Елбасының Жарлығымен белгіленген «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында Байзақ аудандық сотының бастамасымен №3 Байзақ колледжінде «Отан отбасынан басталады» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Жиында алғашқы сөзді алған колледж директоры Мұхит Нысанбаев шараның мақсатына тоқталды. Отбасы – шағын мемлекет екендігін, сол мемлекеттің мүшесі саналатын ұрпақтың саналы азамат болып өсуіне ата-ананың қосатын үлесін, отбасы абыройын арттыру, жастарды отбасы құндылықтарын қастерлеуге тәрбиелеудің өзектілігін жеткізді.Аудандық соттың судьясы Ансарбек Назаркулов жиналғандарды қыркүйектің екінші жексенбісі - Отбасы күнімен құттықтап, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуындағы отбасының алар орнын, отбасылық мәдениетті дамытудың маңыздылығын алға тартты. Дәстүрлі қазақ қоғамында ерлі-зайыптылардың ажырасу деректері сирек кездескенін, ал бүгінгі таңда елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп отырғанын, отбасы институтын сақтап қалу мақсатында Жоғарғы Сот ұсынған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында аудандық сотта арнайы ашылған «Отбасылық кабинеттің» рөлін әңгімеледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы, медиатор Серік Балабеков отбасын сақтап қалу үшін ерлі-зайыптылар бірін-бірі құрмет тұтып, пікірлерімен санасуы қажеттігін айтып, білімгерлерге отбасын қадір тұтыңдар деген кеңесін берді. Аудандық медиаторлар мен психологтар қауымдастығының төрайымы Ғайни Көшекбаева отбасы – Отанның тірегі екендігін, ұлттық рухани құндылықтар отбасында ата-ананың тәрбиесімен бала бойына сіңірілетіндігін жеткізді.
«Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады», - деп Елбасы айтқандай, салтанатты жиында колледж білімгерлерінің ата-аналары, «Алтын алқа» иегерлері, сарыкемерлік Назира Мұқажанова мен үлгілілік Айнұр Көпбосыноваға сыйлықтар табысталды. Өздеріне көрсеткен құрметтеріне алғыс білдірген қос ана аталған шараның жеткіншектерге беретін тәрбиесі мол екендігін айтты.
Жалпы отбасылық құндылықтарды ұлықтаған шарада отбасы, ата-ана, Отан, туған жер, жанұя жарасымдылығы туралы әсем әндер шырқалып, шағын көріністер көрсетілді.
Пікір қалдыру