Аймақ басшысы алдымен Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары туралы баяндаған қала әкімінің есебін тыңдап, кейін жаңадан салынып жатқан "Теңге ойл газ" және "Орда" қант зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнайшылар шаһарының басшысы Әділбек Құлынтайұлы өзектендірілген кешенді жоспар аясында жарты жылға белгіленген шаралардың қазіргі таңда 100%-ға орындалғанын жеткізді.
- Алдағы уақытта тез арада шешілуі тиіс шаралардың қатарында - Жаңаөзен халқын толықтай ауыз сумен қамту, жолаушылар тасымалы және "Өзенжылу" МКК кредиторлық берешектері мәселелері тұр, - дейді Жаңаөзен қаласының әкімі.
Жиыннан соң, облыс әкімі Серікбай Трұмов Маңғыстауда тұңғыш рет салынып жатқан "Орда" қант өндіру зауытына барды.
- Қазіргі таңда құрылыстың 90%-ы аяқталды. Бұйырса 1 айдан кейін зауытты іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Шикізатты Ресейден әкелеміз. Зауыт 24 сағат үзіліссіз, ал қызметкерлер 3 ауысымда жұмыс жасайтын болады. Қазіргі жоспарымыз бойынша тәулігіне 10 тонна, айына 300 тонна өнім өндірмекпіз, - дейді "Орда" ЖШС басшысы Ерболат Сүлейменов.
Сонымен қатар, өңір басшысы Жаңаөзенге сапары барысында орталық мұнай тапсыру пункті "Теңге ойл газ" ЖШС-на барып, құрылысының алғашқы кезеңі аяқталған зауыт жұмысымен танысты.
Пікір қалдыру