Димаш Құдайберген Сочиде "Новая волна" жас таланттар конкурсын "Olympic" әнімен ашты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қазақ өнерпазы "Olympico" әнін композитор Игорь Крутойдың сүйемелдеуімен орындады. Сондай-ақ Игорь Крутой академиясының хоры, Сочи симфониялық оркестрі және Сочи қаласының жастар хоры қолдау көрсетті.
Байқау жүргізушісі Андрей Малахов Димашты "Димаш Құдайберген – Ресей, Қытай және әлем эстрадасының жаңа секс-символы", - деп таныстырды.
Конкурстың ашылу салтанатында Димаш Құдайберген тағы бір шығарма – "Mademoiselle Hyde" әнін шырқады.
"Бүгін Сочидегі бүкіл гүл Димаш үшін сатып алынған секілді", - деді жүргізуші гүлдің астында қалған Димашқа қошемет білдіріп.
"Димаш ең мықты, ең үздік, оған тең келер ешкім жоқ. Сен үшін отқа да суға да түсуге дайынбыз, керек десең тыңшы боламыз"- деп жазады әртістің тыңдармандары.
Айта кетейік, "Новая волна" - халықаралық танымал әуендерді орындаушы жас таланттар байқауы. Байқау биыл Сочи қаласында 24-29 тамыз аралығында өтеді. Конкурста әлемнің 13 елінен келген жас әншілер сынға түседі. Димаш Құдайберген конкурс аясында өтетін Игорь Крутойдың мерейтойлық кешінде және байқаудың жабылу салтанатында өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.