Ағымдағы жылдың наурыз айында Алматы қаласы, Бостандық ауданының ІІБ-на орта жастан асқан жергілікті азаматшадан арыз келіп түскен. Арызда туған қызының кәмелет жасқа толмаған сәбиін қараусыз тастап, өзі ізім-ғайым жоғалып кеткені туралы айтылған. Аталмыш іс бойынша Алматы қалалық криминалды полиция қызметкерлері жедел іздестіру жариялап, көп ұзамай іздеу нысанының қайда жасырынғаны белгілі болған. Бұл туралы «Қамшы» порталы Алматы қ. ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде тасбауыр ананы құқық қорғау қызметкері танып, оны тұтқындамақ болған. Алайда көкек ана қарсылық танытып, полицияға бағынбаған. Осылайша оқиға орнына «Боран» патрульдік полиция қызметкерлері келгенде ғана ызаға булыққан әйел сабасына түскен. Тергеу жұмысы барысында анықталғандай, іздеудегі әйелдің арасында анасымен кикілжің болған екен. Ашуланған әйел бәрін тастап, үйден кетіп қалған. Қазіргі таңда ол үйіне оралмаған. Ал кәмелет жасқа толмаған баласы әлі әжесінің қарауында.
Пікір қалдыру