Асқар Мамин: Жұмысшылардың жалақы бойынша құқықтарының кемсітілуіне жол бермеу керек

/image/2019/08/24/crop--4_20_581x774_01_8.jpg

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік өңірлерінің бірі Ақтөбе облысында болып қайтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев бастамашы болған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын, Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың ел өңірлерінің экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қарады. 

Мамин Ақтөбеде

Облыс орталығында Премьер-Министр Ақтөбе ферроқорытпалар зауытына, хром кендерінің сапасы жөнінен әлемдегі ең ірі және қорытпаларды өндіру және жеткізу бойынша екінші орындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ бөлімшесіне барды. Ақтөбе қаласындағы зауыт жыл сайын 440 мыңға жуық тонна өнім шығарады. Асқар Мамин цехтың металдарды байыту және өндіру жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, Хромтау қаласындағы «Восход» кен орнындағы жылына 1 млн тонна кен өндіретін тау-кен байыту кешеніне барды.

Мамин Ақтөбе

ҚР Премьер-Министріне 2019 жылдың басынан бері Ақтөбе облысындағы өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 1 трлн теңгеден асып, 4,9%-ға артқаны туралы баяндалды, соның ішінде хром кенін өндіру 5,7%-ға ұлғайды.

Үкімет басшысы Байғанин және Мұғалжар аудандарында газ өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысты, атап айтқанда, «Газ процессинг компани» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол газ өңдеу зауытына барды. Зауыттарды технологиялық жаңғырту барысына және заманауи цифрлық жобаларды енгізуге көңіл бөлінді.

Мамин

Жаңажол ГӨЗ аумағында Асқар Мамин мемлекеттік органдардың, мұнай-газ секторындағы кәсіпорындардың және кәсіподақтардың басшыларының қатысуымен мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде жұмыстық кеңес өткізді. Талқылау барысында саланы дамытудың өзекті мәселелері, еңбек қатынастарын реттеу, табыс деңгейін арттыру бойынша бастамаларды іске асыру, мамандарды даярлауда жаңа тәсілдерді енгізу арқылы кадрларда қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелері қаралды. 

Үкімет басшысы қазіргі заманғы жағдайларды ескере отырып, еңбек қатынастарын реттеудің қолданыстағы жүйесін түзетуді тапсырды. Асқар Мамин заңнамалық өзгерістерді әзірлеу және енгізу қажеттілігін айтты. Атап айтқанда, жұмысшылардың жалақы бойынша құқықтарының кемсітілуіне жол бермеу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қажет.

Кен орындарындағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды қорғауға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.

Жұмыс сапары аясында Асқар Мамин сонымен қатар ұзындығы 319 шақырым болатын «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)» республикалық автомобиль жолының салыну барысымен, «Ақтөбе қ. оңтүстік айналма жолы» жергілікті маңызы бар автожолының реконструкциясымен танысты, сондай-ақ «IBG Catering» ЖШС жол бойы сервисінің көпфункционалды кешенін аралады.

ҚР Үкіметінің басшысы өңірдегі тұрғын үй мәселелерінің шешілуіне айрықша назар аударды. Асқар Мамин салынып жатқан «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданын аралап көрді, онда биыл жыл соңына дейін 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Көктас-Ақтөбе» құрылысы материалдары зауытына, сондай-ақ «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жобасы – «Глобал Спецодежда» тігін фабрикасына барды.

Жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-Министрі өңірде ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуы бойынша «Ақтөбе ет кластері» ЖШС ет өңдеу комбинаты мен «Айс» ЖШС сүт-тауарлық фермасына барды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар