Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаланы кезекті аралау кезінде құрылысы ұзаққа созылған проблемалы тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездесті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы жаңа әкім Facebook парақшасында мәлімдеді.
"168 адам қаражатын салған "Гарант" көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылыс басына бардым. Үйді салуды "Азбука жилья" 2011 жылы бастаған. Қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл объектінің құрылысы жалғасын тауып, 2020 жылдың сәуір айында тапсырылу көзделіп отыр.
"Шұбар" тұрғын алабындағы "Комфорт de Luxe" ТК үлескерлерімен де сөйлестім. Мұнда 227 адам 2012 жылдан бері баспаналарын күтіп жүр екен. Бұл объектіні осы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Қалада үлескерлердің қаржысы салынған құрылысы аяқталмаған 51 проблемалы объект қалды. Олардың құрылысы бюджет есебінен (қайтарымды қаражат) аяқталады.
Әр апта сайын бір-екі проблемалы көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап тұрамын. Жоспарлы кесте түзілді. Құрылыстың аяқталу процесін және созылып кеткен үлескерлер мәселесінің түбегейлі шешімін табуды бақылауда ұстаймын.", - делінген қала әкімінің жазбасында
Пікір қалдыру