Аз ақшамен шетелге қалай саяхаттауға болады?

/uploads/thumbnail/20190503165847446_small.jpg

Қаланың қым-қуыт тірлігі жүдетіп, төбеңнен төніп тұратын зәулім ғимараттары алқымыңнан алғанда, жұмыстан шаршап қажығанда, «әттең демалысқа шығып, саяхаттасам ғой!», деп армандаймыз. Шетел асып, еуропалық елдерді шарламасақ та қаланың сыртына шығып, таза ауамен тыныстағымыз келеді. Ал егер сіз еңбек демалысыңыздың басқаша болғанын қалап, шетелге демалуға қаражат жинап жүрген болсаңыз ше? Онда Qamshy.kz ақпарат агенттігінің rambler.ru сайтынан келтірген ақыл-кеңестері кәдеңізге жарары анық.

Ертерек қамданыңыз

Әуебилеттерін (немесе туристік агенттіктердің қызметін) тиімді бағада сатып алғыңыз келсе, компаниялардың арнайы ұсыныстары мен жеңілдік науқандарын ертерек зерттеуді бастаңыз. Мол тәжірибесі бар саяхатшылар, билеттерді мерзімінен бұрын алып қойсаңыз, ақшаңыздың 40%-ын үнемдейсіз деп сендіреді. Және сізде таңдау мүмкіндігі де көп болады.

Тұратын орын мен жүгіңізді сайлаңыз

Сарапшылардың пікірінше, туристердің саны аз болған сайын, қонақ үйлердің бағалары да арзан болады дейді. Сол себепті артық ақша төлемес үшін өзіңіздің саяхатқа шығатын уақытыңызды жоспарлай біліңіз. Қонақ үй жалдауға ақшаңыз жетпесе, бағасы арзанырақ хостелдер өте көп. Әсіресе еуропалық елдерде қонақ үйдің баламалары жетіп артылады. Ал жолға алатын жүгіңізге келер болсақ, ол барынша ықшамды және оның ішінде өзіңізге нақты керек заттар ғана болу керек. Тек жол сөмкесімен саяхаттаймын десеңіз, ол өте тиімді болмақ. Өйткені, жүгіңізді күтуге артық уақыт жұмсамайсыз, артық ақша төлемейсіз.

Әуежайдан қалай қатынауға болады?

Әрбір саяхаттың алдында әуежайдан қатынайтын көлік түрін анықтап алыңыз. Кей жағдайларда метромен немесе автобустармен де діттеген жеріңізге ыңғайлы жетіп алуыңызға болады. Ал таксиге отырсаңыз, көп ақша жұмсалады және уақытыңыздың көбі кептелісте өтуі мүмкін. Егер де көлік жалдайтын болсаңыз, брокерлер арқылы жалдаңыз. Бұл арнайы агенттерден жалдағаннан арзан.

Туристік сақтандыру

Бұған мән бергіңіз келмесе де, саяхатшылар  бұл бөлімге үнемдемеңіз деп кеңес береді. Және әрқашан да туристік сақтандыруды алғашқы орынға қойыңыз. Құдай бетін әрі қылсын, егер сізге басқа елде бір жағдай бола қалса, көп шығынға ұшырауыңыз мүмкін. Ал туристік сақтандыру қызметі одан анағұрлым арзанға түседі.

Мұражайларды қалай тегін аралауға болады?

Біріншіден, еуропаның көптеген елдерінде мұражайларды тегін аралауға арналған күндер болады. Сол себепті өзіңіз баратын мемлекеттің мұражайлары жайлы ақпарат алып, қай күндері тегін болатынын сайттардан біліп алыңыз. Одан бөлек, еуропаның ірі қалаларына free walking tour деп аталатын күнделікті тегін экскурсиялар жүргізіледі. Оның да арнайы уақыты мен аралайтын нүктелері болады. Олардың тегін болғанына қарамастан, қаланы аралатқан адамға алғыс орнына ақша қалдырып кету әдетке айналған. Қаланы аралау кезінде тегін аудиогидтерді, жол нұсқаушы бағдарламаларды пайдалануға болады.

Автокөлікпен саяхаттасаңыз...

Егер сіз көлікпен саяхаттаймын деп шешсеңіз, арнайы қызметтер арқылы жолаушыларды іздесеңіз болады. Еуропаның барлық автотұрақтары ақылы екенін де ұмытпаңыз. Бірақ супермаркеттердің маңайына қойсаңыз, ақшаңыз қалтаңызда қалады. Күн жылы кезде көлікпен саяхатқа шықсаңыз, ақшаңызды кемпингке үнемдеп қалуға болады.

Ұлттық тағамдарды қайдан табуға болады?

Егер сіз барған мемлекеттің асханасымен танысып, ұлттық тағамдарынан дәм татқыңыз келсе, қымбат мейрамханаларды іздемесеңіз де болады. Онда жергілікті тұрғындар ұсынатын арнайы қызметті пайдаланып, дәмді әрі арзан бағада ұлттық тағамдарды таба аласыз.

Арзан кәдесыйлар қай жерде сатылады?

Шетелге шыққаннан кейін міндетті түрде сол мемлекеттен кәдесый алмай кетуге тағы болмайды. Бірақ мынаны есте сақтаңыз! Әуежайда және туристерге арналған арнайы дүкендерде олардың бағасы өте қымбат болады. Сол үшін туристер көп жүрмейтін орындарға барып таңдаңыз. Ал егер көлемді сауда жасайтын болсаңыз, сол елдің қайтару салығының мүмкіндігін алдын ала біліп алыңыз.

Ақшаны қалай айырбастаймыз?

Еуропаға немесе АҚШ-қа саяхаттасаңыз, валютаны еуроға немесе долларға ертерек айырбастаңыз. Аргентина, Венесуэла, Өзбекстан және тағы басқа да мемлекеттерде ақшаңызды тиімді аударуға мүмкіндік беретін «қара курс» атты жүйе бар. Сонымен қатар, саяхаттау барысында картамен емес, тек ақшалай төлеген дұрыс.

Аударған: Маржан Сәбет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар