Бүгін, 6 шілдеде, қазақстандықтар Астана күнін атап өтуде. Биылғы жылғы елорданың 17 жылдығын мерекелеудің басты тақырыптары мерейтойлық атаулы күндер: Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, ал елорда күнінің басты ұраны – «Ел жүрегі – Астана!».
Атап өтейік, елорда күнін мерекелеуді ресми түрде Астанада 4 шілде күні «Атамекен» этно-мемориалдық кешені алаңында президент Нұрсұлтан Назарбаев бастап берді және онда Мемлекеттік туды көтеру салтанатына қатысып, курсанттарға офицер шендерін тапсырды.
Мереке ауқымында Астанада 6 шілдеде концерттер, мәдени-бұқаралық шаралар, фестивальдар өтеді. Астана күні дәстүрлі түрде мерекелік отшашумен аяқталады, оны қаланың бірнеше жерінен – Есіл өзенінің жағасынан, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы жанынан және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы гүлзардан көруге болады.
Сондай-ақ Астана күніне арналған мерекелік шаралар Қазақстанның барлық аймақтарында өтеді.
Еске сала кетейік, елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімді 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қабылдаған болатын. Елорданы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда болды. ҚР Президентінің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.
Елорда күні 6 шілдеде атап өтіледі және ҚР Парламенті Мәжілісінің бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» 2008 жылғы 25 маусымдағы Қазақстан Республикасының № 47-IV Заңымен белгіленген мемлекеттік мереке болып табылады. Бұл мерекенің халық үшін тарихи-мәдени маңызы зор және Қазақстан Республикасының жетістіктерін бейнелейді.
Мемлекеттік деңгейде Астана күні 2009 жылдан бері аталып өтілуде.
Пікір қалдыру