауық орталықтарында намазханалар бар, сондықтан да сол жерде орналасқан дәретханада дәрет алған дұрыс. Халқымыздың 70 пайыздан астамы мұсылмандар болғандықтан алдағы уақытта намазханалар мен дәрет алу бөлмелерінің санын көбейткен дұрыс болар еді», - деп айтып өтті Ағабек Қонарбайұлы.
Ұсынған: Назерке Лабихан