10 күн бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсталғанын растаған Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың денсаулығына байланысты демалыста екені хабарланды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел мәлімдеді.
Әкімдік өкілінің айтуынша, Мәнізоров 30 қыркүйектен бастап еңбекке жарамсыздық қағазын аштырған.
– Ол өткен аптаның дүйсенбісінен бері ауруханада. Жұмысқа қашан шығатыны белгісіз. Қалай денсаулығы дұрысталады, сол кезде жұмысқа шығатын шығар, – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.
Мәнізоровтың ұсталғаны жайлы алғашқы ақпарат 26 қыркүйек күні тараған. 27 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Мәнізоровтың ұсталғанын растаған. Ал 2 қазанда Бектенов журналистерге берген сұқбатында Мәнізоров "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін айтты.
57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биылғы жылдың 10 шілдесінде тағайындалған. Ол оның алдында Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдар аралығында Алатау ауданының әкімі болды.
Пікір қалдыру