Арыстағы жөндеу жұмыстары 1 айда біткен жоқ Бұған дейін билік 24 маусымда орын алған күшті жарылыстан қатты зақым келген Арыс қаласындағы үйлерді 1 айда жөндеп бітіретінін мәлімдеген, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Арыста 250-ден астам құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатқанын, онда қажетті техниканың бәрі жеткілікті екенін, керек қаражат үкіметтің резервінен толығымен бөлінгенін айтқан болатын. Осы мақсатта Арыста 10 мыңнан астам құрылысшы жұмыс істеп жатқанын, тек қана тұрғын үй емес, бизнес объектілері, әлеуметтік нысандар – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, жолдар, инфрақұрылымы бір айдың ішінде аяқталатынын хабарлаған. Алайда арада 1 айдан астам уақыт өтті. Арыс қаласында тұрғын үйлерді жөндеп бітпек түгілі, кей нысандарда жөндеу жұмыстары басталмаған.
Бұған дейін шілденің 27 күні арыстықтардың арызымен шаһарға арнайы тілші барып, Майлы Қожа көшесіндегі 44 пәтерлі нөмірі 110-үйдің тұрғындары есігі мен терезесі қирап, түсіп қалған пәтерде бір айдан бері тұрып жатқанын көріп қайтқан еді. Ол үйге барғанда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бірде-бір құрылысшыны байқамаған. Ал, Түркістан облысына тиесілі 7 секторда құрылыс жұмыстары қызып жатыр. Бірақ, мұндағы жөндеу жұмыстарының да 1-2 күнде бітпейтінін аңғару қиын емес. Мәселен осында 15 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан "AG эксклюзив" құрылыс компаниясы өкілінің сөзіне сенсек, тек тамыз айының соңына қарай жұмыстардың 90 пайызы бітеді екен.
"15 үйді жөндеп жатырмыз. Оның ішінде 4 үй бұзылып, қайта салынады. Қалған 11 үйді күрделі жөндеуден өткіземіз. Ал қалған 11 үйдің тағы 3 үйі баспаналарын жөндеуге келіспей отыр. Бұзып қайта салдырамыз дейді. Қалған 9 үйді 1 тамызда тапсыруды жоспарлап отырмыз. Барлық жұмыстарды 20 тамызға қарай 100 пайыз болмаса да, 90 пайыз бітіреміз", – деген болатын "AG эксклюзив" компаниясы директорының орынбасары Абжан Батулов.
inbusiness.kz
Пікір қалдыру