Ақжолтай жаңалық, Алаш жұрты! 6 мамырда Петербордағы аты аңызға айналған мерген қыздың есімін иеленген көшедегі саябақта Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылады. Бұл бастаманы көтерген Қазақстанның Ресейдегі елшілігі. Петербордың қала құрылысы кеңесі отандық мүсінші Едіге Рахмадиевтің үлгісін мақұлдады. Қала губернаторы әкімшілігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, биіктігі 3 метрлік қоладан құйылатын композиция қызғылт граниттен жасалған тұғырға орнатылады. Граниттік бөлікте «Әлия Молдағұлова» деген жазу мен батырдың жұлдызы ойылып жазылады. Тұғырдың екінші бетіне Әлияның көрсеткен ерлігі туралы қысқаша ақпарат салынады.
Қазақтың нағыз батыр қызы – Әлия Молдағұлова 1924 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында туған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысы, Новосокольники ауданы, Казачиха деревнясында қайтыс болды. Әлия 9 жасында анасынан айрылып, Алматыдағы ағасының қолында тұрады. 11 жасынан бастап сол кездегі Ленинград қаласы, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. №9 орта мектепте оқыды. Оқудағы озаттығы, үлгілі тәртібі үшін Қырымдағы Артек лагеріне барады. Соғыс басталғанда балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына көшіріліп, 7-інші сыныпты бітірген соң, Рыбинск авиациялық техникумына түседі. Көп ұзамай 1942 жылы майданға жіберіледі. Бір жылдан соң мергендер мектебін тәмамдап, №54 арнайы атқыштар бригадасы, 4-інші батальонының мергені (2-інші Балтық жағалауы майданы, 22-інші әскер) болады. Қаһарман қыз 1944 жылы Ленинград-Новгород операциясы кезінде жаудың 70-тен астам офицерлері мен солдаттарының көзін жойған. Сол жылы 14-інші қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапқан. Денесі Монакова ауылында жерленген. 1944 жылы Әлия Молдағұловаға Кеңес одағының батыры атағы берілді.
Әлияның ескерткіші Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Мәскеу, Новосокольники қалаларында бар.
Төлен Тілеубайдың Facebook парақшасынан алынды
Ұсынған: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру