Жаңа оқу жылының басталуына да аздаған уақыт қалды. Осыған орай Жамбыл облысының білім ошақтары қыз дайындық жұмыстарын жүргізуде деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Биылғы оқу жылында 442 мектеп білім беру ісіне кіріседі екен. Аталған оқу ордалары 28 мыңнан астам балдырғанды 1 сыныпқа қабылдайды деп күтілуде.
Қазірдің өзінде оқушыларды мектепке қабылдауға арналған eduschool.kz жүйесі арқылы 1 сыныпқа 13 938 электронды өтініш беріліп, 13 512 бала оқу ордаларына қабылданған.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында облыста 5 мектеп пайдалануға берілгелі отыр. Жаңа білім беру мекемелері 1 үшауысымды, 1 апатты жағдайдағы және 3 орын тапшылығы бар мектептің мәселесін толықтай шешпек.
Ал, облыста тіркелген апатты жағдайдағы 3 мектепке облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылысы биыл басталады. 16 мектепті ағымдағы жөндеуден өткізуге 98 миллион теңге бөлініп, жұмыстар толық аяғына жеткен. 7,3 миллиард теңгеге 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның 3-еуіндегі жұмыстар мәресіне жетіп үлгерді. Келесі 3 мектептегі жөндеу жұмыстары айдың аяғына дейін тәмамдалады деп күтілуде. Ал, Шу ауданындағы М.Әуезов мектебінің құрылысы қарашаға дейін жалғасады. Оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін оқушылар бөліп оқытылмақ. Бірде-бір бала оқудан сырт қалмайды.
Сондай-ақ, облыста оқулық жетіспеушілігі мәселесін болдырмаудың жолдары да нақтыланған. Аталмыш мәселе Білім және ғылым министрлігі енгізгелі отырған арнайы жүйе арқылы шешілмек. Нақтысын айтқанда, жаңа жүйе бойынша оқушылар мектеп бағдарламасында пайдаланатын кез келген оқулығын ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтынан жүктеп алып, планшет немесе телефон секілді құрылғыларына жазып ала алады. Осылайша, оқушыларға да, ата-аналар үшін де қажетті кітап әрдайым қолжетімді болмақ. «Жеңіл портфель» жобасы аясында қолға алынған бастама біріншіден, оқушылардың оқулық толған ауыр сөмкелерін тасу машақатынан айырса, екінші тұрғыдан жоғарыда айтқан оқулық жетіспеушілігін сезінбеуіне де жол ашпақ.
Жалпы облыс оқушыларын оқулықпен қамтамасыз етуге облыс әкімдігінен 2,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 1 миллион 300-ден астам кітап сатып алынды. Қазіргі уақытта оның 92 пайызы облысқа жеткізіліп үлгерді. Ал мектептерге барлық оқулықтың 65 пайызы жөнелтілді. Бұл жұмыстар оқу жылының басына дейін толық аяқталады.
Пікір қалдыру