60 жыл бұрын Алматыға Неру мен Индира Ганди келген

/uploads/thumbnail/20170708182415156_small.jpg

1955 жылдың 16 маусымында Үндістан Премьер-министрі Джавахарлал Неру мен қызы Индира Ганди Алматыға арнайы іс-сапармен келіп, сол кездегі Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевпен кездесті. Одақтың орталығы Мәскеу болған кезде Нерудің Алматыға келуі аса үлкен оқиға саналды. Үндістан Премьер-министрін Алматы халқы зор қошеметпен қарсы алған еді.  Үндістан делегациясы Алматы әуежайына түскен сәтте ұлттық әнұран орындалды.  Одан кейін Джавахарлал Неру қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жоғарғы лауазымды шенеуніктер алдында үндеу жасады.

NERU1

 Нерумен кездесуге Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов сияқты жазушылар, Қаныш Сәтпаев сынды ғалымдар, даңқты әртістер мен мектеп оқушылары қатытсы. Сол сәттегі Индира Ганди мен қазақ бүлдіршіндерінің түскен фотосуреттері мен басқа да тарихи құжаттар Үндістан мен Қазақстанның мемлекеттік мұрағаттарында әлі күнге сақтаулы. Бір фотосуретте Қонаев пен Неру мінген үсті ашық автокөлік қала көшелерімен кетіп бара жатса, енді бірінде екі ел басшылары Алматы тұрғындарының ортасынан көрінеді.

Алпыс жыл бұрын Азиядағы тәуелсіздігін алған елдер арасында ынтымақтастық идеясы тұрақты түрде қалыптаса бастады. 1954 жылы Үндістан мен Қытайдың ұсынған  «Панч шил» (Бейбіт өмір сүру) қағидалары, 1955 жылы тарихи Бандунг конференциясы және Азияда конструктивті ынтымақтастық жүйесін құруды одан әрі жалғастыру сияқты мәселелер Азиядағы тәуелсіз елдер арасындағы ынтымақтастық идеясына ұйытқы болды. «Суық соғыс» аяқталысымен, Азия құрлығындағы ынтымақтастық пен сенім шаралары жүйесін жүзеге асыру жөніндегі бастама Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға өз септігін тигізді.

Азияда өзара іс-қимыл және сенім шаралары мәжілісінің негізін қалаушылардың арасында  Үндістан мен Қазақстан да бар. 1999 жылы  Азияда өзара іс-қимыл  және сенім шаралары ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің қалыптастырған қағидалары 1954 жылы қабылданған «Панч шил» қағидаларымен барабар келетінін атап өту керек.

2005 жылы Қазақстан поштасы Үндістан Премьер-министрі Джавахарлал Неру мен қызы Индира Гандидің Алматыға келгеніне 50 жыл  толуына орай арнайы пошта мөрін басып шығарған болатын.

Шарафат Жылқыбаева

(Деректерді ұсынғаны үшін Қазақстандағы Үндістан елшілігіне алғысымызды білдіреміз)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар