Танымал қазақстандық көріпкел, ресейлік «Битва экстрасенов» телешоуының қатысушысы Бақыт Жұматова туралы естуіңіз бар ма? Иә, дәл сол өзі. Көптен бері телеэкрандардан көрінбей кеткен көріпкеліміз көлбеңдеп қайта шықты. Бұл жолы Ол Қазақстандағы демографиялық өсім мен Израиль және Жапониядағы су тасқынын, ИШИМ ұйымының жойылатынын болжады. Бұл туралы «Қамшы» порталы RegTV.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Көріпкелдің айтуынша, ол қандай да бір ақпаратты парралелді әлемнен алады-мыс. Параллелді әлем – түсініксіз болар. Ол мүмкін жындар әлемі болар, әлде... Жә, енді, қазақстандық көріпкелдің еліміздегі және әлемдегі саяси жағдайларға қатысты жасаған болжамдарына тоқтала кетейік.
- Бақыт ханым 2017 жылғы бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесіне қатысты былай депті: «2017 жылы ЭКСПО көрмесі тыныш әрі өте жоғары деңгейде өтеді. Оған ешқандай кедергі көріп отырған жоқпын. Бұл көрме Қазақстанның беделін көтеретін, бүкіл әлемге танытатын болады. Тіпті, көрме аяқталған соң, біздің елде түрлі спорттық олимпиадалар ұйымдастыруға ұсыныстар түседі». Таныс сөздер ме? Иә. ЭКСПО-ның ел тарихындағы маңыздылығы Бақыт ханым айтпаса да біз білетінбіз. Ал олимпиадаға келер болсақ, 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындары мен 2017 жылғы универсиаданы өткізу үшін Қазақстан ХОК-қа ұсыныс жасаған және ең басты үміткерлердің бірі болған. Сондықтан, бұл жерде ешқандай интрига болмайтыны түсінікті.
- Ал Қазақстан, Ресей және Украинаға қатысты көріпкел ханым өзгеше мәлімдеме жасауды жөн көрген екен. «Қазақстанда шетелдік салымшылардың қарасы артады. Тіпті, Ресей мен Украинадан көптеген зауыт, фабрикалар Қазақстанға көшіріледі. Бұл 1941 жылды еске түсіреді. Сондай-ақ, Қазақстанға немістер көптеп келеді»,-дейді.
- Сонымен қатар, Жұматова соңғы уақыттардағы Таяу Шығыс пен Сирияда құрылған Ислам мемлекеті содырларына қатысты да болжам жасаған екен. Оның айтуынша, бұл ұйым көп ұзамай жойылады. «Бұл Әл-Каида емес. Тіпті бұл ешқандай да діни ұйым емес. Бұл арнайы террормен айналысатын құрылым ғана. Олар қай жерде мұнай бар, сол мемлекеттерді сойқан салып, басып алғысы келеді. Мысалы, Ирак, Сирия, ендігі нысан Иран мен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы болуы мүмкін. Олар мемлекетті жаулап алады, мұнайын сатып болып, басқасына ауыз салады. Бар болғаны осы»,-дейді көріпкеліміз. Айтпақшы, балшы ханым ИМ-нің бүкіл әлемге жорығын Наполеон мен Гитлердің әрекетіне теңеп, олардың Қазақстанға да көз алартып отырғанын айтқан. Алайда, 2015-2016 жылдың желтоқсан айларында бұл ұйым бір жолата жойылады дейді. Сондай-ақ, балшы ханым ҚР ҰҚҚ төрағасы Нұртай Әбіқаевтың сөзін мысал ете отырып, ИМ-ді бір ғана адам басқарып отырғанын, ал қалғандары шопанның қойындай артынан еріп жүргендігін айтыпты.
- Ең бастысы Бақыт ханымның болжауынша келешекте бүкіл әлем мемлекеттері топан судын астында қалып, Батыс Сібір мен Қазақстан ғана тасқыннан аман қалады-мыс. Сондықтан, біздің елге жапондар қоныс аударады. Ал Ауғанстан елі жер бетінен жойылып, еурей халқын топан шайып кетеді екен.
- Көріпкел ханымның айтуынша, Қазақстан дамуыдың даңғыл жолына әлде қашан түсіп қойған. «Мен нақты уақытын айта аламын. 2017 жылы Қазақстан АҚШ-пен тең дәрежелес болады»,-дейді Бақыт Жұматова.
Сіз сенерсіз, сенбессіз, бұл өз еркіңізде. Тек, Бақыт ханым айтқандардан шошымаңыз. Ел не демейді... Уақыт көрсетеді, бәрін.
Нұрзат Тоғжан
