Дәрігер өлімінің құпиясы: суицид пе әлде...

/uploads/thumbnail/20190305143614469_small.jpg

ҚР Президенті істерінің басқармасы медициналық орталығының директоры Әмір Ахетовтің қайтыс болғанына бір ай болды. Журналистерге «дәрігер өліміне жүрек талмасы себеп болды» деп айтылып келді. Алайда сену қиын: ұзақ өмір сүру жайлы зерттеп жүрген 49 жастағы медик қалайша өз денсаулығындағы ақауды байқамай қалған деп ойлайсың... Сол себепті «Время» газеті Әмір Ахетовтің өлімінің нақты себептерін анықтауға кірісті. Бәлкім, құқық қорғау органдары жіберіп алған, байқамай қалған бір тұстары болған шығар...

Анықталғандай, Ахетов ауруханаға ауыр жарақатпен түскен әрі көп қан жоғалтқандықтан қайтыс болды. Жүректің бұл өлімге еш қатысы жоқ.

Әмір Ахетовтің өліміне байланысты тергеу істері 2019 жылдың  3 ақпанында басталды. Сол күні елге танымал дәрігер өмірден озған еді. Әзірге Астана қалалық полиция департаментінің тергеушілері «суицид» деген болжам жасап отыр. Іс 105-баптың 1-бөліміне сәйкес «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қаралуда. Мұндай қылмыс үшін берілетін жаза – күдіктіні 3 жылға дейін бас ботандығынан айыру.

Басты мәселеге көшелік...

3 ақпанға қараған түні дәрігердің пәтерінде нендей жағдай болды? Марқұмның жары Наталья Ахетова мән-жайды түсіндіруге тырысты. Айтуынша, оқиға орын алмас бұрын кешке достарымен мейрамханада тамақтанған. Ер адамдар ішімдік ішсе, әйелдер шарап ішті. Алайда достардың сағынышы басылмаған болуы керек, мейрамханадан шығып бәрі Ахетовтердің үйіне барады. Кейін Б. мен әйелі кетіп қалды, Әмір мен Наталья пәтерде жалғыз қалды. Сұмдықтың бәрі енді басталды. Наталья Ахетова күйеуімен қатты ұрысып қалғанын айтты. Нәтижесінде Әмір өзін жаралайды. Натальяның айтуынша, алғашында күйеуінің есі болған екен, әйелінен жедел-жәрдем шақыруын өтініпті.

Наталья 103-ке хабарласты, алайда тұтқаны ешкім көтермеді. Сөйтіп күйеуінің орынбасары Раушан Қарабаеваға хабарласады. Ол тез арада жедел жәрдем бригадасын жіберді. Дәрігерлер келгенше, Ахетова күйеуіне алғашқы көмек көрсетуге тырысты. Жүрегіне массаж жасап, жараны таңбақ болды.

Дәл осы сәтке дейін Наталья Ахетова сенімді сөйледі. Әрі қарай...

Әмір Ахетовті дәрігерлер алып кетті. Ал әйелі қанға боялған киімін шешіп, ас үй сүлгісімен пакет ішіне сала салған. Егер оқиға дәлізде болса, ас үйде қанның қалай пайда болғаны түсініксіз... Наталья заттарды көлік жүргізушісі Айтжан Ибраевтан беріп жібереді. Қан жұққан киімдері бар пакетті Натальяның бұйрығымен Ибраев қоқысқа тастайды. Тергеу барысында полиция мүшелері әлгі заттарды тауып алып, талдама жасауға өткізеді.

Натальяның сөзіне сенсек, ол жарақат жасалған пышақты сүртіп, пәтердің еденін жуып шыққан. Неге бұлай істегенін шок жағдайда отырған әйел айтпады.

Ерлі-зайыптылар арасында болған жанжалды Ахетовтардің көршілері растады. Алайда Әмір Ахетовке пышақ сұққан кім? Мұның жауабын полиция әлі ала алмай отыр. Мамандар да жарытып ештеңе айтпаған. Тек белгілісі, марқұмның оң жақ кеудесі жараланған. Әрі суық қару 5-7 сантиметр терең сұғылған екен. Көп қан жоғалтып алуы – дәрігердің өліміне әкеліп соққан.

Тергеу барысында Ахетовтердің оқиғасына тағы бір әйелдің қатысы бар екені анықталды. Қымбат көлікпен жүретін 30-дан енді асқан әйел тұрмыс құрмаған. Астана мен Алматыда үйі бар, екі қалада да жүре береді. Алайда жанжалға оның қатысы бар-жоғын айту әзірге ерте,

Мұндай деректерді келтірген time.kz ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың қандай да бір пікір беруін талап етіп отыр.

Time.kz сайтынан аударған Гүлім Жақан

Қатысты Мақалалар