Жалпы, бағдарлама басталғалы 97 жанұя үйлі болған
«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында осымен 97 жанұя қолжетімді баспанаға қол жеткізіпті. Әлі 200-ден астам өтініш иесінің құжаттары банкте қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
13 жылдың жүзі құрқылтайдың ұясындай пәтер жалдап келген Оспановтардың отбасы үшін бүгін – ерекше күн. Үйдің үлкендері тұрмақ, балаларға дейін кең пәтерде тұратындарына дән риза. Көпбалалы жанұя бұл баспананы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы қол жеткізген.
Алғашқы жарнасына 500 мың теңге төлеген. Қалған 1 миллион теңге қалалық әкімдіктен сертификат ретінде берілген. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі небәрі 2 пайыз. Отбасы алғашқы 8 жыл – 80 мың теңгеден, қалған 7 жыл – 55 мың теңге төңірегінде төлейтін болады. Айта кетейік, пәтерлердің қабырғаларын әрлеу жұмыстарын үй иелері өз қалаулары бойынша жасайды екен.
«Төртіншімді босанғанша 13 жыл пәтерде тұрдық. Былайша айтқанда, басқа біреуге ақшамызды беріп отырдық қой. Бұл жерде біз өзімізге төлейміз, өзімізде қалады. Пәтер жалдап келгенде 50-60 мың теңгеден төлеп келдік. Қала берді, коммуналды төлем тағы бар. Бәрібір өз үйің болғанға не жетсін?!», – деді Мария СЫЗДЫҚОВА.
Бес баланың анасы Смағұлова Назым да алып шаһарда 9 жылдан бері баспана жалдап келген. «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарапатын ойламаған жерден көрсе керек. Құжаттарын қажетті жерлерге өткізген соң, бір айдан кейін банктің мақұлдағанын естігенде, сенер-сенбесімізді білмедік дейді ол. «Өз үйім-өлең төсегім» қашан болар екен деп армандап келген бұл отбасы да бүгіннен бастап ішкі құрылыс жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетіпті.
«Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарыңызды өткізіп көріңіздер деген соң, солай еттік. Бір айдан кейін сайт арқылы жауап келді. Міне, бүгін екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Өте бақыттымыз. Әрине, қуанышымыз қойнымызға сыймайды. Айтар алғысымыз да зор. Қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр», – дейді пәтерлі болған Назым СМАҒҰЛОВА.
Төрт баланың анасы Жұмақанова Бағлан да отбасына тиесілі 63 шаршы метр пәтерге ие болды. Ипотекаға алынса да, тапқан ақшамызды өз баспанамызға құятынымыз қуантады дейді 15 жыл бойы жалдамалы үйге 50 мың теңгеден төлеп келген келіншек. Ал, алғашқы жарнаның 1 миллион теңгесін әкімдік тарапынан қарастырылғаны тіпті, үлкен демеу болды дейді ол.
«Біз көпбалалы отбасы ретінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жылдық 2 пайызбен алып отырмыз. Бастапқы жарнасын 10 пайызын толық төлей алмағандықтан, мемлекет 1 миллион теңге қарасты. 500 мыңды өзіміз құйдық. Бұл бағдарлама бізге жақсы мүмкіндік сыйлады», – дейді Бағлан ЖҰМАҚАНОВА.
Наурыз айынан бастап ашылған «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасының шарапатын көргендердің қатары мол. Соның ішінде дәл осы тұрғын үйге қол жеткізгендердің саны бас-аяғы 97 жанұя. Бүгінде 232 өтініш иесінің құжаттары банкте қарастырылып жатыр. Төлем қабілеттілігінен сүрінбей өткендер, келесі айдың басында қоныс тойын тойламақ.
«Алматы қаласы бойынша бүгінде 23 мыңға жуық адам кезекте тұр. Оның ішінде 1 700 көпбалалы ана бар. «Бақытты отбасы» бағдарламасы басталғалы бері 1 500 адам құжаттарын тапсырып, соның 600-і іріктелініп алынды», – дейді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек САЙДІЛДАЕВ.
Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы мамандарының айтуынша, баспанаға қол жеткізіп жатқан жанұялардың көбісі үй кезегіне 1-2 жыл бұрын ғана тұрғандар. Егер олар, өз кезегін күткенде әлі 5-6 жылдай уақыт кетер еді дейді. Ал, «Бақытты отбасы» бағдарламасы ашылғалы бері бір жылдың ішінде баспаналы болуға мол мүмкіндік берілген. Аталған бағдарламаның тағы бір оңтайлы тұсы – жанұя қалаған пәтерін таңдай алады.
Пікір қалдыру