Әр қазақ жүрегіне жерледі оны, артында қалмаған соң төмпешігі

/uploads/thumbnail/20170908092241776_small.jpg

Əлихан – Алаш ұлы, Ел көсемі, 
Ұлт үшін құрбан болған ер кешегі.
Қадірін анық білген қазақ болса, 
Бір сөзін мың ділдаға бермес еді.

Шөліңді қандырмайды бұлақ білім,
Əлихан – ашылмаған сұрақ бүгін. 
Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар,
Сен оның тарқатасың бір-ақ жібін.

Гауһардың көре аласың бір-ақ қырын, 
Әлихан – нұрын төккен шуақты күн.
Алтын күн жабылмайды алақанмен,
Көктемде даланы да жылатты күн.

Теңізді тамшысынан деген болса, 
Əлихан – терең теңіз кемең барса. 
Түбіне тұңғиықтың телміріп көр, 
Зерттеуші шығар екен сенен қанша.

Көрпеден бұлт жамылып, асқар құшқан,
Әлихан – заңғар шың ғой ақ қар басқан.
Сеңгірге қыран ғана қанат қағар,
Қасқиып күнге қарап, аспанға ұшқан.

Алашта Әлихандай бар ма кісі,
Қазақтың арманы мен ар-намысы.
Ерліктің өлшеміндей жазған сөзі,
Елдіктің мөлшеріндей қалған ісі.

Аманат Алаш жолы біздерге сын, 
Келеміз сол соқпақпен із қалғасын.
Алаш пен Тəуелсіздік – егіз ұғым,
Алаштан алды азаттық өз жалғасын.

Əлихан – Алаш ұлы, Ел көсемі, 
Халқының жол бастаған серкесі еді.
Әр қазақ жүрегіне жерледі оны,
Артында қалмаған соң төмпешігі.

Қайырбек Кемеңгер

Қатысты Мақалалар