Елдегі саяси тұтқын ретінде танылған немесе сол статусқа лайық 28 азаматтың суретін ұстаған 20-дан астам азамат акция кезінде әр тұтқынның "не үшін қудаланғанына" тоқталып, кім екенін айтып отырды. Акцияға қатысушылардың әрқайсысы сөзін бітірген кезде бәрі бірігіп, "Бостандық!" деп айқайлады.
Акция кезінде "Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылға сотталғандардың бірі Арон Атабек, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев, "елде тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп экстремизм бойынша айыпталған көп балалы және жалғызбасты аналар Оксана Шевчук, Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова, "Жиһадшылар ісі" бойынша сотталған Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, кәсіпкер Ескендір Ерімбетов, шымкенттік кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай сияқты ұзын саны 28 саяси тұтқынның аты аталды. Олардың арасында ақпарат құралдарында аттары сирек аталатын журналистер, рэперлер, блогерлер, қарапайым азаматтар болды. Тікелей эфир кезінде соны меңзеген қолданушылардың бірі "Мәссаған, біз білмейтін қаншама адам қамауда" деп жазды.
Жиналғандар шара барысында бұл азаматтардың пікір-көзқарасы үшін қудаланғанын айтып, жазықтан-жазықсыз қамауда отырғанын айтты.
- Өткен ғасырда 38-жылғы қуғын-сүргінге Сталинді кінәладық. Енді қазір кімді кінәлаймыз? Сталин заманы емес деп айтқанмен одан да өтіп кетті, - деді акцияға келгендердің бірі.
Шымкентте де бүгін бір топ азамат саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, қала орталығында акция өткізді.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да осыған ұқсас акциялар өткен. Оларға қатысушылар елдегі саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Мұндай акциялардың соңғы кезде жиі өтуіне жақында соттың Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатпау туралы шешімі түрткі болған.
24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан. Қорғау тарабы денсаулығы әбден нашарлаған Жәкішевті қамаудан босатуға мемлекет алдындағы қарызы кедергі бола алмайтынын айтқан еді.
Өткен жылдың соңында саяси тұтқындар жөніндегі сарапшылар кеңесінің үйлестірушісі Бақытжан Төреғожина 2018 жылғы саяси тұтқындар тізімін негізінен ҚДТ (елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы) идеясы мен Мұхтар Әблязовті (Қазақстан соты 2017 жылы қаржы жымқырды деген айыппен 20 жылға сырттай соттаған, бір ай бұрын 2004 жылы адам өліміне тапсырыс берген деген айыппен сырттай өмір бойына бас бостандығынан айырған) қолдаушылар толықтырғанын айтқан еді. Халықаралық ұйымдар Астананы саяси тұтқындарды босатып, азаптауды тоқтатуға шақырып келеді.
Билік саяси тұтқындар бар екенін мойындамайды. Елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Саяси репрессия құрбандарын еске алу күнінде "азаматтардың құқығы мен еркіндігі қорғалатын Қазақстанда саяси қудалау мен тұтқындар жоқ" деп мәлімдеген.
Пікір қалдыру