Еліміздің шығыс бөлігінде, Алматы облысында орналасқан Сапақ ауылына жақын маңда "Өлі көл" деп аталатын таңғажайып мекен бар. Көлемі аса үлкен болмаса да, керемет табиғат көріністерімен көмкерілген. Адамдар тұратын ауылдан алыс орналасқан бұл көлдің тылсымға толы тіршілігі туралы әңгіме ел арасында аңызға айналып үлгерген.
Көлдің атауының өзі естігеннің тәнін түршіктіріп, жанын шошытарлықтай қорқынышты. Жергілікті тұрғындар көлмен байланысты сан түрлі оқиғаларды аңыз ғып айтады.
Ел аузында жүрген аңыздың бір нұсқасына сенсек, ертеректе, осыдан бір ғасыр бұрын қалыңдығын қызғанған жігіт ашу үстінде сүйгенін осы көлге тұншықтырып өлтірген екен, содан бастап көл қазіргі есімін алған десе-ді.
Жыл сайын осы көлге батып кетіп, жан тапсыратындардың саны артпаса кемімейді екен. Туристтерді магнитше тартатын тылсым көлден, жергілікті тұрғындар мүмкіндігінше аулақ жүруге тырысады. Өлі көлдің суы шілденің шіліңгір ыстығында да мұздай суық болып тұрады. Бұл көлде балықтар тіршілік етпейді, өсімдік атаулы өспейді. Және бір қызығы, былайғы кезде су жағасында қаптап жүретін масаларды да бұл көлдің маңынан көре алмайсыз.
Сүңгуірлер тылсым көл тұңғиығындағы табиғатты зерттемекке тырысып-ақ көрген, бірақ суға түсе салысымен тыныстары тарылып, түсініксіз себептермен ауа жетпей, қайта шығып кете береді екен.
Зерттеуші ғалымдардың мәліметінше, сол ауданда бұрындары сынап өндірген кеніштердің орны болған көрінеді.
Табиғат тылсымының жасырған сырын әлі күнге тарқатып көрген ешкім жоқ. Бір анығы, бұл көл - әлемдегі мистикалық орындардың бірі және ең қорқынышты жерлер тізімінде.
Пікір қалдыру