Құдайы көршіміз, одақтасымыз әрі сенімді серігіміз! Осы сөздерді ести-ести ет құлағымыз қуырылып болды десек артық айтпаған болар едік. Біз ескі һәм жаңа одақтасымызды ет-бауырымызға жақын тартқанымызбен, өзгенің аты өзге. Бір саусағын бүгіп жүргендердің жымысқы ойын кім ұғыпты?! Осындайда даналардың «жау жоқ деме, жар астында», деген сөзі ойға оралатыны рас. Мен мұны неге айтып отырмын...
Ресейде сеператистік, нацистік сипаттағы, гео-саяси мысқылды, кәдігі тәтті шоколаттың жаңа түрі сатылымға түскен. Бұлай дейтініміз, шоколад - соңғы жылдары РФ оккупациялаған өзге мемлекеттердің территорияларымен қоса, болашақтағы РФ көз тігіп отырған жерлер және жаңа Ресейдің 2015 жылғы картасы бейнеленген қаптамаға оралған. Бұл туралы «Қамшы» порталы ресейлік «Россия 24» арнасына сілтеме жасай отырып жазады. Аталмыш тәттінің қаптамасында Ресей тарапынан оккупацияланған Қырым, Балтық елдері, Финляндия және Қазақстанның солтүстік аймақтары бейнеленген. Аталмыш шоколад РФ аумағында 2014 жылдан бері шығарылып келеді. Ал өндіруші компания басшылары болса, «бұл жәй ғана дизайнерлердің фантазиясы емес, шындық», дейді.
Бұл құдайы көршілеріміздің бұрынғы посткеңестік мемлекеттерге, соның ішінде Қазақстанға жасап отырған астыртын саяси ойындарының алғашқысы емес. Ендеше «Қамшы» порталы соңғы жылдардағы Ресей ұлтшылдары мен сеператистерінің Қазақстанға жасап отырған арандатушылық әрекеттерінің бірсыпырасын назарларыңызға ұсынады:
- 2014 жылы Астана дүкендерінде «СССР» деген балмұздақ сатылымға шыққаны есіңізде болар. Бұл келмеске кеткен КСРО-ны көксегендердің арандатушылық әрекеттерінің біреуі ғана еді. Саяси пиғылдағы бұл балмұздақ Ресейдің Челябинск облысы, Троицк қаласында шығарылған.
- «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Севрный Казахстан – это Русская земля» атты парақша ашылған. Онда «Солтүстік Қазақстан-бұл экономикалық және географиялық тұрғыдан уақытша Қазақстанның (Орыстардың жауы – Сталин құрған бұрынғы Қазақ ССР-нің) құрамындағы Ресей Федерациясының жері», «Бұл жерлердің барлығы Ресейге қайтарылуы тиіс», делінген. Алайда бірнеше уақыттан кейін ҚР Құқық қорғау қызметкерлерінің жедел қызметінің нәтижесінде әлеуметтік желідегі арандатушы парақша жойылған. Ал «Азаттықтың» орыс қызметіне сұхбат берген, парақша администраторы Влад Котов «Бұл парақша уақытша жабылып тұр. Бірақ, біз оны қайта ашамыз. Егер оған шамамыз жетпесе, басқа парақша ашатын боламыз» деген.
- 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында еліміздің ең ірі мегополисі Алматы көшелерімен Кеңес Үкіметінің туын жалаулатып өткен бейнежазбаны жариялаған. Мұның артында кімдер тұр? Олар неге жазасыз қалды?
- Өткен жылғы Қырым аннекциясынан кейін Ресей серепатистерінің арандатушылық әрекеттері Қазақстанның Ресеймен шекаралас ораналасқан аймақтарына да біраз қауіп төндіргені жасырын емес. 2014 жылдың ақпан айында Ресей оппазицонері Эдуард Лимонов Кремль басшыларына Қазақастандағы теңге девальвациясын пайдаланып, оның солтүстік аймақтарын аннекциялау керек деген ұсынысы естеріңізде болар.
- Эдуардтың артын суытпастан, РФ Думасының депутаты һәм шешені, ЛДПР фракциясы жетекшісі Жириновский мырза Украинадағы жағдайды сөз ете келе, Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігіне шүбә келтірген болатын.
- Ал сол жылдың сәуір айының басында Хакасияның жоғарғы кеңесі төрағасы В. Штыгашев Қазақстанның солтүстік аймақтары «референдум» өткізу арқылы Ресей құрамына қайтарылуы тиіс деп көкіген еді.
- Биылғы жылы наурыз мерекесінің жәрмеңкесінде ШҚО-да Ресей Федерациясының туы сатылымға шыққан болатын. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде, қоғамдық орталарда, базарлар мен дүкендерде РФ туын насихаттап жүргендер жетерлік екені тағы рас.
- Ал, Кремльдегі Президент “шекарамыз болмаған, мемлекеттiгiмiз болмаған” деп екi рет айтып үлгердi.
Енді мына деректерге назар аударыңыз: Қазақстандағы интернет қолданушылары арсында арнайы сауалнама жүргізіп, зерттеу жасаған «аitaber.kz» порталының мәліметіне сүйенсек,
- Қазақстандағы жеті ірі этнос:Қазақтар — 65,3; Орыстар — 21,7 пайыз.
- Жер көлемі жағынан Қазақстанның ең кішкене облысы — Солтүстік Қазақстан облысы (97 мың км.кв).
- 2009-шы жылғы жалпыхалықтық санақта Қазақстанда тұрған 10 096 763 Қазақтың 9 982 276-сы «Ана тілім — Қазақ тілі» деп көрсеткен, ал 114 487-сі Ана тілі ретінде басқа тілді көрсеткен.
- Соның ішінде, орыстардың 25,4 пайызы ғана «Қазақ тілін білемін» деп жауап берген.
- Ал , орыстардың 5,9 пайызы «қазақ тілінде еркін оқып еркін жаза аламын, жетік білемін» деп жауап берген.
Түйін: Ресей саясаткерлерінің Қазақстан туралы қисынсыз мәлімдемелеріне қанша көз жұмып келгенімізбен, әр нәрседе шек болатыны белгілі. Осы шек кемеріне жеткенде не бүл болады, не күл болады. «Орыспен дос болсаң, айбалтаң жаныңда болсын!» деген сөзді ата-бабамыз бекерге айтпаған болса керек-ті.. Әлі де біз тым орысшылмыз. Сыртқы елдер бізді «Екінші Ресей» деп айтып жүр. Соның ең бастысы — Ресейдің баспасөз, ақпарат құралдарының үстемдігі. Өзіміздікін айтпағанда, орыстың барлық БАҚ-ы біздің елімізде алшаң басады. Жәй алшаң баспайды, Ресей мемлекетінің саясатын сыналап кіргізеді. Бір сөзбен айтқанда, төр солардікі. Осында жүрсе де қазақтың мүддесіне пысқырып та қарамайды.. Әсіресе андағайлаған Ресейдің көп телеарнасы өзінің саясатын да, тілін де, идеологиясын да қазекеңнің санасына, алпыс екі тамырына батпандап енгізе береді-ау, сірә! Бұған не дейсіз?!
Нұрзат Тоғжанқызы