Бүгін Мұхтар Жәкішевті мерзімінен босату жөнінде сот отырысы өтіп жатыр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Сот отырысына Мұхтар Жәкішевті қолдауға 50-ге жуық адам келді. 10 жылдан астам уақыт түрмеде жазасын өтеген Мұхтар Жәкішев кім? Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі банкрот болған "Қазатомөнеркәсіпті" әлемдегі бірінші өнеркәсіпке айналдырған Жәкішев туралы деректерді оқырман назарына ұсынады.
Мұхтар Жәкішев 1963 жылы 28 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Еркін Ғазизұлы Жәкішев Заң ғылымдарының докторы, Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің криминалистика кафедрасының меңгерушісі болған. Ал анасы химия ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия институтында жұмыс істеді.
Мұхтар Жәкішевтің 4 қызы және 1 ұлы бар. Өзі Мәскеу инженерлік физика институтын инженерлік физика мамандығы бойынша бітірген, Мәскеу инженерлік-физика институтының аспиранты және заң ғылымдарының кандидаты. Алғашқы еңбек жолын ҚазҰУ-да мұғалім болып бастаған Мұхтар Жәкішев Қазатомөнеркәсіп ұлттық компаниясының президенті лауазымына дейін көтерілді.
Уран нарығы туралы жазған шетелдік басылымдар Мұхтар Жәкішев туралы уран саласындағы данышпан деп жазып жүрді. 10 жыл ішінде Мұхтар Жәкішев өзі басқарған "Қазатомөнеркәсіпті" әлемдегі нөмірі бірінші кәсіпорынға айналдырды.
2009 жылы мамырда ұсталған Мұхтар Жәкішевке сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айып тағылып, 14 жылға сотталған. Ол жазасын өтеуге алдымен Алматы облысындағы Заречный кентіндегі түрмеге жіберілген, кейін Қарағанды облысының Долинка кентіндегі қатаң режимдегі АК-159/6 колониясында болды. 2015 жылы туыстары, адвокаты мен құқық қорғаушылардың өтінішінің арқасында ол Долинкадан қайта Заречныйға жіберілген. Бірақ 2017 жылы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты тергеу ісіне қатысу үшін Астана қаласының изоляторына этаппен жіберілген. Тергеу ісі аяқталған соң мамыр айында Долинкаға, ал шілде айынан бері Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.
Еске сала кетсек, «Қазатомпром» экс-басшысының адвокаты Нұрлан Бейсекеев соңғы медициналық тексерілуден соң оның бас ми жүйесінде ақау бар екені анықталғанын айтқан болатын. Кейін былтырғы жылдың 17 шілдесінде Жәкішовті Қарағанды облысындағы колониядан ШҚО-облысы Семей қаласындағы қатаң режимді колонияға ауыстырды. Осының себебінен Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы тағы да нашарлай түсті.
Ал жазда оның жағдайы мүлдем асқына бастады. Жәкішев үшінші топтағы мүгедек қатарына қосылып, жұмыс жасау қабілетінің 50 пайызынан айырылды. Сонымен бірге Мұхтар Жәкішевтің жоғары қан қысымның кесірінен көздің ішкі тор қабығы жарылып кеткен. Күз мезгілінде Қарағанды қаласында Жәкішевтің көзіне операция жасалды.
Бұл аз болғандай, қыркүйек айында Мұхтар Жәкішевтің анасы қатты сырқаттанып қалды. Жәкішев хәл үстінде жатқан науқас анасымен кездесуіне рұқсат беруін сұрап, өтініш жазды. Алайда 18 қыркүйекте Мұхтар Жәкішевтің анасы қайтыс болды. Кейін қаралы хабарды естіген Мұхтар Жәкішев анасын соңғы сапарға шығарып салуды сұрап, өтініш жазды. Бірақ оған мұндай мүмкіндік берілмеді.
Пікір қалдыру